«Астана» оқушыларда қонақта

31.01.2017, 22:00    Оқылғаны: 1239
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Баскетболдан «Астана» балалар академиясының ашылғанына бір айдай ғана уақыт өтті, ал «Назарбаев Университеті» залындағы дайындық топтары түгелдей дерлік толықты. Клуб болса, балаларға арналған баскетбол үйірмелерін көбейту үшін қосымша залдар іздестіріп жүр.

Алғашқылардың бірі болып, игілікті бастаманы Астана қаласы Халықаралық мектебі (НЗМ филиалы) қолдады. Бәрінен де маңыздысы, бұл мектепте қазіргі заман үлгісіне сай спорт зал ғана бар емес. Оқушылардың спортпен айналысуын белсенді түрде қолдап отыратын білім ордасының философиясы да маңызды рөль атқарады. Баскетболмен бірінші рет танысудың ең дұрыс және қарапайым жолы – осы ойынның майталмандарымен додаға түсу, атап айтқанда, «Астана» ПБК ойыншыларымен кездесу. Академияның бас бапкері Деян Парежанин жүздері бал-бұл жанған балалардың ортасында, елорда клубының капитаны Рустам Ерғали және Ко қолдауымен шеберлік сабағын өткізді.


  
Астана қаласы Халықаралық мектебі директорының Ғылыми-зерттеу жөніндегі жұмысының орынбасары Жаңбыржан Сәрсенұлы Бекболатов өз әсерімен бөлісті:
– Бұл шараны ұйымдастыру, яғни елорда баскетбол клубының келуі оқушыларды ынталандыруға ерекше әсер етеді. Олар баскетбол ойнауға, сондай-ақ командалық спорт түрін дамытуға өте қызығып жүр. Біздің мектебіміздің мақсатының бірі – оқушылар арасында салауатты өмір салтын дамыту және насихаттау. Әзірше баскетбол бізде дене шынықтыру сабағында жүргізіледі. Академия ашу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.

«Астана» ПБК Атқарушы директоры Жомарт Әсенханов та осы акция жайлы өз ойын білдірді:
– Біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі, бұл – баскетболды дәріптеу. Академияда біздің тізіміміз үнемі жаңа ниет білдірушілермен толығып отырады. Өкінішке қарай, біздің бір залдағы уақытымыз шектеулі. Сондықтан академиямыздың локациясын кеңейту мүмкіндіктерін іздестіріп жүрміз. Осындай шеберлік сабақтары балалардың да, мектептің өзінің де бізбен одан әрі өзара ынтымақтастықта болуға қызығушылықтарын арттырады деп сенеміз.
 
Осы кездесудегі барлық шаралар аяқталған соң баскетболшылар мен балалар естелікке суретке түсті.


Өз кезегінде «Астана» баскетболшылары балаларды алдағы жексенбі күні Эстонияның «Калев» клубымен өтетін ойындарына шақырды.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»