«Астана» «Парманы» тізерлетті немесе жүректі толқытқан екінші матч

05.11.2017, 23:30    Оқылғаны: 576
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Елорда баскетбол клубы ВТБ лигасының биылғы маусымындағы бірінші жеңісіне қол жеткізді.

Бұл ойын түзде, Пермь қаласында өткен болатын. Ысқырық шалынған бетте екі команда да алға ентелеп, додаға түсті. Есепті алаң иелері ашты. Қазақстаннан келген қонақтар бірден шабуылға шығып, таразы басын теңестірді, әрі айып соққысын қосқанда алға шықты – 2:3. Пермдіктер енді допты үш ұпайлық доғаның сыртынан лақтыра бастады. Тіпті нәтижесіз болған да жоқ. Бірақ олардың әрбір шабуылына астаналықтар да тура солай жауап қатып отырды. Мәселен, Ларри Гордон бірінші кезеңде екі рет 3-ұпайлық соққысын дөп түсірді. Ойын барысына қарап, «бірінші кезең аңдысумен өтті» деп айту қиын, керісінше, екі команда да ауыр артеллерияларын түгелдей іске қосты. Матчтың бірінші кезеңі 13:22 есебімен, яғни «Астананың» жеңісімен аяқталды. Екінші 10-минуттықта ойын тура осы сценарий бойынша өрбіді. Пермдіктер есепті бес ұпайға дейін ғана қысқартып отырды. Осы ретте атап өтуіміз керек, «Астана» айып соқыларынан да, алыс доға сыртынан да допты көбіне оймақторға дөп түсіріп отырды. Мүлт кеткен сәттері – тым аз. Костас Флеваракис шәкірттерінің ұжымдық ойын үлгісін жетілдіре түскендері сезіліп тұрды. Осылай, үлкен үзіліске шыққанда, есеп 32:44 болды, алда – «Астана».

Үшінші кезең өте шиеленісті өтті. «Парма» командалық әрекетерімен және жанкүйерлерінің қолдауымен есепті теңестірді де, әйтсе де, бұл кезеңнен кейін де «Астана» алда тұрды (59-60). Бірақ осы 10-минуттықта алаң иелері басым түсті (27:16). Ойынның соңғы бөлігі екі команданы да қобалжытып, жандарын мұрындарының ұштарына келтіріп, шектен тыс тартысты өтті. Екеуінің де ұтылғысы келмейді. Сөйтіп ойын овертаймға ұласты (78:78).

Сөйтіп, ойын тағдыры овертаймда шешілді. Командалар титықтап шаршаған, сондықтан қателіктер жиілей бастады. Қосымша уақыттың бес минуты бітпей қойды. Десек те, осы қысқа уақыт ішінде қай команданың қарымды екені белгілі болды. Әрине, екеуінің де жеңіске деген жігерлері жоғары еді. Әйтсе де, астаналықтардың құлшыныстары жоғары болып, бақтары жанды. Кездесу 84:90 есебімен аяқталып, Қазақстан командасы биылғы маусымдағы бірінші жеңісіне қол жеткізді. Жаттықтырушылар құрамы мен команданы осы жетістіктерімен құттықтаймыз.   


Ең көп ұпай жинағандар:
  • «Парма»: Фрэнк Гейнс (25), Коди Миллер-Макинтайр (14 + 8 пас), Тре МакЛин (13 + 9 рет доп қақшып алды), Яник Морейра (12 + 12 рет доп қақшып алды).
  • «Астана»: Джастин Картер (26 + 5 пас), Ларри Гордон (22 + 5 рет доп қақшып алды), Ике Удано (16 + 13 рет доп қақшып алды + 3 рет допты қағып әкетті), Хордур Вильхальмссон (10)

«Парманың» бас бапкері Николайс Мазурс: 
— Қысқа қайырайын: ойынның әрбір сәтінде, көрінісінде бізге сәл-пәл ғана мүмкіндік жетіспеді. Мұның бәрі қосыла келе маңызды рөль атқарды. Матчтың басында ойыншылардың бәрі өздеріне сенімді болмай, бірнеше рет өрескел қателіктер жіберуімізге апарып соқты. Бұл біздің ойын өрнегімізге әсер етті, шатастырды да, бірақ жігіттер аянған жоқ, соңына дейін, соңғы сәтке дейін тайталасып бақты. Дамыл тапай қолдап, демеп отырған және ойынды мейілінше қыздырып жіберген жанкүйерлерге көп-көп рахмет.

«Астананың» бас бапкері Костас Флеваракис: 
— Бұл өте тартысты және қызықты ойын болды. Екі команданың да иығынан басып тұрған жүгі ауыр еді. Бұған дейін біз «Химкиге» қарсы өте жақсы ойнадық – жеңіске лайық екенімізді сезіндік, бірақ фортуна бізден теріс айналды. Осы жерден бастап жеңіске жетуіміз керек екенін жете түсіндік. Бізде ұжымдық ойын өрнегі бірте-бірте жетіліп келеді, бұған қуаныштымыз. Ал ойын жайлы айтар болсақ, әліде  тер төгуіміз керек, мәселен, айып соққыларын мүлтіксіз орындауды жетілдіре түсу қажет. Егер осындай шиеленісті ойындарда жеңіске жеткіміз келсе, онда допты сызық бойынан дөп түсіру пайызымыз 70-тен жоғары болуы керек. Әйтсе де, мен қуаныштымын, жеңіске жеттік, осы жетістігімізбен командамды құттықтаймын!

        
«Астана» келесі ойынын алдағы демалыста өткізеді. 12 қараша күні Эстонияға барып, онда жергілікті «Калев» клубымен кездеседі.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»