«Астананың» «Зениттен» басым түскен ірі жеңісі

11.02.2018, 20:00    Оқылғаны: 679
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Қазақ жерінде ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы ойын аяқталып, «Астана» өз алаңында Санкт-Петербург клубын қабылдап, басым түсті.

Доп ойынға қосылғанда, оны «Зенит» іліп әкетті де, бірден атойлап алға шапты. Бірақ олардың бұл шабуылдары сәтсіз аяқталып, алаң иелері допты қақшып әкетіп, Ике Уданоның орындауындағы әдемі данкпен есеп ашты. Қарсыластар өз қателіктерін бірден түзеп, үш ұпайлық соққымен жауап берді. Бірінші кезең осылай тартысты басталып, ойын қарқыны одан әрі үдей түсті. Ике Удано көпшілікті риза қылып, Джастин Картермен тізе қоса қимылдады. Ойынның 6 минуты өткенде, 13:5 есебімен «Астана» алда тұрды. Карасевтің командасы тайм-аут алып, шара қолдануды ойластырды. Әрі олар үшін мұның пайдасы болды да. Қысқа үзілістен кейін қонақтар алыстан екі соққыны дәл түсіріп, ұпай айырмасын «–3»-ке дейін қысқартты. Бірінші онминуттық 23:21 есебімен аяқталып, «Астана» БК клубы алға шықты.

Екінші кезең біріншісіне қарағанда тым шиеленісті болды. «Астана» шабуылда қателіктер жіберіп, қарсыласы оны ұтымды пайдалана біліп, оңай ұпайлар еншілей бастады. Бірақ осы онминуттықтың екінші жартысында алаң иелері қарқындарын үдетіп, таразы басын теңестірді. Рустам Ерғали командаға аса қажет ұпайларды еншілеп, жанкүйерлерді қуантты. Үлкен үзіліске дейін есеп 44:42 болып, «Астана» алда тұрды. Ойынның үшінші ширек бөлігінде елорда баскетболшылары көсіле шауып, «+10» айырмасымен алға озды. Әрі ұпай айырмасын матч соңына дейін ұлғайта түсті. Матч 87:64 есебімен аяқталып, «Астана» БК жеңіске жетті.

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Астана»: Ике Удано (21+10 рет доп қақшып алды), Энтони Клеммонс (17+5 рет доп қақшып алды), Леонидас Каселакис (16+6 рет доп қақшып алды), Джастин Картер (15);
  • «Зенит»: Кайл Курич (13), Марко Симонович (10)
 
«Астана» БК бас бапкері м.а. Михаил Карпенко:
-  Айта кету керек, матчтың бірінші жартысында ойын тең дәрежеде өрбіді, бұл кездесу нәтижесінде де білініп тұрды. Біз шабуылда жақсы ойнадық, бірақ қорғаныста қателіктер жіберіп алумен болдық. Доптан айырылып қалып, қарсыласымыз оңай жолмен ұпай еншілеп отырды. Әйтсе де, өз мақсатымыздан ауытқымай, ойынға құрған жоспарымызды жүзеге асыра алдық. Кездесудің екінші жартысында ұпай айырмасын ұлғайта түстік, ал матчтың төртінші ширек бөлігінде ойын «тізгінін» өз қолымызда ұстадық. Командаға нәтижелі ойын үшін рахмет, барлық жанкүйерлерімізді ірі жеңісімізбен құттықтаймын.


«Зенит» клубының бас бапкері Василий Карасев: 
- Бұл сапар біз үшін тым ауыр болды – команда Италиядан келген бетте жолға шықты. Ал онда плей-оффқа шығу үшін шүмектетіп тер төккен едік. Бүгінгі матчқа дайындалуға бір күндік қана уақытымыз болды. Команда бар жағынан баяу болды. Біз тіпті жүгірген де жоқпыз, бірге-бір ешкімді алдап өте алмадық, үш ұпайлық соққыларға иек артуға тырысып едік, бірақ көбінесе мүлт кеттік.   

 

«Астана» келесі ойындарын өз алаңында өткізіп, 14 және 15 ақпан күндері елорда баскетболшылары Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында «Атырау Барыстары» клубын қабылдайды

Ал ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы келесі ойынын «Астана» 4 наурыз күні өткізіп, елорда баскетболшылары өз алаңында Беларусь елінің «Цмоки Минск» клубымен додаға түседі.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»