Роберт Лаури: «Менің келесі татуировкам – Қазақстан туы»

04.02.2017, 11:30    Оқылғаны: 308
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Бұл ойыншы ел назарын бірден өзіне аударады, мәселе оның экзотикалық сырт пішінінде емес. Бірақ мұны да жоққа шығара алмаймыз, мәселе – оның алаңдағы ойыны мен өнерінде, деңгейінің маздап көзге ұратындығында.

«Астана» клубының америкалық легионері Роберт Лаури бірден Қазақстан жанкүйерлерінің көзайымына айналды. Көңілді, позитивті және адамдармен тез тіл табысып кететін жігіт. Ең бастысы, ВТБ Бірыңғай лигасындағы ең пайдалы да тиімді ойыншыларының бірі, маусымдағы бірінші ойыннан бастап өз әлеуетін іс жүзінде көрсете білді.
 
Өзінің өміріндегі “ессіз” қылығы және алғашқы жалақысын қайда жұмсағаны жайлы, денесіндегі татуировкалары мен спорттық аяқ-киімдерге деген әуестігі туралы, «Астана» командасы мен Боб Марли жайында және басқа да көптеген қызықты жәйттар туралы «Астана» ПБК-ының ойын үйлестірушісі бізге берген эксклюзивті сұхбатында майын тамыза айтып берді.   
 
- Роберт, әуелі өзің туралы, отбасың жайлы айтып берсеңіз… 
- Жасым 29-да, Вашингтонда тудым. Баскетболмен 6 жасымнан бастап шұғылдана бастадым. Екі жоғары білімім бар. Мен университетті «электроника» және «мультимедиа» мамандықтар бойынша бітіріп шықтым. Мұны мақтан тұтамын да, өйткені көптеген кәсіпқой спортшылардың жоғары білімдері жоқ қой. Менің тіпті актерлік шеберлік курстарына барғаным да бар. Оқу оқып жүрген кезімде бұл менің мамандығымның бір бөлігі болатын (күліп). 5-жасар қызым бар, мен оны өте қатты жақсы көремін, әрі сондай сағынып жүрмін. Ол өте ақылды! Өкінішке қарай, мен оны жиі көріп жүрген жоқпын.

- Сіз үшін баскетболдың маңызы қандай? 
- Баскетбол мен үшін – бәрі. Спорт маған бүгінде қолымда бардың бәрін берді. Баскетболдың арқасында мен өзімнің жарымды таптым, көптеген адамдармен кездестім және әр түрлі мәдениетті танып білдім.
 
- Егер баскетбол болмаса, онда немен айналысатын едіңіз? 
- Маған оны елестетудің өзі қиын. Ойыншы ретіндегі карьерамды тәмамдаған соң, жаттықтырушы болғым келеді. Мүмкін тіпті жеке бапкер болатын да шығармын. Әйтеуір баскетбол әлеміне пайдалы боламын деп ойлаймын.
 
- Сіз өте көңілді жігітсіз. Үнемі осылай болуға тырысасыз ба? 
- Ойын алаңында да, оның сыртында да, мен – бір-ақ адаммын. Иә, эмоциялы адаммын. Ашулансам, айналамдағылардың бәрі байқап қояды, ренжісем, ол да білініп қалады, көңілденсем, де бұл да көзге ұрып тұрады. Мен көп уақытымды командамен бірге өткіземін, үнемі жігіттерді жігерлендіріп, көңілдендіріп, шабыттандырып жүруге тырысамын.
 
- Сіздің өрілген шашыңыз – дредтер – бірден көзге түседі. Көптен бері осылай жүрсіз бе?
- 11 жыл бұрын мұндай шаш үлгісі менің ауламда ерекше тренд болатын. Сонда балалардың көбісі шаштарын өріп, дред жасатты. Мен де солай істедім. Маған өзімнің шашым қатты ұнайды, әрі маған жарасады. Америкада таптаурын бар, егер сенің шашың осындай болса, онда сенің гангстер немесе бандит болуың мүмкін, ал бұл жақта, Астанада, керісінше, бәріне ұнайды. Өрілген ұзын шаштарым – бұл енді менің өмірімнің бір бөлігі.
 
- Ол сенің жаттығуыңа, ойнауыңа кедергі келтірмей ме?
- Шашымды жинап қоятын резеңкем бар. Бірақ кейде мен оны ұмытып кетемін, кедергі болғанның көкесі сонда болады. Амалсыз шаштарымды шашыммен байлап қоямын, бірақ бұл сондай ыңғайлы емес.
 
- Мен сіз спорттық аяқ-киімдерге әуес деп естідім. Сол рас па?
- Иә кроссовкаларға өте құштармын. Маған өзгеше болып көрінген ұнайды, мен өзгелер кимейтін, өте ашық түстер мен аяқ-киімдерді жақсы көремін. Мысалы, Америкада бәрінің дерлік Jordan десе естері кетеді, ал мен – жоқ. Мен баска крассовкаларды жақсы көремін. Білесіз бе, өмірдегі менің ең үлкен коллекциям – осы аяқ-киімдер!  
 
- Сонда сіздің коллекцияңызда қанша жұп аяқ-киім бар? 
- 70-100 жұп. Бірақ мен көп беремін (күліп).
 
- Денеңіздегі татуировкаларды байқамау да мүмкін емес. Олардың саны қанша? 
- Әзірше 20 татуировка бар. Бірінші татуды 14 жасымда салдырдым. Мен Құдайға қатты сенетін адаммын, сондықтан бірінші татуировкам «Құдайдан басқа ешкімнен қорықпа» деген дұға сөздерді білдіреді. Арқамды баскетбол татуларымен толтырғанмын, атап айтқанда, өзім баскетбол ойнаған барлық елдер: Италия, Германия, Чехия, Түркия, Грекия, Латвия. Айтпақшы, енді Қазақстан да болады. Мен Қазақстанның туын салдыртып алуға тырысқанмын, бірақ оған көп уақыт қажет болды, сондықтан оны маусымның соңына қалдырдым.
 
- Роберт, қандай өмірлік қағидаларды ұстанасыз? 
- Менің ең басты қағидам – өз ортама қадірлі, адал адам болу. Өзгелерді сыйлап, өзге адамдардың сыйлауына тұрарлықтай болу. Әрине, сүйе білу.
 
- Сіз көпшіліктің ықылас, ілтипатын жақсы көресіз бе? 
- Әрине, елдің назар аударғанын жақсы көремін (күліп). Әрі өзімді көпшілік назар аударуға тұрарлықтай адаммын деп ойлаймын. Үнемі жағымды адам болып көрінуге тырысамын, күліп жүргенді және жеңіске жеткенді ұнатамын, әрі ешқашан шүйіркелесіп-тілдесуден қашпаймын.

- Сіздің хоббиіңіз бар ма? 
- Менің хоббиім – уақытты отбасыммен өткізу және саяхттау.
 
- Ең алғашқы жалақыңызды қайда жұмсағаныңыз есіңізде ме?
- Менің ең алғашқы жалақым тым аз болды, мен оны бірден жұмсап жібердім. Бір бөлігін аяқ-киім алуға жұмсап, қалғанына қыдырдым!
 
- Өз өміріңіздегі ең ессіз қылығыңыз? 
- Бұл желтоқсанда болды. Өзімнің туған күнімде мен парашютпен секірдім. Бұл нағыз ессіздік еді!

- Қандай тағамдарды ұнатасыз? 
- Мен сіздердің жылқының етінен пісіретін ұлттық тағамдарыңыз бар екенін естідім. Міне, дәл соның дәмін татқым келеді. Ал жалпы, маған жапон тағамдары ұнайды. Содан соң аспазшы көз алдыңда отқа қақтап, қандай да бір тағам пісіріп берсе… Бірақ ең жақсы көретін тамағым – soul food. Бұл Америкадағы афроамерикалық-балалардың жақсы көретін – тамағы. Қуырылған тауық еті, ірімшік қосылған кеспе және т.б. Мұндай тамақтарды негізінен менің елімдегі оңтүстік штаттарда дайындайды.
 
- «Астана» командасы жайлы не айтасыз? 
- «Астана» біздің бапкерімізбен бірге маған ұнайды. Мен онымен былтыр да бірге жұмыс жасағанмын, айтқым келетіні, ол – мен осыған дейін бірге жұмыс жасаған жаттықтырушылардың ішіндегі ең үздіктерінің бірі. Ол мені жақсы біледі. Менімен қалай жұмыс жасау керек екендігін де біледі. Ал команда жайлы айтар болсақ, біз бәріміз ағайындылар сияқтымыз. Бізде мен жаман баға беретіндей бірде-бір адам жоқ. Әрине, кез келген ағайындылар арасындағыдай, ұсақ-түйек түсінбеушіліктер де болып тұрады. Кейде мысалы, бір-бірімізге көңіліміз толмай қалады, бірақ біз әрдайым тіл табысып, келісіп әрі қарай жүреміз. Жігітердің бәрі де тырысып, тер төгіп жүр. Бізде беріле салатын адамдар жоқ. Бәріміз де намысқоймыз.   
 
- «Енисей» клубына соңғы шешуші допты салдыңыз, ал ЦСКА командасымен өткен матчта допты тойтарып, данк жасадыңыз. Осындай сәттерде өзіңізді Батыр санайсыз ба, әлде бұл сіздің атқаратын жұмысыңыз ғана ма?
- Егер сіз айтып отырған мезеттерге тоқталар болсақ, допты секіріп оймақтордың үстінен салған сәт, өзім үшін де әдеттен тыс деуге болады. Өйткені, мен бір маусымда допты осылай екі-ақ рет соға аламын. Бойым да сонша биік емес қой, соншалықты биікке де, бұрынғыдай секіре алмаймын. Әрине, осылай доп соққанда, мен өте қатты қуандым. Ал «Енисейге» соққандай допты бұрын да сәтті орындағанмын, болған ондай. Ол әлі мектепте жүрген кезімде болып еді. Сол кездердегі қуанышым мен әсерімді ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Дәл сол сәтте мен туу биікте шарықтап, өзімді керемет сезіндім. Сипаттай алмайтын сезім.


 
- Ертең сіздер «Калев» командасымен кездесесіздер. Дайындық қалай өтіп жатыр?
- Бұл сені не шыңдай түсетін, не морт сындыратын ойын болады. Алдағы матч біздің биылғы маусымдағы болашағымызды шешеді. Мен «Калев» клубының жағдайы бізге қарағанда, сәл жеңілдеу деп ойлаймын. Оның қарапайым ғана себебі, олар маусымның бірінші жартысында азулы командалармен кездесті. Қалай болса да, бұл ойын біз үшін өте маңызды, ал біз осы ойында жеңіске жетуіміз керек!
 
- «Астана» сапында келесі маусымда да қалғыңыз келе ме? 
- Иә, қалғым келеді. Егер бас бапкеріміз «Астанада» қалса, онда менің де қалу мүмкіндігім көбірек (күліп). Маған бұл жерде ұнайды, әрі мен жалақымның өскенін де қалаймын (күліп). Мұнда бәрі де тамаша. Лига, жанкүйерлер, басшылық. Маған аса ұнамайтын бір ғана нәрсе, ол – ауа-райы. Мұнда өте суық.
 
- Менің бір байқағаным, сіз балаларды өте жақсы көреді екенсіз. Ылғи шүйіркелесіп жатасыз…
- Балаларды өте жақсы көремін. Олармен бірге болғанды ұнатамын. Кейде отбасыңмен, достарыңмен, қызыңмен ұрыссып қалатын кездер болады ғой, сондай да балалармен бірге болғанға не жетсін. Олар ағылшынша сөйлей ала ма, жоқ па, онда айырмашылық жоқ. Мен балалардың маған беретін энергетикасын жақсы көремін.
 
- «Астанның» қазіргі жанкүйерлері сізді «қазақстандық Боб Марли», «баскетболдағы Боб Марли» деп атайды. Сіз мұндай теңеулерді бұған дейін естіп көріп пе едіңіз? 
- Иә, Штаттарда менің «Ямайкалық Роб» деген лақап атым бар. Бұл өте тамаша атау (күліп). Мен, әрине, Ямайкадан емеспін, мені жай ғана осылай атайды. Айтпақшы, ғаламторда «Jamaican Rob» деген деректі фильм бар, әрі өзі мен туралы түсірілген. Көбісі мені Боб Марлиге теңеп жатады. Бәрі де шаш үлгіме байланысты. Оқасы жоқ, бәрі дұрыс.
 
 
- Роб, сізге қызықты сұхбатыңыз үшін көп рахмет. Бар ісіңізге сәттілік тілейміз, ерен жеңістеріңіз көп болсын!
- Рахмет!