«Астана» «Барыстардан» бірінші ойында басым түсті

15.02.2018, 10:00    Оқылғаны: 669
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Астанада баскетболдан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында екі ойынның біріншісі өтіп, елорда командасы мен «Атырау Барыстары» клубы кездесті.

Ойынның басы да, толық бірінші кезең сияқты аса тартысты өтті. Ешбір команда намысты қолдан бермей, шабуылда да, шығыршық түбінде де табан тіресе додаға түсті. Шиеленісті өткен бірінші онминтуттық 18:15 есебімен аяқталып, алаң иелері алда тұрды. Екінші кезеңде бәрі де белгілі бола бастады. Қонақтарға шабуылға шығу қиындай түсіп, «Астана» ұпай қорын молайта берді. Сөйтіп, 10 ұпай айырмасымен қара үзді. Екінші кезең аяқталғанда, таблодағы есеп 32:22 болып, елорда клубы ұзап кетті.   

Бұдан кейінгі екі кезең де алаң иелерінің басымдығымен өтті. Атыраулықтар есепті қысқартуға тырысқандарымен, «Астана» көсіле сілтеп, «Барыстардың» әрбір нәтижелі шабуылдарына допты “нысанаға” дәл түсіріп, жауап беріп отырды. Матч 72:65 есебімен аяқталып, елорда клубы Қазақстан чемпионатындағы кезекті жеңісіне қол жеткізді.

Матчтың үздік ойыншысы Ларри Гордон болды. Оның еншісінде – 19 ұпай. Рустам Ерғали команда қоржынына 12 ұпай салды. Ал Анатолий Колесников пен Энтони Клеммонс 11 ұпайдан еншіледі.
 

Бүгін, 15 ақпан күні екі команда арасындағы екінші матч өтеді. Басталуы – сағат 19:00-де, «Сарыарқа» республикалық велотрегі аренасында. Кіру – тегін.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»