Баскетболдан «Астана» балалар академиясы есігін айқара ашты

12.01.2017, 21:30    Оқылғаны: 1767
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
12 қаңтар күні елордада «Астана» Президентік клубы кәсіпқой командасының іргесінен, «Назарбаев Университеті» базасында, баскетболдан өзі аттас балалар академиясы ресми түрде ашылды. Ашылу салтанаты рәсіміне Парламент Сенатының депутаты Д.А.Қалетаев, «Астана» Президенттік клубының Атқарушы директоры А.Қ.Күлшіков, «Назарбаев Университетінің» Атқарушы вице-президенті М.Т.Мамашев, Спорт және дене шынықтыру істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары С.М.Жарасбаев, «Астана» БК Бас менеджері, Олимпиада чемпионы В.А.Тихоненко қатысты.


 
«Бүгін біз үлкен оқиғаның куәсі болып отырмыз. «Астана» Президенттік клубы өзінің Академиясын ашып отыр. Бұл – көптен күткен қуанышты күн. Біз бұған тез қол жеткізе салған жоқпыз, күш-жігер де аз жұмсалған жоқ. Бүгінгі біздің игілікті қадамымыздың нәтижесі үлкен спорттық жетістіктер болады деп үміттенемін. Өзіміздің Валерий Тихоненко сияқты Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеп өсіреміз деп сенемін», – деді өз сөзінде Парламент Сенатының депутаты Д.А.Қалетаев.
 
Баскетболдан балалар академиясын ашу ұйымдастырушылардың ойында бірнеше жыл бойы пісіп-жетілген жоба болатын. Енді, міне, 2016 жылы осы жобаны жүзеге асыру барысындағы кешенді жұмыстарды бастаудың сәті түсті. Академияның негізгі мақсаты – елімізде баскетболды дамытуға берік те, баянды база құрып, одан әрі жоғары спорттық білім алуға әсер ету.
 
«Астана» Президенттік клубының Атқарушы директоры Аманбек Күлшіков Академияны құрудағы маңызды рөлді айрықша атап өтті: «Академияда баскетбол өнерінің қыр-сырына қанығатын балалар белгілі бір уақыттан кейін біздің клубымыздың негізгі құрамын толықтыратын болады деп сенемін. Біздің елде “неге Қазақстан клубтары сапында легионерлер көп” деген сауал жиі қойылады. Біз тек балалар баскетболының негізін құйып, іргетасын тұрғызып қана ең жоғарғы жетістіктерге талпына алатын спортшылар тәрбиелеп шығара аламыз. Бұл – біздің осы бағыттағы алғашқы қадамымыз. Әрі жалғасын табады деп ойлаймын. Президенттік клубтың құрамына кіретін басқа да клубтардың Акадамия ашу жайлы мақсаттары бар».
 
Сонымен бірге, бапкерлер құрамына балаларды осы ойын арқылы жан-жақты физикалық және интеллектуалды тұрғыда жетілдіре түсу, оларға көшбасшылық қасиеттерді сіңіру және командада жұмыс істей білуге тәрбиелеу, содан соң, әрине, олардың бос уақыттарын дұрыс қалыптастастыруларына ықпал ету басты мақсат болып табылады. Ал бапкерлер құрамы мейілінше мұқият іріктелінді, негізгі шарттарының бірі орыс тілін білулері болды.


 
Академияның бас бапкері қызметіне серб маманы Деян Парежанин тағайындалды. Ол балалар мен жасөспірімдер дайындау жағынан Еуропадағы ең үздік ұжымдардың бірі «Партизан» баскетбол клубы жүйесінен түлеп ұшқан. Жаттықтырушылық карьерасын толықтай Сербиядағы балалар мен жастар командаларын баптауға арнаған. Оның командалары Еуролигада да ойнаған. Бас бапкердің көмекшілері – Қазақстанның екі жас жаттықтырушысы Исмаил Бимендин мен Антон Кирин. Атап өтерлігі, шетелдік маманды шақырудағы мақсаттардың бірі – оның мол тәжірибесін отандық жаттықтырушыларға сіңіру және Қазақстан баскетболын дәріс беру тұрғысында дамыта түсу. Бүгінгі ашылу салтанаты шарасында ұстаздар бой қыздыру жаттығуларын қалай жасау керек екендігін көрсетті. Содан кейін балалар «Астана» БК кәсіби ойыншыларымен баскетбол ойнады.

«Біздің баскетболымыз үшін бүгінгі күннің қаншалықты маңызды екендігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Біз мұны көптен бері сарыла күттік. Тек «Астана» командасы ғана емес, бүкіл Қазақстан бұл күнді күтті деп ойлаймын. Осындай деңгейдегі, яғни бүгін өзіміз көріп отырған баскетбол Академиясын ашу – бұл, баскетболды болашақпен жалғау. Баскетболды шынайы түрде сүйетін және онымен айналысқысы келетін балалар үшін бұл жерде барлық жағдай жасалған», – деді «Астана» БК Бас менеджері Валерий Тихоненко.   

Айта кетейік, баскетболдан «Астана» балалар академиясы барлық халықаралық талаптарға сай: өте сирек кездесетін кәсіби төсенішпен (бұған ұқсас төсемелер Қазақстанда жоқ) және қажетті керек-жарақтардың бәрімен жабдықталған. Тіпті балаларға арналған спорттық киімдермен де қамтамасыз етіледі.
 
Бүгінгі таңда Академияда арнайы құрастырылған кесте бойынша 8-14 жас аралығындағы 60 шақты бала жаттығып жүр. Жаттығулар таңертең және кешке өтеді.
 


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»