«Беларусь айдаһары» Астанаға ұшып келеді

03.03.2018, 12:00    Оқылғаны: 601
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Ертең, 4 наурыз күні, елорда баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті ойынын өз алаңында өткізіп, Беларусь Республикасының «Цмоки-Минск» клубын қабылдайды.
 
«Цмоки-Минск» – Беларусь елінің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Минск қаласынан, 2006 жылы құрылған. ВТБ Бірыңғай лигасынан бөлек, Еуропаның FIBA кубогында бақ сынайды.

Жетістіктері:
  • Беларусь Республикасының чемпионы – 2009-2016
  • Беларусь кубогының жеңімпазы – 2010-2016
Өткен кездесулер хроникасы:
Минск қаласының баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында 2010 жылдан бері ойнайды. Қазақстан клубы Минск командасымен алаңда 9 рет кездескен. Оның үшеуінде астаналықтар Беларусь чемпионынан басым түсті. Бірақ биылғы маусымда «Астана» «айдаһарлармен» Минск аренасында кездесіп, 66:75 есебімен жеңілістің кермек дәмін татқан болатын. 

Қазіргі жағдай:
Міне, екі жыл болды, клубты өз елінің отандық маманы Александр Крутиков жаттықтырып жүр. Сонымен қатар, ол Беларусь Республикасының ұлттық құрамасын да баптайды. Команданың көшбасшыларының бірі – америкалық қорғаушы Девон Саддлер. Әрі ол осы елдің азаматтығын алған, Беларусь құрамасының намысын қорғайды. Саддлер ВТБ лигасында команда қоржынына орта есеппен 13 ұпайдан салып жүр. Айта кетуіміз керек, «Цмоки-Минск» баскетболшылары – Беларусь ұлттық құрамасының негізін қалайтын, белді ойыншылары.
 
Турнир кестесі:
«Цмоки-Минск» баскетбол клубы «Астанамен» және Риганың ВЭФ клубымен бір орынды бөлісіп тұр деуге болады. Осы үш команданың ойындары мен жеңістерінің ара қатынасы – бірдей. Бұл әр команда ВТБ лигасының плей-офф сатысына шығу үшін өзара кездесулерде аянбай, бар күш-жігерін салатындығын білдіреді. 
  
«Астана» БК бас бапкері міндетін атқарушы Михаил Карпенконың пікірі:
– Бұл біз үшін өте маңызды матч. «Цмоки-Минск» командасы – плей-офф сатысына шығу үшін, бізбен бір орынға таласып жатқан негізгі бәсекелесіміз. Мұны бәріміз де білеміз, біз де, қарсыласымыз да жақсы түсінеді. Яғни екеуара кездесу шектен тыс шиеленісті болады. Турнир кестесіндегі жағдайымызды біршама түзеп алу үшін олар да, біз де бар күшімізді салып, барлық айла-тәсілдерімізді қолданатын боламыз. Минск командасына келер болсақ, олар да – тура біз сияқты жағдайда. «Цмоки» де өз елінің ұлттық құрамасының негізін қалайтын клуб, сонымен қатар бас бапкері Александр Крутиков те құрама команданы жаттықтырады. Айта кетуіміз керек, Беларусь құрамасы екінші іріктеу сатысындағы ойындарын аса жоғары деңгейде өткізді. Испания құрамасымен тайталасып, жеңілсе де, намысты қолдан берген жоқ. Әрі Еуропаның қазіргі чемпионы Словения құрамасын жеңіп кетті. Сондықтан, эмоциялық тұрғыда Минск ойыншыларының көңілдері көтеріңкі болады. Оның үстіне, команданың көшбасшыларының бірі Девон Саддлер осы елдің азаматтығын алған, ұлттық құрамасы сапында ойнайды. Басқа жағынан, бірдейміз, біздің де, қарсыласымыздың да жеңістеріміздің саны бірдей. Біз бірдей жағдайдамыз, әрине, тек жеңіске жетуге тырысамыз. Бірінші кезекте, бізге олардың көшбасшыларын тұсаулап ұстау керек. Олар – әлгі сол Саддлер, өте тәжірибелі сұрмерген Кудрявцев, Кравиш және Черапович. Мүмкіндігіміз мол және жоғары, егер біз жаттығу жұмыстары кезіндегі өз жоспарларымызды толықтай жүзеге асырып, орындай алсақ, онда жеңіске жете аламыз деп ойлаймын.

Қайда, қашан, нешеде?
Арена: «Сарыарқа» республикалық велотрегі
Уақыт: 18.00 Астана уақыты бойынша
Трансляция: ВТБ Бірыңғай лигасының сайты, «Астана» БК сайты, «QazSport» телеарнасы.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»