«Астана» Рига клубынан басым түсті

15.01.2018, 23:00    Оқылғаны: 557
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Бүгінгі матчты өте маңызды ойындардың бірі болды деуге болады. Екі команда бір-бірімен деңгейлес, әрі екеуі де тек жеңіс үшін бар күш-жігерлерін салды. Қайсысының бағы жанды, оны ойын көрсетті.  
 
Есепті қонақтар ашты. Бірақ алаң иелері көп күттірген жоқ, Ике Удано әдемі соққысымен команда қоржынына екі ұпай салды. Ойынның бірінші бөлігі мейілінше тартысты өтіп, екі команданың да әрбір шабуылы нәтижелі аяқталып отырды. Команданың көшбасшысы Джастин Картер допты доғаның сыртынан лақтырып, соққысының біразын діттеген жеріне дөп түсіріп отырды. Матчтың алғашқы ширек бөлігі шиеленісті өтіп, таразы басы әрбір шабуыл сайын екі жаққа кезек ауып отырды. Әйткенмен, кездесудің бірінші бөлігі 23:19 есебімен аяқталып, «Астана» алға шықты. Екінші онминуттық аса жоғары қарқында басталмады. «Астана» ойыншылары соққыларын шығыршыққа дәл түсіре алмай, мүлт кете бастады. Қонақтар мұны қалт жібермей, допты оп-оңай түсірумен болды. Алайда алаңға Джастин Картер шыққан соң, жағдай өзгерді. «Астана» ұжымдық ойын өрнегін көрсетіп, ұпай айырмасын ұлғайта түсті – 41:30.

Үлкен үзілістен кейін де командалар қарқындарын бәсеңдеткен жоқ. Ойын қыза  түсіп, «Астана» әрбір шабуылын үйлесіммен ұйымдастырып, тізе қоса қимылдап, үшінші онминуттықта да алда болды – 57:49. Үшінші кезең осылай аяқталды. Ал соңғы кезеңде астаналықтар көсіле шауып, қонақтарына ешқандай да мүмкіндік бермеді. Кездесу 67:53 есебімен аяқталып, «Астана» жеңіске жетті.  

Бұл ойында ең көп ұпай еншілеген Джастин Картер болды – 13 ұпай, 5 рет доп қақшып алып, 3 пас берді. Энтони Клеммонс команда қоржынына 14 ұпай салды, Ике Удано мен Ларри Гордон 11 ұпайдан еншіледі.

«Астана» БК бас бапкері м.а. Михаил Карпенко:
— Біз шабуылда мінсіз ойнай алмадық, есесіне қорғаныста өте жақсы ойнадық және құрған жоспарымызды жүзеге асырдық. Қарсыласымыздың 53 ұпай еншілеуіне ғана мүмкіндік бердік. Бұл – жақсы нәтиже. Әрине, шабуылда ширай түсіп, қамшыны басуымыз керек. Бұл менің алғашқы ойыным еді, әрі команда да менің барлық талаптарыма үйренуі керек. Әйтсе де, мен барлық ойыншыларға ризамын. Бұл өте қиын ойын болды. ВЭФ намысты қолдан берген жоқ.


Янис Гайлитис ВЭФ клубының бас бапкері:
— «Астананы» жеңісімен құттықтаймын. Қарсыласымыздың қорғанысын бөле-жара атап өткім келеді. Олар өте мұқият ойнап, шабуылда бізге жылдам қимылдауға мүмкіндік бермеді. Біздің бұдан да көбірек ұпай еншілейтін мүмкіншілігіміз болды, бірақ біз оның бәрін пайдалана алмадық. Кейбір сәттерде қорғаныста өте жақсы ойнағанымызды атап өткім келеді. Алдағы ойындарда бағымыз жанады деп үміттенемін.

«Астана» келесі ойынын түзде өткізіп, елорда баскетболшылары 20 қаңтар күні ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Саратовтың «Автодор» клубымен кездеседі.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»