«Астана» биылғы жылғы соңғы матчта әскерилер клубынан ұтылды

26.12.2017, 10:00    Оқылғаны: 227
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор:
Мәскеудің ЦСКА командасы өз алаңында қазақтың «Астанасынан» басым түсті – 79:63 (21:16, 19:14, 17:18, 22:15).

Джастин Картер бастаған «Астана» ойынның бірінші жартысында азулы ЦСКА клубымен тайталасып бақты. Әйтсе де, әскерилер командасы ширақ қимылдап, негізгі көрсеткіштер бойынша қарсыласынан асып түсті. Атап айтқанда, доп қақшып алу (22-12) және үш ұпайлық соққылар (18-8) жағынан басым түсті. Мәскеуліктер матчтың алғашқы екі ширек бөлігінде 5 ұпайдан артық еншілеп, үзіліске дейін екі таңбалы сан айырмасымен қара үзіп кетті (40:30).

ЦСКА клубының артықшылығы сол, ойынның екінші жартысында қарқынын үдете түсіп, допты өздерінде көп ұстайды. Әлбетте, бұған кез келген команда төтеп бере алмайды. Қызыл-көк жейделілер ойынның үшінші ширек бөлігі аяқталуға айналғанда құйындай орап соқса да, «Астана» дес берген жоқ. Алайда матчтың төртінші ширек бөлігіне Қазақстан клубының күш-қуаты жетпеді. Әскерилер соған дейін айып алаңының ішінде қауіп төндірумен болса, енді допты алыстан лақтыруға көшті (Виталий Фридзон екі рет дөп түсірді). Әрі қонақтарды өздерінің айып алаңына кіргізбей, бекінісін күшейтті. Ойының төртінші ширек бөлігінің бел ортасында алаң иелері «20» ұпай айырмасымен алға шықты. Бұл – ЦСКА енді жеңісті уысынан шығармайды деген сөз.


Бұл әскерилер клубының биылғы маусымдағы 10-ойындағы 10-ыншы жеңісі еді. Мәскеуліктер 100 пайыздық нәтиже көрсетіп, турнир кестесінде жеке-дара көш бастап келеді.  

Көп ұпай жинағандар:
  • ЦСКА: Кори Хиггинс (14), Отелло Хантер (13 + 7 рет доп қақшып алды), Михаил Кулагин (12).
  • «Астана»: Джастин Картер (14 + 5 рет доп қақшып алды), Леонидас Каселакис (12 + 7 рет доп қақшып алды), Малкольм Грант (11).

ЦСКА клубының бас бапкері Димитрис Итудис:
— Бәріңізді Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын, кім бүгін атап өтеді, соларды. Біз бүгін кәсіби міндеттерімізді топтастырып, бәсекеге қабілетті команданы жеңдік. Ойын уақытын мейілінше дұрыс бөліп, өткен матчтарда көп жауапкершілік жүктелген жігіттерімізді, атап айтқанда, Чачо мен Кайлды тынықтырып алуға тырыстық. Әрі осы ойымызды жүзеге асырып, бәрін тиімді қолданып, жеңіске жеттік. Команданы осы жеңісімен құттықтағым келеді. «Астана» қазір ширай түскен. Құрамын жаңа легионермен толықтырды. Өрнекті ойын үлгісін көрсетіп жүр. Алдағы ойындарына табыс тілеймін.      


«Астана» ПБК бас бапкері Константинос Флеваракис:
— Бүгін біз Еуролига көшбасшысымен ойнауға келіп, ойлы да, сайлы ойын үлгісін көрсетуге тырыстық. ЦСКА барлық шепте тәжірибелі ойыншылармен жасақталған. Мәскеуліктерге төтеп беру үшін өте азулы команда болу керек. Біз көп мүмкіндіктерді мүлт жіберіп алдық, өзіміздің оймақторымыздан кері қайтқан доптардың көбісін қағып алуларына бөгет бола алмадық. Әйтсе де, команданың тырысып ойнағаны көңілімнен шықты. Әрі ЦСКА клубының да бізге үлкен құрметпен қарайтындықтары сезілген талпыныстары да ұнады. Бізге деңгейімізді мейілінше көтере түсу үшін барлық күш-жігерімізді салу керек. Бәріңізді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын!


«Астана» келесі ойынын Жаңа жыл мерекелерінен кейін, 6 қаңтар күні өз алаңында өткізіп, ВТБ Бірыңғай лигасы аясында «Нижний Новгород» клубын қабылдайды.