Беларусь чемпионы «Астанадан» қарымды болып шықты

22.10.2017, 22:00    Оқылғаны: 527
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Елорда баскетболшылары бүгін Минскіде өткен ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы матчта жергілікті «Цмоки-Минск» клубынан айласын асыра алмады – 75:66 (16:24, 23:11, 20:13, 16:18).

Бұл матчта «Астананың» ең үздік ойыншысы, көшбасшысы Джастин Картер ойнаған жоқ. Ол жолға шығарда жарақат алып қалды. Негізгі ойыншының жоқтығы бірден ойын өрнегіне әсер етті. Костас Флеваракистің шәкірттері ойынды өте ширақ бастады. Оған бірінші онминуттықта дәлел бола алады – 16:24 «Астана» алға шықты. Екінші кезеңде алаң иелері қарқындарын үдетіп, допты астаналықтардың оймақторына үш ұпалық аймақтан жаудырта бастады.

Үлкен үзілістен кейін де жағдай өзгерген жоқ, «айдаһарлар» өз жерінде көрермендерінің қолдауымен атойлап, алға шауып, ұпай қорларын молайта берді. Рас, соңғы кезеңде астаналықтар да қарқындарын үдете түсті. Алайда, Энтони Клеммонс пен Антон Пономаревтің алыстан дөп түсірген доптары матч есебіне көп өзгеріс енгізе алмады. Сөйтіп, 75:66 есебімен «Цмоки-Минск» клубы жеңіске жетті.

Ең көп ұпай жинағандар:
  • «Цмоки-Минск»: Александр Семенюк (14 + 5 рет доп қақшып алды), Кристофер Черапович (12), Девон Саддлер (11).
  • «Астана»: Хордур Вильхальмссон (17), Энтони Клеммонс (11), Ике Удано (10 + 6 рет доп қақшып алды).

«Цмоки-Минск» клубының бас бапкері Александр Крутиков:
— Бірінші кезекте, барлық жанкүйерлерімізді бүгінгі жеңісімізбен құттықтағым келеді. Бұл өте маңызды ойын болды, әрі бізге қалайда жеңіске жету керек болатын. Сондықтан матч басында біз біраз қобалжып, қимыл-әрекеттеріміз көңілдегідей болмады деп ойлаймын. Оның үстіне, «Астананың» қайсыбір ойыншыларын тұсаулап ұстай алмадық. Одан кейін тізе қоса қимылдап, шабуылда өзімізге қажетті жылдамдықта ойнап, ұжымдық ойын өрнегін өрбіте алдық. Үлкен үзіліске шыққанша таразы басын өз жағымызға аударып, ойынның екінші бөлігінде басымдық таныттық.


«Астана» ПБК бас бапкері Константинос Флеваракис:
— «Цмоки» – азулы команда, Еурокубоктарда да нәтижелі ойын үлгісін көрсете алды. Біз де өрнекті ойын үлгісін көрсеттік. Бірақ алғашқы 15 минутта ғана. Бұл ойында өте қиын болатынын білген де едік. Өйткені Джастин Картер қатардан шығып қалды. Ал ол команда қоржынына көп ұпай салатын сұрмергеніміз ғана емес болатын. Мысалы, «Зенитпен» өткен соңғы ойында Картер 9 рет доп қақшып алып, 3 нәтижелі пас берген болатын. Сонымен қатар, қарсыласымыз оны тоқтатпақ болып, 9 рет ойын ережесін бұзған еді. Амал не, одан әрі тер төгеміз, қандай команда болғымыз келеді, соған қол жеткіземіз деп ойлаймын.

 
«Астана» келесі ойынын түзде өткізіп, 30 қазан күні ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Мәскеу түбіндегі «Химки» клубымен кездеседі.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»