Тыныштықты бұзушылар

14.01.2017, 15:50    Оқылғаны: 1326
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Әрбір маусым аралығында Лигадағы ресейлік емес клубтардың бәсекеге қабілетіліктерінің төмен екендігі жайлы сөздерді жиі естуге болады. Алайда жыл сайын алаңдағы тартысты ойындар мұның бәрін орын-орнына қойып келеді. 2014/2015 жылдар маусымында «Астана», «Калев» және ВЭФ турнир кестесінде «Енисей», «Красный Октябрь» және «Красные Крылья» клубтарынан асып түсті. Ал өткен маусымда тыныштықты бұзушы «Нимбурк» болды. Чехия клубы 30 ойынның 16-ысында жеңіске жетіп, «Енисей» және «Красный Октябрь» клубтарын плей-оффтан тыс қалдырды.
  
Биылғы чемпионатта да «шетелдіктердің» беделін жоғары ұстап келе жатқандар бар. Бұл жолы ВЭФ пен «Астана» көпшілік күткендегіден де жоғары деңгейде өнер көрсетіп, плей-оффқа шығуға құқық беретін орындарға жайғасты. Әрі Ресейдің «Автодор» және «Нижний Новгород» клубтарынан біршама ұзап кетті.    

Бұл жерде латыштар мен қазақтардың Лигадағы ресейлік клубтарға есе жібермей келе жатқандарын да айрықша атап өтуге болады. Бүгінге дейін ВЭФ пен «Астана» мұндай ойындарды 50-пайыздық теңгеріммен аяқтады (4 жеңіс және 4 жеңіліс).
  
Қазір осы шетелдік клубтардың плей-офф аймағына сенімді түрде орнығып алғандарына ықпал еткен бірнеше ұқсас деректерді тізіп шықсақ деп едік.

Команда жасақтау

Лигадағы басқа командаларға қарағанда, ВЭФ маусым аралығында құрамын бастан-аяқ өзгертті деуге болады. Былтырғы маусыммен салыстырғанда, командада бір-ақ ойыншы қалды. Ол – орталық шептегі Мартиньш Мейерш. Команда жасақтауда ригалықтар әдеттегідей әрекет етті. Туған елдеріне тәжірибелі ойыншылары оралды (Блумс, Шкеле), мақтауы жетіспей жүрген легионерлерді алды (Ричард, Гадди, Лабуцкас) және талантты латыштарды шақырды (Громовс, Хелманис, Вецвергас).


  
Мұндай орындаушылар жиынтығы көпшілікті бірінші матчта-ақ таң қалдырды, ВЭФ түзде «Химки» клубын тізе бүктірді. Содан бері команда жоғары өрледі де, төмен құлдырады да, бірақ біз латыштардан алға жылжуды байқаймыз. Қазір қара-ақ жейделілер өздерінің ең басты кемшіліктерін түзеумен айналысып жүр. Ол – ауысып ойнайтын баскетболшыларының аздығы. Ригаға Франциядан талантты шабуылшы Марекс Мейерис қайтып келді. Еуропа баскетболының ең басты инсайдері Дэвид Пиктің мәліметтерінше, латыштар қорғаушы-легионер іздеп те жүрген көрінеді.   
 
«Астананың» жағдайы – мүлде басқа. Соңғы екі-үш жылда қазақтар өз құрамдарына әйгілі ойыншыларды тартудан қымсынған жоқ. Алайда Калатес, Кэйнера-Медли және Хэйс сынды мақтаулы жұлдыздар үнемі сенім үдесінен шыға алмады, үмітт ақтамады. Өткен маусым мұндай тәсілдің тиімді емес екендігін түпкілікті көрсетіп берді. Жазда мақтауы жетіспей жүрген, бірақ әлеуеттері жоғары легионерлерді іздестіру басталды.
 
Әзірше бұл стратегия жемісін беріп келеді. Одом, Крубалли, Миллер сынды америкалықтар мен грек Катсивелис команданы алға сүйрей алатын парасатты орындаушылар болып шықты. Әйтсе де, сары-көк жейделілердің биылғы маусымдағы құтты ойыншысы ретінде Роберт Лоуриді сенімді түрде атауға болады. Келбетінің өзі өзгеше, айылын жимайтын, тізгінін тартпайтын қорғаушы команданың көшбасшысына айналып, «Астана» жанкүйерлерінің көзайымына айналды.      



Күнтізбе

Ойындар күнтізбесі де ВЭФ пен «Астананың» оң жамбасына келіп тұр. Қазақстан клубы 11 ойынның 8-ін өз алаңында өткізді. Өз елінде сары-көк жейделілер түздегі ойындарына қарағанда әлдеқайда жақсы ойнайды. Олар бұл үрдісті бұзбай, үйде өткізген ойындарының жартысынан көбінде жеңіске жетті (8-дің 5-еуінде).

Ригалықтар керісінше, әзірше түзде көп ойнап жүр. Бірақ бұл жерде бір «қитұрқы» сыр бар. Латыштар үйдегі 4 ойынының бәрін де негізгі бәсекелестерімен өткізді («Цмоки-Минск», «Автодор», «Калев», «Енисей»). Әрі қара-ақ жейделілер олардың бәрін де жеңді. Олар биыл өз алаңында әлі ұтылған жоқ. Әзірше көшбасшылармен тек түзде ойнап келеді. Ал рокировка жүзеге асқанда (көшбасшылар Ригаға келіп, ал бәсекелестері ригалықтарды өз алаңдарында қабылдағанда), Блумске серіктерімен әлдеқайда қиын болады.


 
Еурокубок жүктемелері жоқ

Біздің тыныштықты бұзушыларымызға ортақ тағы бір ұқсастық биылғы маусымда олардың Еурокубоктарға қатыспайтындығы болып отыр. Иә, олар ВТБ лигасымен бірге өздерінің ұлттық чемпионаттарында бақ сынайды. Бірақ мұнда көптеген шарттылықтар бар. Латвия чемпионаты, мысалы, автобустық режімде өтеді. Әрлі-бері барып-келуге көп уақыт та, күш-жігер де кетпейді. Ал Қазақстанда чемпиондық атақты бар болғаны үш-ақ команда сарапқа салады. Осының бәрі ВЭФ пен «Астанаға» көптеген бәсекелестеріне қарағанда тиімдірек болып тұр. Ойыншыларының шаршағандарын басуға, қарсыласын зерттеуге және әрбір матчқа дайындалуға уақыттары жеткілікті.
 
Жалпы, «Астана», ВЭФ және «Цмоки-Минск» клубтарының өзгелерге қарағандағы басты ерекшеліктері, дәл осы Еурокубок додаларына қатыспайтындықтары болып отыр. Белорустар да биылғы маусымды жоғары қарқында бастаған. Бірақ Еуропаны түгелдей айналып ұшу басталғанда, «айдаһарлардың» аптықтары су сепкендей басылды. Оларға ұлттық біріншіліктеріндегі жеңілдіктер де көмек бола алар емес. Минскіліктерге өз елдерінде плей-оффқа тікелей жолдама берілген болатын.

Ынталандыру

ВЭФ пен «Астананың» көшбасшылары үшін Лига матчтарында нәтижелі ойын үлгісін көрсету көбінесе жаңа деңгейге көтерілуге болатын тұғыр әспетті болып отыр. Өздерінің барлық қабілеттерін паш ете білсе, оларға Еуропаның азулы командаларынан жақсы ұсыныстар да түседі. Кезінде, дәл осы ВЭФ командасынан Янис Тимма («Зенит»), Франсиско Круз («Фуэнлабрада»), Людвиг Хакансон («Фуэнлабрада»), Анджей Пасечникс («Гран Канария»), Дайрис Бертанс («Дарушафака»), Эрл Роулэнд («Химки») және тағы да басқа көптеген ойыншылар түлеп ұшқан. Олардың әрқайсысы өз карьераларында шабыттана түсіп, жоғары деңгейге көтерілген.



Красноярскінің «Енисей» клубының бас бапкері Олег Окуловтың сөздері бойынша, шетелдік клубтармен кездескенде олардың көшбасшыларының көзге түсуге тырысулары матчтағы ең қауіпті сәттер болып отыр. ЦСКА немесе УНИКС клубтарының қорғанысын бұзып өту әсте оңай емес. Ал турнир кестесіндегі ортаңқол командалармен ойнағанда, болашағын ойлайтын өр баскетболшылар аянбайды. Дәл осы «Енисей» биылғы маусымда көресіні «қазақтардан», яғни Лоури мен Миллерден (екеуі 53 ұпай), сондай-ақ «латыш» Ричардтан (матчтың соңғы ширек бөлігінде 11 ұпай) көрді.

Матч соңында жеңісті жұлып алу
 


ВЭФ пен «Астана» – шиеленісті ойындардың соңында жеңісті жұлып алудан  Лиганың көшбасшылары. Екеуі де үш рет соңғы минуттарда жеңіске жетті. Ригалықтардың «құрбаны» «Химки» (76:73), «Цмоки-Минск» (88:85) және «Енисей» (84:81) болды. Қазақтар «Автодор» (83:78), ВЭФ (66:64) және «Енисей» (98:97) клубтарын сан соқтырып, өзектерін өртеді.

Мұндай сәттерде команданың асығының алшысынан түсуіне көптеген жағдайлар септігін тигізеді. Шеберлік, ойыншыларының тың болуы, шабыттану және жанкүйерлердің қызу қолдауы (бұл жеңістердің көбісіне өз алаңдарындағы ойында қол жеткізілген) бәрі-бәрі шешуші сәтте ойыншының таңғаларлық ерлік, құралайды көзге атқан мергендік танытуына ықпал етеді. Кейбір сәттерде тіпті жолдары болып, бақтары жанып жүр. Бұл жерде «Астана» қорғаушысы Роберт Лоуридің «Енисеймен» өткен ойындағы ғажайып соққысын есімізге түсірсек те жеткілікті.
 

«Астана» мен ВЭФ биылғы чемпионатты өте тамаша бастады. Бірақ оларға босаңсуға болмайды, әлі ерте. Екі команданың алдында ұзақ жол, жауапты ойындар бар. Екінші айналым олардың төзімділіктері мен табандылықтары таразыға тартылатын нағыз сынақ болады. «Астанаға» көп ұшу керек болады, ал Ригаға Лиганың азулы клубтары келеді. Осы сынақтар бізге бұл екі команда плей-офқа лайық па, жоқ па, соны анықтап береді.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»