«Астана» «Енисейді» қабылдайды

17.11.2017, 20:00    Оқылғаны: 499
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Ертең, 18 қарашада, елорда баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы жетінші ойынын өткізіп, «Енисей» (Красноярск) БК қабылдайды. Матч Астана қаласында өтеді.

Ұзаққа созылған түздегі ойындардан кейін, елорда командасы ақыры өз алаңында да ойнайтын болды. Ал мұның көрермендер қолдауымен, команданың өзіне деген сенімдігін арттыра түсері сөзсіз.

Өткен кездесулер хроникасы:
Красноярск командасы да, «Астана» клубы секілді биылғы маусымда ВТБ лигасында жетінші жыл өнер көрсетіп отыр. «Астанамен» өзара ойындарына тоқталар болсақ, өткен 6 маусымда екі ұжым 6 ойын өткізді. Оның екеуінде «Астана» жеңіске жетті. Бұлардың ішінде үйдегі жеңісіміз ұмытылмастай болып есте қалды. Екі овертайм өткізіп, астаналықтар Красноярск клубын 98:97 есебімен ұтқан болатын. Бұл ойында Америка қорғаушысы Роберт Лаури айрықша көзе түсіп, команданың жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосқан.

   
Қазіргі жағдай:
Соңғы үш маусымда команданы Ресей маманы Олег Окулов жаттықтырып жүр. Команданың көшбасшыларының бірі, Нигерия шабуылшысы Сулейман Браймо биылғы маусымда «Енисейдің» ең тиімді және көп ұпай жинаған ойыншларының бірегейі болып, орта есеппен, әр ойында 14 ұпайдан еншілеп келеді. Забиан Дауделл, Энтони Хиллиард және Октавиус Эллис сынды америкалық баскетболшыларынан құрылған екпінді үштігі де нәтижелі ойын өрнегін көрсетіп жүр.


Турнир кестесі:
Красноярск командасы турнир кестесінде 9-орынды иемденіп тұр. Ал елорда баскетбол клубы олардан бір саты төмен орналасқан. Бірақ, бұған қарамастан, «Астананың» өткізген ойындарының пайызы көп.


Бас бапкердің пікірі:
- «Енисейдің» допты дәл түсіре алатын және сауатты қорғана білетін, аса қауіпті ойыншылары жетерлік. Сондықтан бізге 40 минут бойы шектен тыс сақ болу қажет. Біз қазір өз алаңымыздағы ойынды тағатсыз күтіп жүрміз. Әсіресе, Қазақстан ойыншылары мен Каселакис көрермендерге көп үміт артады. Өйткені олар бұл атмосфераны біледі. Әрине, бізге қорғаныста мейілінше мұқият ойнау керек. Әсіресе, қарсыласымыздың әр ойыншысын жекелей тұсаулап ұстауымыз керек. Мен біздің команда қорғаныста үмітті ақтайды деп сенемін.
 
Қайда, қашан, нешеде?
Арена: «Сарыарқа» республикалық велотрегі
Уақыт: 15.00 Астана уақыты бойынша
Трансляция: ВТБ Бірыңғай лигасының сайты, «Астана» ПБК сайты, «QazSport» телеарнасы (14.50-де).


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»