Саратов «Астананы» қабылдайды

20.01.2018, 09:00    Оқылғаны: 484
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Бүгін, 20 қаңтар күні, елорда баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясында түздегі ойынын өткізіп, Саратовтың «Автодор» клубымен кездеседі. 

Өткен кездесулер хроникасы:
Саратов қаласының баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында 2014 жылдан бері ойнап келеді. ВТБ лигасына қосылғанша, Ресей суперлигасында өнер көрсетіп, бірнеше дүркін жүлдегер және чемпион атанған. «Астана» – «Автодор» арасындағы екеуара кездесулерге келсек, командалар 6 рет кездесіп, оның 4-еуінде Қазақстан командасы жеңіске жеткен.
 
Қазіргі жағдай:
Биылғы маусымда команда тізгінін Италия маманы Андреа Массон қолына алған, бірақ 2017 жылдың қараша айында отбасылық жағдайына байланысты Саратовтан кетіп қалды. Оның орнына көпшілікке танымал Ресей маманы Евгений Пашутин келді. Команданың көшбасшыларының бірі – америкалық орталық шеп ойыншысы Коти Кларк. Ол орта есеппен әр ойында 16 ұпай еншілеп жүр. Сондай-ақ жақында ғана команда сапына алынған шабуылшы Шакил Маккиссик те ұжымды алға сүйреп жүр.
 
Турнир кестесі:
«Автодор» баскетбол клубы дәл қазір ВТБ Бірыңғай лигасында 5 жеңіс, 5 жеңіліспен өзіне жайлы 6-орында орналасқан. Ал елорда клубы 3 жеңіс, 9 жеңіліспен 11-орынға табан тіреп тұр.
 
«Астана» БК бас бапкерінің міндетін атқарушы Михаил Карпенконың пікірі:

– «Автодор» — бұл ВТБ Бірыңғай лигасының орта деңгейлі ұжымдары қатарына күмәнсіз қосуға болатын команда, бұл үнемі плей-офф сатысына шығу мақсатына қол жеткізіп жүрген команда, бұл жыл сайын көпшілікті таңдандырып, аракідік көшбасшылардың өздерін сүріндіріп жүрген команда. Бас бапкері жиі ауысып жүрсе де, «Автодордың» ойын өрнегі өзгермейді, жанкештілікпен жылдам шабуылға иек артып, әдемі ойын үлгісін көрсетіп келеді. Ал тәжірибелі бапкер Евгений Пашутин келгелі команда темірдей қатаң тәртіпке көңіл бөле бастады. Саратов клубының құрамы да деңгейі жоғары ойыншышылармен жасақталған. Бірінші кезекте, біз бұл команданың көшбасшыларына, атап айтқанда Коти Кларк, Шакил Маккиссик, Джастин Робинсон және Артем Клеменко сынды ойыншыларына айрықша көңіл бөлуіміз керек. Біздің мақсатымыз – қарсыласымызды өз қарқынымызға сай ойнауға мәжбүр етіп, қорғаныста қайсарлық танытып, олардың шабуылын тойтару. Егер біз осы ой-мақсатымызды жүзеге асыра алсақ, онда жеңіске жетуге мүмкіндігіміз де болады.
 
Қайда, қашан, нешеде?
Арена: Кристалл СС
Уақыт: 19.00 Астана уақыты бойынша (16:00 Мәскеу уақытымен)
Трансляция: ВТБ Бірыңғай лигасының сайты, «Астана» БК сайты, «QazSport» телеарнасы.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»