«Астана» «Атырау Барыстарынан» үстем түсті

16.02.2018, 10:00    Оқылғаны: 802
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Баскетболдан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында кезекті екі ойын аяқталды. «Астана» екі күн бойы өзінің үйдегі ойындарын өткізетін «Сарыарқа» республикалық велотрегінде «Атырау Барыстары» клубын қабылдады.
 
Естеріңізге сала кетейік, бірінші ойын 72:65 есебімен «Астана» клубының жеңісімен аяқталған болатын. Екінші ойын да ел біріншілігінің турнир кестесіне ешқандай өзгеріс енгізген жоқ. Елорда ұжымы 92:72 есебімен басымдық танытты.

Матч статистикасы: Антон Пономарев – 20 ұпай, Ике Удано – 17 ұпай, Рүстем Мырзағалиев – 15 ұпай және Рустам Ерғали – 11 ұпай.

«Астана» БК бас бапкері міндетін атқарушы Михаил Карпенко өткен екі ойын жайлы өз пікірін білдірді:
– Бірінші кезекте, «Астана» клубының жанкүйерлерін кезекті жеңісімен құттықтаймын. Біз Қазақстан чемпионатындағы жеңістерімізді одан әрі жалғастырып келеміз. Алайда, мен өзіміз көрсеткен ойын сапасына ризамын деп айта алмаймын. Мүмкін, «Зенитті» жеңгеннен кейінгі эмоциялық құлазу әсер еткен де болар, әрі біз психологиялық тұрғыда бірден қалпымызға келіп үлгермедік. Әйтсе де, біз кәсіпқой ойыншылармыз ғой, әрбір ойында барымызды салып, аянбай ойнауымыз керек. Кешегі ойын мейілінше қиындау болды. Біз ойын тізгінін өз қолымызда ұстағанымызбен, ұпай айырмасын соншалықты ұлғайта алмадық. Бүгінгі матчтың екінші жартысында ойын өрнегін өзімізге ыңғайлы қарқында өрбітіп, ұпай айырмасын ұлғайта түсіп, арқаны кеңге салып, жеңіске жеттік. Енді осы ойындарды егжей-тегжей талдаймыз, қателіктерімізді түзеуге тырысамыз және алдағы ойындарға әзірленетін боламыз. Ал ұлттық құрама ойыншылары Әлем чемпионатының іріктеу ойындарына дайындалатын болады.
 

«Астана» келесі ойынын да өз алаңында өткізеді. 27 және 28 ақпан күндері елорда баскетболшылары Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында Қостанайдың «Тобыл» командасын қабылдайды.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»