«Астана» Химкиге аттанды

29.10.2017, 10:00    Оқылғаны: 577
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Дүйсенбі күні, 30 қазанда «Астана» ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы төртінші матчын өткізіп, «Химки» (Мәскеу облысы) клубымен кездеседі.

Биылғы ойындар күнтізбесінің түзілуі осылай, «Астана» баскетболшылары маусым басында ылғи түзде ойнап жүр, әрі қарсыластары да Ресей және Еуропа баскетболының ығай мен сығайлары болып тұр.

Өткен кездесулер хроникасы:
«Астана» 6 маусымда «химкиліктермен» 12 рет кездесті, соның 11-інде астаналықтар жеңілістің кермек дәмін татты. Әйтсе де, «Астана» «Химкиді» түзде бір рет сүріндірген, осы лигадағы ең алғашқы 2011/2012 маусымында жеңіске жеткен болатын (84:73).

Командалар арасындағы туыстық:
Екі команданың бас бапкерлері, яғни Костас Флеваракис пен Георгиос Барцокас – бір елдің мамандары. Екеуі де өз елдерінде біраз жыл еңбек етсе де, жұмыс бабымен жолдары түйіспеген. «Астананың» америкалық қорғаушысы Джастин Картер өткен маусымда «сары-көк» жейделілердің құрамында ойнап үлгерді. Джастин Мәскеу түбіндегі клубтың сапында 4 ойын өткізіп, одан кейін Израильдің «Маккаби Кирят-Гат» командасына ауысып кеткен болатын.  

Турнир кестесі:
«Химкиліктердің» жағдайы көш ілгері, 3 ойында 3 рет жеңіске жетіп, турнир кестесінде 3-орында тұр.
«Астананың» көрсеткіші дәл осындай мақтан тұтарлықтай емес, алайда Костас Флеваракистің командасы алғашқы сәтсіздіктеріне жабырқап, ұнжырғалары түсіп жүрген жоқ, жағдайды түзеуге әлі уақыт бар.

Бас бапкердің пікірі: 
«Химки» — ойыншылары тәжірибелі, шабуылшылары ширақ қарымды команда. Өз алаңында жақсы ойнайды, Еуролига аясында өз жерінде үш ойын өткізіп, үшеуінде де жеңіске жетті. ВТБ Бірыңғай лигасында да әлі жеңілген жоқ. «Химкиде» команданың көшбасшысы Алексей Швед қана емес, бәрі де жақсы ойнайды. Нәтижелі ойын өрнегін көрсету үшін бізге олардың жылдам шабуылдарының санын қысқарта түсу қажет, сұрмергендерімен өте сақ ойнау керек. Өзімізге алғы шепте қателеспеуге тырысып, айып алаңы сызығынан допты дөп түсіру қатынасын (пайыздық көрсеткішін) арттыра түсіру керек.   


Қайда, қашан, нешеде?
Арена: «Химки» баскетбол орталығы»
Уақыт
: 19.30 Мәскеу уақыты бойынша
Трансляция: ВТБ Бірыңғай лигасының сайты, «Астана» ПБК сайты, «QazSport» телеарнасы.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»