«Астана» «УНИКС» клубын қабылдайды

16.12.2017, 10:00    Оқылғаны: 540
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Мереке күндері, яғни 17 желтоқсанда, елорда баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті ойынын өз алаңында өткізіп, Қазанның «УНИКС» клубымен кездеседі.
 
Өткен кездесулер хроникасы:
Қазан баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында тоғызыншы маусымын өткізіп жүр. Осы уақыт ішінде «УНИКС» ВТБ Бірыңғай лигасының үш дүркін күміс жүлдегері атанды. Сонымен қатар, осы турнирдің қола жүлдесін де иемденді. «Астана» клубымен өткізген екеуара ойындарына тоқталар болсақ, екі команда алаңда 10 рет кездесті. Елорда клубы бір-ақ рет, 2014/2015 жылдар маусымындағы өз алаңында өткен матчта ғана, 87:67 есебімен қазандықтарға қайратын өткізе алды.
 
Қазіргі жағдай:
Қазан клубының жаттықтырушылар штабын «Астана» клубы бас бапкерінің отандасы, грек маманы Димитрис Прифтис басқарады. Айта кетерлігі, Флеваракис осы маманмен АЕК клубында бірге қызмет атқарған. Команданың көшбасшысы, Габон елінің орталық шептегі ойыншысы – Стефан Ласме орта есеппен бір ойында 15 ұпайдан еншілеп жүр. Испания құрамасының ойыншысы Хуакин Коломның Татарстан жанкүйерлерін қуанышқа бөлеп жүргеніне үш маусым болды. Дәл осы ойыншы Қазан клубымен Ресей чемпионатының және ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері атанған.

Турнир кестесі:
«УНИКС» баскетбол клубы 6 жеңіс және 1 жеңіліспен ВТБ Бірыңғай лигасының турнир кестесінде төртінші орынды иемденіп тұр. Ал «Астана» баскетболшылары екі жеңіспен 10-орынға орналасқан. 
 
Бас бапкердің пікірі:

- Өкінішке қарай, бұл матчта алаңға біздің жаңа ойыншымыз Грант шыға алмайды. Әйтсе де, ВТБ Бірыңғай лигасы мен Eurocup додасының ең үздік клубтарымен тартысты да, шиеленісті ойын болады. «УНИКС» клубының құрамында, әр шебінде – тәжірибе мен талантты ұштастырған кілең ығай мен сығайлар. Бізге аянбай, бар күш-жігерімізді салу керек, шабуылда доптан айырылып қалмауға тырысу қажет. Әрі қорғаныста жекелей де, тізе қоса, бірлесе де жанкештілік танытуға тиіспіз, сонда өзімізге сенімді боламыз.     
 
Қайда, қашан, нешеде?
Арена: «Сарыарқа» республикалық велотрегі
Уақыт: 15.00 Астана уақыты бойынша
Трансляция: ВТБ Бірыңғай лигасының сайты, «Астана» ПБК сайты, «QazSport» телеарнасы.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»