«Астана» Риганың ВЭФ клубын қабылдайды

14.01.2018, 12:00    Оқылғаны: 509
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева

Ертең, 15 қаңтар күні, елорда баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті матчын өз алаңында өткізіп, «ВЭФ» Рига, Латвия клубымен кездеседі.

Өткен кездесулер хроникасы:
Латвия баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында 2009 жылдан бері ойнап жүр. Осы жылдары команданың көрсеткіші де, клубтың бас бапкері де құбылып тұрды. ВЭФ үшін ең нәтижелі маусым 2012/2013 жылдар болды. Осы маусымда ВЭФ Латвияның 2012 және 2013 жылдардағы чемпионы болды. Мұнымен қоса, ригалықтар Еуропа кубогында TOP-16 құрамына енді. Сонымен қатар, ВТБ лигасында үздік сегіздікке ілігіп, плей-офф сатысына шықты. Сол кезде команданы Литва маманы, 2014-2016 жылдары «Астана» клубының бас бапкері болған Рамунас Бутаутас жаттықтырған болатын.

Ал «Астаны» – ВЭФ арасындағы өзара кездесулерге келер болсақ, екі команда алаңда 12 рет кездесіп, оның төртеуінде Қазақстан клубы жеңіске жетті.

Қазіргі жағдай:
Міне, үш жыл болды, команданы Латвия маманы Янис Гайлитис жаттықтырады. Команда құрамы былтырғымен салыстырғанда, едәуір өзгерді. Көпшілікке танымал латыш ойыншысы, осы елдің ұлттық құрамасының капитаны Янис Блумс ригалықтар сапынан кетіп қалды. Бұл ойыншыны Қазақстан жанкүйерлері де жақсы біледі. Ол 2013/2014 жылдар маусымында «Астана» командасының намысын қорғаған. Ұжымның қазіргі көшбасшысы – америкалық қорғаушы Алекс Перез. Ол орта есеппен әр ойында 12 ұпайдан еншілеп жүр.

Турнир кестесі:
«ВЭФ» баскетбол клубы дәл қазір ВТБ Бірыңғай лигасының турнир кестесінде 1 жеңіс, 8 жеңіліспен соңғы орында тұр. 

«Астана» БК бас бапкерінің міндетін атқарушы Михаил Карпенконың пікірі:
– ВЭФ өз ойын өрнегі қалыптасқан, қарымды команда, шабуылды алаң периметрі бойынша жақсы өрбітеді, үш ұпайлық соққыларды қарша боратады, қорғаныстан шабуылға сауатты түрде көше біледі. Олардың турнир кестесінде соңғы орында тұрғандары, команданың деңгейіне сай келмейді. Мұны олар жақында «Автодор» клубымен өткен ойында да көрсете білді, тек матчтың ең соңында есе жіберіп алды. Бұл командамен ойнау оңай болмайды. Олар да біз сияқты жағдайларын тығырыққа тіреп алды, әйтсе де плей-оффқа ілігу мүмкіндігінен түпкілікті айырылған жоқ. Біздің қазіргі мақсатымыз, өткен ойындардағы жеңілістерімізді ұмытып, өкініш атаулысынан психологиялық тұрғыда арылып, қорғаныста сауатты және тізе қоса қимылдап, шабуылда өз мүмкіндіктерімізді табуға тырысу керек. Өз басым, біз ВЭФ клубын жеңеміз деп ойлаймын, бірақ алаңға шыққан әрбір ойыншыға өзінің күш-жігерін 100 пайыз жұмсау керек болады. Бұл жұмыстарды біз жаттығу кезінде бастап та кеттік.

Қайда, қашан, нешеде?
Арена: «Сарыарқа» республикалық велотрегі
Уақыт: 19.30 Астана уақыты бойынша
Трансляция: ВТБ Бірыңғай лигасының сайты, «Астана» ПБК сайты, «QazSport» телеарнасы.



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»