Қытымыр қаңтар. «Астана» алғашқы қонағын қабылдайды

05.01.2017, 10:00    Оқылғаны: 898
Дереккөз: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Жаңа жылдың алғашқы айы елорда баскетболшылары үшін мейілінше қысылтаяң болғалы тұр. Өткізетін ойындары көп. Үйдегі ойындары түздегі матчтарымен іркес-тіркес жалғаса береді. Былайша айтқанда, қаңтар бойы елорда алыптары «тізгін» тартпайды. Міне, алдағы демалыста, яғни 8 қаңтар күні «Астана» ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті ойынын өткізіп, өз алаңында Ресейдің «Нижний Новгород» командасын қабылдайды.

Дәл қазір нижегородтықтар ВТБ Бірыңғай лигасының турнир кестесінде 10-шы орынды иемденіп тұр. Командада легионерлер мен ресейлік ойыншылар бірін-бірі толықтырып, мейілінше тіл табысып кеткен. Солардың бірі Иван Стребков – команданың көшбасшысы, «Нижнийдің» ең пайдалы және нәтижелі ойыншыларының бірегейі. «Астана» баскетболшылары жаңа жылдағы бірінші ойынға жан-жақты дайындалып, спорттық баптарын жетілдіре түсті. Жаңа жылдық мерекелерден кейін команда бірден жаттығу жұмыстарына кірісіп кетті.

Команданың бас бапкері Илиас Папатеодору әдеттегідей үмітін үзбейді:

– Біріншіден, барлықтарыңыздың Жаңа жылмен құттықтаймын! Жаңа жылды Нижний Новгород қаласының командасымен, үйдегі матчпен бастаймыз. «Нижний Новгород» баскетбол клубы азулы команда, әсіресе жойқын шабуылымен ерекшеленеді. Бұл матчта жеңіске жету үшін біз ең үздік ойын өрнегімізді көрсетуіміз керек. Команданың әрбір ойыншысы жауапкершілік жүгін сезіне білуі қажет, – деп түйіндеді өз пікірін бас бапкер. 

Естеріңізге сала кетейік, бұл ойын 8 қаңтар күні «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтеді. Басталуы – 16:00-де. Кіру тегін!

Матч трансляциясын онлайн режімінде біздің сайттан, сондай-ақ 19:35-те «Kazsport» телеарнасынан көре аласыздар.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»