Димитриос Катсивелис: «Мен армандамаймын, мақсатыма жетуді ойлаймын»

18.01.2017, 13:15    Оқылғаны: 2155
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
«Астана» баскетбол клубының легионері Димитриос Катсивелисті сенімді түрде командадағы ең пайдалы және тиімді ойыншылардың бірі деп айтуға болады. Жеңіл қозғалады, ширақ қимылдайды және ойланып ойнайды.

Грек қорғаушысы Димитриос Катсивелис «Астана» ПБК баспасөз қызметі жариялаған эксклюзивті сұхбатында Астанадағы өмірі мен команда жайлы, баскетболда пір тұтатын ойыншы туралы және жанкүйерлер жайында ой бөлісті.



- Димитриос, әуелі өзің туралы, отбасың жайлы айтып берсеңіз.
- Мен Грекияда тудым. Отбасым шағын ғана. Қарындасым бар, жасы 16-да, әлі мектепте оқиды. Әкем бұрын баскетболшы болған, кейіннен баскетбол командасын жаттықтырды. Алайда бүгінде спорт саласынан кетіп қалған, қазір банкте жұмыс жасайды. Ал жеке өміріме келер болсақ, мен әлі жаспын, үйленуге ерте деп ойлаймын. Бірақ қызым бар (күліп).  
 
- Сонда баскетболға әкеңіз арқылы келген болдыңыз ғой?
- Солай деуге болады. Мен спорттың бірнеше түріне барып көрдім. Футболға да, жеңіл атлетикаға да бардым. Бірақ маған баскетбол бәрінен де қатты ұнады. Мен баскетболмен 6 жасымнан бастап айналыса бастадым.
 
 - Әкеңіз қазір де сіздің «Астана» сапындағы нәтижелеріңізді қадағалап отыратын шығар?
- Иә, әкем қайда ойнасам да, бәрін қалт жібермей қарап отырады. Бірақ ол – өте сирек мақтайтын адам. Негізінен, қандай да бір қателігімді көрсе, бірден байқап қалып, сынайды және ақыл-кеңес беріп отырады.
 
- Ал сіздің өзіңіздің командадағы қазіргі орныңызға және ойыныңызға көңіліңіз тола ма?
- Командадағы қазіргі рөлім өзіме ұнайды. Қазір ойын үйлестіруші болып та, шабуылшы болып та ойнаймын. Мен алаңның қай шебі болсын, серіктеріме оңтайлы мүмкіндік жасап берсем, не болмаса, шабуыл ұйымдастырып, кейде өзім алға ентелеп, ойын өрнегін өрбітіп отырсам, өзімді жақсы сезінемін.
 
- Командадағы қарым-қатынастарыңыз қандай?
- Маған біздің командадағы сыйластық ұнайды. Әрине, мен Леонидас Каселакиспен көп араласамын, өйткені біз екеуміз бір-бірімізді 13 жыл білеміз. Бірге ойнағанбыз. Әйтсе де, командадағы кезкелген серіктеріммен ара қатынасым жақсы. Олар менің келгеніме қуанышты болды. Мен командаға ең соңғы келген ойыншымын. Соған қарамай, олар мені жылы қабылдады. Қазіргі біздің ұжымымыз өте тату.
 
- Сұрамай кете алмаймын, қазақтың ұлттық тағамдарын жеп көрдіңіз бе?
- Жоқ, жергілікті ұлттық тағамдардың дәмін әлі татып көрген жоқпын (күліп).
 
- Қала қалай екен?
- Маған Астана қатты ұнайды. Нағыз қазіргі заманның қаласы. Әрине, ауа-рай мен ойлағаннан да суық екен. Қанша айтқанмен, мен Грекияданмын ғой, ал бізде өте жылы (күліп). Мұнда мен үшін суықтау. Бірақ, маған бәрібір бұл жерде ұнайды. Өзім үйреніп қалған бір-екі жер бар, олардың тамақтары да, қызмет көрсетулері де және атмосферасы да – жақсы.


 
- Сіз Еуролига чемпионысыз. Бұл сіздің ең жоғарғы жетістігіңіз бе, әлде әлі де көз тіккен биіктеріңіз бар ма?
- Біздің «Олимпиакос» командасы Еуролигада топ жарғанда, мен тым жас едім. Әрі сол жеңісімізге сүбелі үлес қоса алмадым, ол кезде оған мүмкіндігім де болмады. Қазір, әрине, менің ойыным Еуролига деңгейінде емес. Әйтсе де, мен сол деңгейге жетіп, сол үшін бар күш-жігерімді салып, Еуролиганы тағы да бір жеңіп алғым келеді. Мүмкін, менің мақсатым да осы болар, мен соған жетуге тырысуым керек.
 
 - Грекияда футбол болсын, баскетбол болсын, жанкүйерлері – ерекше. Қиқу салып, ерекше күйге түсіреді. Мұнда тура сондай емес екендігі түсінікті. Бідің жанкүйерлерімізге не айтар едіңіз?
- Мен Қазақстан және Грекия жанкүйерлерінің мәдениеті әртүрлі деп ойлаймын. Мұнда мейілінше табиғи құбылыс деп санаймын. Жанкүйерлер ойынды қарап отырады, одан ләззат алады және өздерінің сүйікті командасына қолдау көрсетеді. Жанкүйерлерге не айта аламын? Біз бұл маусымда тәп-тәуір өнер көрсетіп келеміз, біз сіздердің демеп-жебеп отыруларыңызға лайықпыз. Егер сіздерге біздің қалай ойнайтынымыз ұнаса, кезекті матчтарымызға келіп, біздің ойындарымызды көзбе-көз тамашалағандарыңыз дұрыс болар еді.
 
- Баскетболда кімді пір тұтасыз?
- Маған Расселл Уэстбруктің ойыны ұнайды, мен оның өнеріне тәнті боламын, ол «Оклахома-Сити» клубында ойнайды. Әсіресе, оның осы маусымдағы адам қызығарлық ойын өрнегі сүйсіндіреді. Оның ойын стилі ұнайды.
 
- Арманыңыз бар ма?
- Мен армандамаймын, алдыма мақсат қойып, соған қол жеткіземін.
 
- Хоббиіңіз?
- Кино көргенді жақсы көремін. Грекияда ылғи кинотеатрға баратынмын. Мұнда оның реті келмей жатыр. Бірақ кейбір фильмдерді үйден көріп жүрмін.
 
- Алдағы сенбі күні «Астана» маңызды ойын өткізеді. Петербордың «Зенитін» қабылдайды. Осы матч туралы не айтасыз?
- Біз «Зениттен», олардың алаңында өзекті өртер жеңіліске ұшырағанымызды ұмытқан жоқпыз. Бәрі де есімізде, ойсырай ұтылдық. Қазіргі бар ойымыз, ойын өрнегімізді қалпына келтіріп, лайықты деңгейде өнер көрсету, әрі әрине жеңіске жеткіміз келеді.
 
- Уақыт бөліп, тілдескеніңізге рахмет. Алдағы матчтарға сәттілік тілейміз.
- Рахмет! Ал біз жанкүйерлерімізді қуанта беруге тырысамыз.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»