«Астана» үздік алтылыққа жайғаса түсті

08.01.2017, 18:30    Оқылғаны: 979
Дереккөз: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
«Астана» өз алаңында Ресейдің «Нижний Новгород» клубынан басым түсті – 93:84 (31:28, 17:15, 25:20, 20:21).

Алаң иелері ойынның басынан аяғына дейін басымдық танытты. Төрт 10-минуттықтың үшеуінде жеңіске жетті. Тіпті матчтың үшінші ширек бөлігінде ұпай айырмасы екі таңбалы санға да жетті – 73:63. Кездесудің соңғы бөлігінде «Нижний» баскетболшылары ұпай айырмасын қысқартуға тырысты-ақ. Бірақ шабыттанып алған Усман Крубалли қайта-қайта олардың әрекеттерінің бәрін су сепкендей басып отырды. Ал ойының аяқталуына төрт минут қалғанда Антон Пономарев допты оймақторға дөп түсіріп, ұпай айырмасы қонақтар қуып жете алмастай болып алшақтай түсті – 85:70. Сөйтіп, «Астана» жеңіске жетіп, бірінші бестіктегі азулы командалардың өкшелерін басты.

Ең көп ұпай жинағандар:

«Астана»: Роберт Лоури (18), Родерик Одом (15+5 рет доп қақшып алды), Усман Крубалли (14+8 пас), Рустам Мурзагалиев (12), Иан Миллер (10+5 пас)

«Нижний Новгород»: Иван Стребков (20+7 д.қ.а+8 пас), Кенни Бойнтон (15+5 пас), Максим Григорьев (12), Томислав Зубчич (11), Сиим-Сандер Вене (10), Деандре Кейн (10)

«Астана» ПБК бас бапкері Илиас Папатеодору:
– Біріншіден, барлықтарыңызды өткен Жаңа жыл мерекелерімен құттықтаймын! Біз үшін бұл – маңызды жеңіс. «Нижний» бізге Еурокубок аясындағы «Зенитпен» өткізген тамаша ойынынан кейін келді. Әрі «Нижний» – шабуылда өте қарымды. Біз болсақ, 20 күн ешқандай ойын өткізбей, отырып қалдық. Матчтың екінші ширек бөлігінде ойынымыз жүріп, тіпті көсіле шауып, жеңіске жетіп тындық.

«Нижний Новгород» БК бас бапкері Артурс Шталбергс:
– «Астананы» шабуылдағы жақсы ойынымен құттықтаймын. Қарсыласымыз қиын-қыстау сәттерде көп доп соқты, бірақ бұл ақталу емес. «Зенитпен» өткізген ойыннан кейін аптығымыз басылған да сияқты еді, алайда әлі де масаттанып-тоқмейілсіп жүргендейміз… Десек те, біз 10 айып соққысын дөп түсіре алмай, мүлт кетіп, «Астана» оймақтор қалқаны түптерінде үстемдік құрса, бұл біздің бүгінгі ойынға лайықты деңгейде дайын болмай шыққанымызды көрсетеді, тиянақтылық таныта алмадық.


 
«Астана» келесі ойынын да өз алаңында өткізеді. 11 және 12 қаңтар күндері Қазақстан Ұлттық лигасы аясында Ақтаудың «Каспий» командасын қабылдайды.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»