Жеңіске бір сүйем жетпедік

31.10.2017, 09:00    Оқылғаны: 555
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
«Астана» Мәскеу облысына толық құрамда бара алмады. Соңғы жаттығу кезінде Александр Жигулин мен Денис Дегтярев жарақаттанып қалып, Астанада қалды. Сонымен қатар, командамен бірге кетсе де, жарақатынан айыға қоймаған Джастин Картер спорттық бабына әлі келмеген еді.
  
Ойын басталған бетте астаналықтар алаң иелерімен тайталасып, дес берген жоқ. Бірінші кезең «Астана» үшін «тербеліс» болғанымен, екінші онминуттықта доғаның сыртынан лақтырған соққыларының арқасында біздің команда қарсыласымен теңесіп те қалды. Шабуылдан соң шабуыл, соққыдан соң соққы, Костас Флеваракистің командасы химкиліктердің ізіне түсті. «Астана» 40 минут бойы алаң иелерінің бір секунд та босаңсуларына мүмкіндік бермеді. Соңғы кезеңде «Астана» тіпті суырылып алға да шықты. Әрине, қарсыласын әбден састырды. Екі команда үшін де жүректері толқыған ойын болды. Өкінішке қарай, матч соңында алаң иелерінің жолы болды. Кездесу 72:71 есебімен аяқталды («Химки»).   
 
Ең көп ұпай жинағандар:
  • «Химки»: Алексей Швед (24 + 6 пас), Джеймс Андерсон (11), Томас Робинсон (8 + 6 рет доп қақшып алды).
  • «Астана»: Энтони Клеммонс (16 + 6 рет доп қақшып алды), Джастин Картер (14 + 6 пас), Леонидас Каселакис (12), Ике Удано (10 + 6 рет доп қақшып алды).

«Химки» клубының бас бапкері Георгиос Барцокас:
-
Бүгін бізде дәл қазір командамыздың қандай екендігін түсінетін, әрі олқы тұстарымызға көз жеткізетін, баскетболдың әліппесін талқылайтын, тамаша мүмкіндік болды. Кезекті рет, біз алғашқы жиырма минутта көңілге қонымды ойын үлгісін көрсете алмадық, мен тіпті ойынға деген көзқарасымыз өте нашар болды дер едім. Біз баскетболдағы қорғаныс, өрнекті ойын үлгісі жайлы мүлде ойлаған жоқпыз, шабуылға қажетті табандылықты көрсете алмадық. Сөйтіп, біз «Астанаға», шабуылда төзімділік таныта білетін, өте жанкешті және қажырлы командаға мүмкіндік беріп қойдық. Олар жеңіп те кете жаздады, бірақ ақыр соңында біз жеңіске жеттік, әрі бұған қуануымыз керек. Өйткені әрбір матч маңызды. Шынымды айтсам, мен қазір өте қуаныштымын. Ертең жаттығу кезінде ойыншыларыма біздің бастапқы жиырма минуттағы өнеріміз кішігірім командалардың ойынын еске түсірді деп айтамын.
 
«Астана» клубының бас бапкері Костас Флеваракис:
- Осы матчта бәрі де біздің командамыздың қандай екендігін және «Астана» ойыншыларының қандай қадір-қасиеттері бар екендігін көрді деп ойлаймын. Біз қырық минут бойы ойын тізгінін өз қолымызда ұстадық. Ал қарсыласымыз ВТБ лигасында орта есеппен 98 ұпай еншілейтін команда болатын. Маған «Химки» өте ұнайды. Өкінішке қарай, матч соңында біз өз мүмкіндіктерімізді мүлт жіберіп қойып, айып соққыларын дөп түсіре алмадық. Неге, не болды? Бұл – ойын, барлық түсініктеме – міне осы. Біз өз ойларымызды жүзеге асыра алдық. Тура осы мезетте біз маусым дайындығын өзге командалардан кеш бастағанымызды, себебі Қытайдағы турнирге барғанымызды, одан кейін маңызды бес баскетболшымыздың ойнамағандарын түсіну де қажет. Лигадағы бірінші ойынымыз азулы ЦСКА клубына тап келді. Баскетболдан түйсігі барлар түсінеді: «Астана» қазір қалай ойнап жүр – ғажап, себебі біз осының бәріне қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде қол жеткіздік. Бізге жеңіс керек, тырысып жүрміз, келесі ойындарды күтеміз. Айрықша атап өткім келетіні, бүгін менің ойыншыларым табан тірескен додада аянған жоқ, жеңіске жету мүмкін емес деп ойлаған да жоқ. Ал біздің бүгінгі қарсыласымыз азуы алты қарыс «Химки» болатын, олар Еуролига додасы басталған бетте үш рет жеңіске жетті, бұл команданың азулы екендігін білдіреді.

        
«Астана» келесі ойынын да түзде өткізеді, бірнеше күннен кейін команда Пермь қаласына ұшып барып, 5 қарашада «Парма» клубымен кездеседі.
 


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»