«Астана» маусымашар матчта ЦСКА клубынан ұтылды

09.10.2017, 09:00    Оқылғаны: 25
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Мәскеудің ЦСКА командасы түзде «Астана» клубынан басым түсті – 92:72 (29:15, 30:17, 15:21, 18:19).

ЦСКА бірінші минуттан бастап-ақ атойлап алға шапты. Әскерилер қамшыны басып, 10:0 есебімен алға шықты. Нандо Де Коло бастаған (ойынның бірінші бөлігінде 12 ұпай еншіледі) қонақтар қарқындарын үдетіп, матчтың алғашқы бөлігінің аяқталуына 2 жарым минут қалғанда тым ұзап кетті – 27:7. Ларри Гордон мен Леонидас Каселакистің алыстан дәл түсіген доптары «Астананы» жігерлендіре түскендей болды. Әйтсе де, қонақтар айқын басымдықпен қара үзді (29:15).

Мәскеуліктер сол әлгі Де Колоның бастауымен мұнымен шектелген жоқ. Екінші 10-минуттықта да қарқындарын жоғалтпай, 30:17 есебімен ұпай айырмасын сақтап тұрды. Ал үлкен үзіліске «+27» айырмасымен шықты – ойын тағдырын шешіп те алды.




Ең көп ұпай жинағандар:
  • «Астана»: Джастин Картер (25 + 6 рет доп қақшып алды), Леонидас Каселакис (13 + 6 рет доп қақшып алды), Ике Удано (6 + 11 рет доп қақшып алды).
  • ЦСКА: Нандо Де Коло (24), Уилл Клайберн (20 + 6 рет доп қақшып алды), Серхио Родригес (7 + 6 пас).

«Астаны» ПБК бас бапкері Костас Флеваракис:
- Ойынның басынан бастап, біздің ойын өрнегімізде ақау бар екендігі сезіліп тұрды. Біздің легионерлеріміз «Астана» сапында Азия елдері додасында ойнамағандықтан, командалық ойын өрнегінен шет қалып отырды. ЦСКА секілді азулы командаға қарсы табан тіресе додаға түсіп, намысты қолдан бермеуге тырысқанымыз қуантады. Бізге әлі көп тер төгу керек, біз әлі жетіле түсіп, қарқынымызды үдетеміз.  


ЦСКА БК бас бапкері Димитрис Итудис:
- Команданы екінші жеңісімен құттықтаймын. Маусымды тура осылай бастау – өте тамаша. Бұл ойын осының алдындағы матчқа көп ұқсас болды. Біз тағы да артықшылығымыз бен кемшіліктерімізді көрдік. Біз ойынның бірінші бөлігін өте жоғары қарқында өткізіп, екіншісінде дәл солай ойнай алмадық. Доптан жиі айырылып қалып отырдық. Негізі, өз күш-жігерімізді өлшеп жұмсадық. Ойыншылар үйлесімінің барлық нұсқасын қолданған жоқпыз. Қарқынымызды бәсеңсітіп алғанымызды жуып-шаю үшін ақталып, алыс жолдан келгенімізді көлденең тартуға да болушы еді, бірақ оның қажеті де жоқ. Тек, біз енді нені жетілдіре түсу керек екендігін жақсы білеміз. Барлық ойындарды тұрақты түрде, жоғары деңгейде өткізу маңызды.


«Астана» келесі ойынын түзде өткізіп, ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Санткт-Петербургтің «Зенитімен» кездеседі.