«Астана» жаңа құрамының тұсауын кесті

06.10.2017, 11:42    Оқылғаны: 30
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Арнайы ұйымдастырылған шарада команданың жаңа құрамы таныстырылды. Клуб басшылығы бұған дейін бірнеше жаңа ойыншылармен келісім шартқа отырған болатын. Сонымен қатар, Қазақстан спортшыларының басым бөлігімен еңбек келісімі мерзімдерін ұзартты. Сонымен, 2017/2018 жылдар маусымында «Астана» сапында Рустам Ерғали, Рустам Мырзағалиев, Антон Пономарев, Александр Жигулин, Дмитрий Гаврилов, Максим Марчук, Денис Дегтярев, Вадим Щербак, Анатолий Колесников сынды қазақстандық ойыншылар және Джастин Картер, Ларри Гордон, Ике Удано, Хордур Вильхальмсон, Энтони Клеммонс және Леонидас Каселакис секілді легионерлер өнер көрсетеді.

Клубтың жаттықтырушы құрамы да өзгерді.«Астана» баскетбол клубының басшылығы грек маманы Костас Флеваракисті команданың бас жаттықтырушысы қызметіне тағайындады. Ал оның көмекшілері болып Костас Папазоглу, Костас Масурас және Михаил Карпенко сынды мамандар бекітілді.
Команданың жаңарған құрамын, яғни ойыншылары және жаттықтырушыларын таныстырумен қатар баскетбол клубының алаңға киіп шығатын жаңа киім үлгісінің таныстырылымы да өткізілді.
Маусым алдындағы таныстырылымның негізгі бөлігі аяқталған соң, «Астананың» кәсіпқой баскетболшылары баскетбол академиясының түлектерімен ойнады.

Негізі, «Астана» спортшылары үшін жаңа баскетбол маусымы қыркүйектің ортасында басталып кеткен. Команда 22-30 қыркүйек аралығында Қытайдың Чэньчжоу қаласында (Хунань провинциясында) өткен «Азия чемпиондары кубогы – 2017» ірі құрлықтық баскетбол додасына қатысты. Қазақстан баскетболшылары клубтық Азия чемпионатының жартылай финалына дейін жетіп, осы доданың қола жүлдегері атанды. «Астана» баскетбол клубы – Қазақстан тарихында бірінші рет Азияның мәртебесі бәрінен жоғары клубтық чемпионатында жүлдеге ие болған команда.
Команда Қытайдағы доп додасы қарсаңында Литваға барып, оқу-жаттығу жиынын жүргізді. Маусым дайындығы барысында елордалықтар Литваның алдыңғы лектегі командалармен 6 жолдастық кездесу өткізді.

«Биыл біздің баскетбол командасында өзгеріс көп болды. Өздеріңіз көріп отырғандай, бірнеше шетелдік ойыншылармен келісім шартқа отырдық. Бұл спортшыларды шақырту біздің клубқа тым қымбатқа түскен жоқ. Ал олар өздерінің командаға қаншалықты тиімді болатындықтарын өткен аптада ғана аяқталған, Азия чемпиондары кубогында паш етті. «Астана» Азияның клубтық деңгейдегі ең басты додасында үшінші орынға ие болды. Ал бұл, осы дәстүрлі кубок тарихында Қазақстан клубының тұңғыш рет жүлдеге ілігуімен – қымбат және бағалы. Осылай жігіттеріміз жаңа маусымды өте жоғары нәтижемен бастады. Біз олар бүкіл маусымды осы қарқында өткізеді деп күтеміз. Біздің ойыншыларымыз клубтың бюджетінің қысқартылғанына қарамастан, тағы да жоғары нәтиже көрсетуге болатындығын дәлелдеді. Сіздер білесіздер, «Астана» баскетболшылары – Қазақстан Ұлттық лигасының соңғы чемпионы, Қазақстан кубогының бес дүркін жеңімпазы, сонымен қатар, әрдайым ВТБ Бірыңғай лигасының плей-офф сатысында ойнап келеді. Кәсіпқой баскетболдың Қазақстандағы қарқынды дамуын бақылай отырып, алдағы уақытта команданы күшейту үшін кадрлық спорттық резервті дайындау қажет екендігін түсінеміз. Өздеріңіз білесіздер, біз биыл, жыл басында балаларға арналған баскетбол академиясын аштық. Қазір онда 300-ден астам балалар баскетбол ойнауды үйреніп жүр. Жаттығу жұмыстарын жүргізу үшін Назарбаев Университеті мен «Астана» халықаралық мектебінде екі зал жабдықталған. Онда баскетболды кәсіби тұрғыда үйрету үшін барлық жағдай жасалған.
Біз Қазақстанда баскетболды дамыту және дәріптеу мақсатында біраз жұмыс атқардық. Алда бізді бұдан да жоғары жетістіктер мен жарқын жеңістер тосып тұр. Мен спортшыларымызға биылғы маусымның табысты болуына тілектеспін! – деп жаңа баскетбол маусымының басталуын түйіндеп шықты, Дархан Қалетаев.
«Астана» ПБК бас менеджері Валерий Тихоненко:
«Біздің демеушіміз «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына баскетбол клубына көмек көрсетіп отырғандары үшін айтар алғысым шексіз. Биылғы маусым біз үшін қызық та, қиын болады. Команданың алдына қойылып отырған мақсаттар – жоғары. Мен маусым біз үшін сәтті басталды деп ойлаймын. Азия чемпиондары кубогынан қола жүлде алу – өте жоғары көрсеткіш. Барлық жанкүйерлерге және біз үшін күйзеліп жүрген жанашырларымызға алғыс айтқым келеді.
ВТБ Бірыңғай лигасының жаңа маусымы аясындағы бірінші ойын 8 қазан күні өтеді. «Астана» Лига чемпионы, Мәскеудің ЦСКА командасын өз алаңында қабылдайды.
Айта кету маңызды, 2017/2018 жылдар маусымының басталуы қарсаңында баскетбол клубы билеттендірудің жаңа жүйесін енгізді. Енді «Астана» баскетбол клубының өз алаңындағы ойындарына кіру – ақылы. Билеттердің бағасы 100 теңгеден 500 теңгеге дейінгі аралықта болады. Билеттерді “ticketon.kz” онлайн-платформасында сатып алуға болады.