«Астана» Эстонияға аттанды

11.11.2017, 10:00    Оқылғаны: 581
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Ертең, 12 қараша күні, елорда баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы алтыншы ойынын өткізіп, түзде «Калев» (Эстония) клубымен кездеседі.
 
Астаналықтар осыдан бір аптаға жетпес уақыт бұрын, «Парма» клубымен өткен шектен тыс шиеленісті ойында жанкештілік танытып, овертаймда жеңісті жұлып алған болатын. Костас Флеваракистің командасы елордаға келісімен, түзде өтетін кезекті ойынға дайындалды. Енді Эстонияның астанасы Таллинге барады.

Өткен кездесулер хроникасы:
Эстония чемпионы ВТБ лигасында осы дода құрылғаннан бері, яғни 2009 жылдан бастап өнер көрсетіп келеді. Эстондардың әр жылдары нәтижелері де әркелкі, жаттықтырушылары да әртүрлі және жағдайлары да әрқилы болды. Ал «Астанамен» өзара кездесулеріне тоқталар болсақ, Лиганың бұған дейінгі 6 маусымында екеуі 10 рет додаға түсті. Бұлардың 8-і «Астананың» жеңісімен аяқталды. Ал былтыр жерлестеріміз үйде де, түзде де өзекті өртеп, 2 рет ұтылып қалды.


Қазіргі жағдай:
Бұл команданы бірнеше маусым бойы, нақтырақ айтқанда, 2012 жылдан бері эстон маманы Алар Варрак жаттықтырып жүр. Осы уақыт ішінде Варрак таллиндіктермен үш рет өз елінің чемпионы болып, екі мәрте Эстония кубогын жеңіп алды. Биылғы маусымда «Калев» құрамын едәуір күшейтті. Эстония чемпионы серб легионері Бранко Мирковичпен екеуара келісімшартты ұзартты. Ал бұл ойыншы бізге «Цмоки-Минск» клубымен өткен ойындардан таныс, 2013/2014 жылдар маусымында ол аталған команданың көшбасшысы болған. Сонымен қатар, екінші жыл қатарынан команданы Америка шабуылшысы Седрик Симмонс өрге сүйреп жүр. Ол орта есепен әр ойында 12 ұпай еншілеп, 7,6 рет доп қақшып алып, көзге түсіп келеді.

       
Турнир кестесі:
Әр ойыншының жекелей алып қарағандағы ойын өрнектері тәп-тәуір болғанымен, «Калев» Лиганың турнир кестесінде ең соңғы орында тұр. Эстония клубы әзірше бес ойын өткізіп, осының біреуінде жеңіске жете алмады. «Астана» 1-4 нәтижесімен 10-орынға орналасқан.

 
Бас бапкердің пікірі:
-   ВТБ Бірыңғай лигасында, әсіресе түзде, оңай ойын жоқ. Біз мұны жақсы білеміз. Ал «Калевпен» өтетін матч біз үшін сырт алаңдағы бесінші ойын болады. Күш-жігерімізді ойынның басынан аяғына дейін бақылап жұмсау өте маңызды, әрі бұл команданың сұрмергендеріне қарсы шектен тыс сақ ойнау да маңызды болады. Қорғаныста әр ойыншымыз қарсыласымыздың бір баскетболшысын тұсаулап ұстауы керек. Сонымен қатар, өткен ойында байқалғандай, допты дөп түсіру пайызын жақсартуымыз керек. Соңғы ойындардағыдай, мүмкіндіктеріміздің көбірек болуына көңіл бөлеміз.
      
Қайда, қашан, нешеде?
Арена: Kalevi Spordihall
Уақыт: 18.00 Мәскеу уақыты бойынша
Трансляция: ВТБ Бірыңғай лигасының сайты, «Астана» ПБК сайты, «QazSport» телеарнасы (сағат – 20.50).


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»