«Астана» «Енисейді» етпетінен түсірді

18.11.2017, 19:30    Оқылғаны: 706
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Қазақтың «Астанасы» өз алаңында Красноярскінің «Енисей» клубынан үстем түсті – 92:75 (30:19, 21:16, 26:14, 15:26).

Кездесудің басында-ақ алаң иелері суырылып алға шықты. Әсіресе, Джастин Картер ерекше көзге түсіп, ойынның бірінші ширек бөлігінің ортасына дейін команда қоржынына 10 ұпай салды. Дәл осы ойыншының Сулейман Браймоны қапы қалдырып, сәтті орындаған тамаша данкінен кейін «Астана» екі таңбалы сан айырмасымен алға ұзады – 20:10. Бұдан кейін елордалықтардың басқа легионерлері де команда көшбасшысынан қалыспай, көзге түсе бастады. Леонидас Каселакис бірнеше рет шабуылды сәтті аяқтады (ойынның бірінші жартысында – 15 ұпай). Энтони Клеммонс қонақтардың қорғанысына баса-көктеп кіріп, бұзып өте бастады, ал Ларри Гордон допты алыстан лақтырып, мергендігін паш етті (4-еудің 3-еуін түсірді). Соңғысының үш ұпайлық дуплетінің арқасында «Астана» екінші 10-минуттықтың басында «+20» ұпай айырмасымен қара үзіп кетті – 40:20.

Матчтың екінші ширек бөлігі барысында красноярскіліктер қарқындарын үдетіп, тырысып-тырмысып, есеп айырмасын 13 ұпайға дейін қысқарта алды. Бірақ бұл уақытша ғана «серпіліс» еді. Үшінші 10-минуттықтың басында бәрі де қайтадан өз орнына келді. Қонақтар соққыларын дөп түсіре алмай, доптан жиі айырылып қала бастады. «Астана» болса, олардың бұл қателіктерінің бәрін кәдеге жарата алмады. Әйтсе де, бірнеше пәрменді шабуылдары мен үш ұпайлық соққыларының арқасында сары-көк жейделілер есеп айырмасын «+25» ұпайға дейін ұлғайта түсті – 64:39. Ойынның соңғы ширек бөлігінде сібірліктер қорғаныста мұқият ойнады, бірақ есепті қысқарта алмай қойды. Сөйтіп, «Астана» биылғы маусымдағы екінші жеңісіне қол жеткізді, ал «Енисей» екінші рет қатарынан жеңілістің кермек дәмін татты.


Үздік ойыншы – Леонидас Каселакис. Осы шабуылшы үшін «Енисей» мейілінше қолайлы қарсылас болып тұр. Өткен маусымда грек баскетболшысы Красноярскіде өрнекті ойын үлгісін көрсеткен. Бүгінгі матчты Каселакистің «Астана» сапындағы екі жылда өткізген барлық ойындарының ішіндегі ең нәтижелісі және тәуірі деуге болады. Леонидас лигадағы өзінің жеке рекордтарының бірнешеуін жаңартты: көп ұпай жинады (25), тиімділігін арттырды (28), ойын барысында дәл соққы бағыттады (8), соққыларын дөп түсіру пайызы жоғары болды (66,7%) және үш ұпайлық соққыларының көбісін дәл түсірді (8-дің 5-еуін – 62,5%).

Цифр: 52% (21-ден 11) – «Астана» ойыншылары үш ұпайлық соққыларының көбісін дәл түсіріп, осы мергендіктерінің арқасында жеңіске жетуге сүбелі үлес қосты.

Көп ұпай жинағандар:
  • «Астана»: Леонидас Каселакис (25 + 7 рет доп қақшып алды), Джастин Картер (20), Ларри Гордон (16), Энтони Клеммонс (15 + 6 пас + 3 рет допты қағып әкетті)
  • «Енисей»: Энтони Хиллиард (20), Виталий Лютыч (12).

«Астананың» бас бапкері Костас Флеаваракис: 
— Біз ойынның ширек бөліктерінің үшеуінде өте жақсы ойнадық, шабуылда допты зыр қаққызып, қорғаныста өте сақ ойнадық. Кішігірім ағаттықтарымыз да болды. Мәселен, Джастин Картер ойынды өте жоғары қарқында бастады, бірақ артынан қосалқы құрам орындығына отыруға мәжбүр болды. Алайда, алаңға шыққандар өз мүмкіндіктерін қалт жіберген жоқ. Өз командамды, клубты, барлық қызметкерлеріміз бен жанкүйерлерді осы жеңісімізбен құттықтағым келеді. Алдымызда аздаған үзіліс бар, мұның пайдасы көп болады деп үміттенемін.


«Енисейдің» бас бапкері Олег Окулов: 
— Бірінші кезекте, біз ойынның бірінші ширек бөлігінде табан тіресе додаға түсе алмай ұтылдық. Шабуылды аяқтауда, тағы да өзімізге деген сенімділік жетіспеді. Мұның бәрі қарсыласымыздың алға ұзап кетуіне мүмкіндік берді. Біз қорғанысымызды өзгертік, бірақ бұдан да нәтиже болмады.


«Астана» келесі ойынын да өз алаңында өткізеді, 10 желтоқсан күні елорда баскетболшылары ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Краснодардың «Локомотив» клубын қабылдайды.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»