Балаларға арналған баскетбол академиясының ашылу салтанаты

11.01.2017, 10:00    Оқылғаны: 1720
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
12 қаңтар күні елордада «Астана» Президентік клубы кәсіпқой командасының іргесінде өзі аттас, «Назарбаев Университеті» базасындағы балаларға арналған тегін баскетбол академиясының ашылу рәсімі салтанатты түрде өтеді.

Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Д.А.Қалетаев, «Астана» Президенттік клубының Атқарушы директоры А.Қ.Күлшіков, «Астана» БК Бас менеджері, Олимпиада чемпионы В.А.Тихоненко қатысады.
 
Балаларға арналған баскетбол академиясын ашу ұйымдастырушылардың ойында бірнеше жыл бойы пісіп-жетілген болатын. Енді, міне, 2016 жылдың аяғында осы жобаны жүзеге асыру барысындағы кешенді жұмыстарды бастаудың сәті түсті. Академияның негізгі мақсаты елімізде баскетболды дамытуға берік те, баянды база құрып, одан әрі жоғары спорттық білім алуға әсер ету болып табылады. Сонымен қатар, бапкерлер құрамы балаларды жан-жақты физикалық және интеллектуалды тұрғыда жетіле түсуге бар күш-жігерлерін салады.   

Бапкерлер құрамы мейілінше мұқият іріктелініп алынды, негізгі шарттарының бірі орыс тілін білулері болды. Академияның бас бапкері қызметіне серб маманы Деян Парежанин келді. Ол балалар мен жасөспірімдер дайындау жағынан Еуропадағы ең үздік ұжымдардың бірі «Партизан» баскетбол клубы жүйесінен түлеп ұшқан. Жаттықтырушылық карьерасын толықтай Сербиядағы балалар мен жастар командаларын баптауға арнаған. Оның командалары Еуролигада да ойнаған. Бас бапкердің көмекшілері – Қазақстанның екі жас жаттықтырушысы Исмаил Бимендин мен Антон Кирин. Баскетбол академиясы өте сирек кездесетін кәсіби төсенішпен жабдықталған, бұған ұқсас төсемелер Қазақстанда жоқ.
 
Дәл қазіргі уақытта Академияда құрастырылған кесте бойынша 8-14 жас аралығындағы 60 шақты бала жаттығып жүр. Жаттығулар таңертең және кешке өтеді.  

Барлық Астана тұрғындары мен қонақтарын Академияның ашылу салтанатына шақырамыз. Мекен-жайы: «Назарбаев Университеті» (спорттық орталық). Күні: 12 қаңтар. Уақыты: 16.00 сағат. Кіру тегін!


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»