«Астана» Петербордың «Зенитін» қабылдайды  

10.02.2018, 09:00    Оқылғаны: 608
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Жексенбі күні, 11 ақпанда, елорда баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті ойынын өз алаңында өткізіп, Санкт-Петербургтің «Зенит» клубын қабылдайды. 

«Зенит» – Ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Санкт-Петербург қаласынан.

Жетістіктері:
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері – 2015/2016
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2015/2016
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2015/2016

Өткен кездесулер хроникасы:
Санкт-Петербург қаласының баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында 2014 жылдан бері ойнайды. Бірінші жылдан бастап, команда өз жанкүйерлерін таң қалдырудан жалыққан жоқ. «Зениттіктер» 2015/2016 жылдар маусымында өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері атанды. Бұл клубтың ойыншылары Лиганың жыл сайынғы біріншілігінде бірнеше рет өз шептеріндегі үздік ойыншылар болып танылды. «Астананың» «Зенитпен» өткен екеуара кездесулеріне тоқталар болсақ, командалар жеті рет кездесіп, астаналықтар тек бір рет, 2014/2015 жылдар маусымындағы түзде өткен матчта петерборлықтарды тізе бүктірді.       
 
Қазіргі жағдай:
Соңғы төрт маусымда клубты Василий Карасев жаттықтырып жүр. Ол – Ленинград баскетболының түлегі. Дәл осы бапкер 2015/2016 жылы ВТБ Бірыңғай лигасында жыл жаттықтырушысы атанып, командамен қола жүлдеге қол жеткізді. Команданың тіс қаққан көшбасшылары жеткілікті. Мысалы, америкалық шабуылшы Дрю Гордон, ол орта есеппен әр ойында 15,8 ұпай еншілеп, 8,6 рет доп қақшып алып жүр. Айтпақшы, осы ойыншы Жұлдыздар матчындағы слэм-данк бәйгесінде Ике Уданоның бәсекелесі болады. Ресей шабуылшысы Сергей Карасевті де атап өтуге болады. Ол өзіндік ойын өрнегімен, көз тартар өнерімен ерекшеленеді. Карасев орта есеппен бір ойында команда қоржынына 15 ұпайдан салып жүр.      

Турнир кестесі:
«Зенит» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасының турнир кестесінде 11 жеңіс, 2 жеңіліспен төртінші орынды иеленіп тұр. Сондай-ақ EuroCup додасына қатысады, әрі өз тобында екінші орынға орналасқан. Ал «Астана» ВТБ лигасында 11-орында тұр.
 
«Астана» БК бас бапкері міндетін атқарушы Михаил Карпенконың пікірі:
– «Зенит» ойыны үйлескен өте қарымды команда, ВТБ лигасының үздік бес команданың қатарына ілігіп жүргендігі тегін емес. Соңғы кездері табысты ойын өрнегін көрсетіп жүр, осыдан бірнеше күн бұрын ғана Еурокубок додасында плей-офф сатысына шықты. ВТБ лигасында да соңғы ойындарын нәтижелі өткізді, ЦСКА клубын жеңген бір ойынын айтсақ та жеткілікті. Команда шабуылға бейім, олар алаңның екі жағында да, шабуылда да, қорғаныста да аянбайды. Әр шепте бір-біріне бергісіз екі ойыншымен жасақталған азулы ұжым, ойын барысында қарқындарын бәсеңсітпей, құрамына сапырылыстырып отырып, тізгін тартпай ойнайды. Бізге, бірінші кезекте, Кайл Курич және Сергей Карасев секілді мергендеріне айрықша көңіл бөлу қажет. Қазір Евгений Воронов та спорттық бабында, сонымен қатар жаңадан алған ойыншылары Малкольм Гриффин де айылын жияр емес. Десек те, біз тек жеңіске жетуге тырысамыз. Егер «Зенитті» тоқтатсақ, оларды өзімізге ыңғайлы қарқында ойнауға мәжбүрлесек, онда бізде мүмкіндік болады.
 
Қайда, қашан, нешеде?
Арена: «Сарыарқа» республикалық велотрегі
Уақыт: 15.00 Астана уақыты бойынша
Трансляция: ВТБ Бірыңғай лигасының сайты, «Астана» ПБК сайты, «QazSport» телеарнасы (тікелей эфир).


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»