Петерборды бетке алды

14.10.2017, 15:00    Оқылғаны: 540
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева

Елоданың баскетболкомандасыСанкт-Петербург қаласына аттанып кетті, ертең ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті ойынын жергілікті «Зенит» клубымен өткізеді.

«Зенит» баскетбол командасы 2014 жылы жазда өзі аттас футбол клубы құрылымында департамент болып құрылған. Команданың негізін және бапкерлері құрамын соған дейінгі «Триумф» ұжымының ойыншылары мен жаттықтырушылары құраған. Сонымен қатар, Мәскеу түбіндегі клубтан 2014/2015 жылдар маусымында ВТБ Бірыңғай лигасы мен Еурокубокта бақ сынау құқығы да ауысқан.

Жетістіктері:

  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері – 2015/2016, 2016/2017
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2015/2016, 2016/2017
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2015/2016

Команданы Ресейдің көпшілікке танымал маманы Василий Карасёв жаттықтырады. Ол 2015/2016 жылдар маусымында ВТБ лигасының ең үздік атанған. Биылғы маусымда «Зенит» ВТБ лигасы аясында екі ойын өткізіп үлгерді. Оның біреуінде жеңіске жетіп, енді біреуінде ұтылып қалды. Ал екі команда арасындағы өзара кездесулерге тоқталар болсақ, «Астана» 2014/2015 маусымында «Зенитті» петерборлықтар аренасында 85:88 есебімен тізе бүктіріп, осы жеңісінің арқасында плей-офф сатысына шыққан болатын.

Костас Флеваракис, «Астана» ПБК бас бапкері:
«Зенит» түзде «Парма» және «Гран Канария» клубтарымен екі матч өткізіп, екеуінде де өрнекті ойын үлгісін көрсетті. Шабуылда ерекше көзге түсті. Бізге ойын өрісін жіті бақылап, оймақтор түбінде қайтқан допты қағып алуда есе жібермей, қателікті неғұрлым аз жіберуге тырысу керек. Бұл командада деңгейлері жоғары баскетболшылар өте көп, олар доп лақтыруға шебер, бізге осылардың әрқайсысын көзден таса қылуға болмайды».

Бұл матчтың трансляциясын 15 қазан күні Астана уақытымен 18:15-те «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көруге болады. Сондай-ақ ВТБ Бірыңғай лигасы сайтынан онлайн-режімінде тамашалай аласыздар.
 



«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»