Валерий Тихоненко: «Бұл – міндетті түрде жалғасуы керек маңызды бастама»

28.12.2016, 12:20    Оқылғаны: 1209
Дереккөз: Sports.kz
Автор: Ануар Абрахманов
Баскетболдан 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының чемпионы Валерий Тихоненко республикалық Sports.kz интернет-порталының тілшісіне берген сұхбатында, оқушылармен өткен кездесуден алған әсерінің шексіз екендігін жасырған жоқ.

— Валерий Алексейұлы, дене шынықтыру сабағынан алған әсеріңіз қандай? Біз сіздің мектеп оқушыларымен ерекше ынта-ықыласпен жұмыс жасағаныңызды көрдік. Құдды, балалық  шағыңыз есіңізге түскендей ме?..
— Егер суреттерге қарасаңыз, адамның барлық сезімін оның түрінен, бет-әлпетінен көруге болады. Әрине, ешқашан ұмытылмайтын, мектеп қабырғасындағы бақытты кездерім есіме түсті. Ең бастысы, бізді өмірге қанат қақтырып ұшыратын ұстаздардың – түрі, содан соң, әрине балалардың қуаныштан бал-бұл жайнаған – түрлері. Бұлар ешқашан ұмытылмайды. Қазір олардың өмірдегі – ең қызықты және бақытты шақтары.  

— Алғаш рет Президенттік клуб осындай бірегей әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Сіз мұны қалай қорытындылар едіңіз?
— Бұл жобаның маңызды жетістігі ретінде, біздің Олимпиада чемпиондарының халық арасына барғанын айрықша атап өткім келеді. Мұны өте дұрыс бастама деп санаймын. Менің ойымша, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы атап өтілген кезде Президенттік клубтың осындай 25 сабақ өткізгендігінің мәні – зор. Әрі мұны тоқтатпай, жалғастыра беру керек.

— Шынымен де, әйгілі спортшыларымыздың карьерасында дене шынықтыру сабақтарының маңызды болғаны рас па?
— Бұл пафос та, құрғақ сөз де емес, бұл – шындық. Егер мен дене шынықтырумен айналыспаған болсам, өмірде қол жеткізген жетістіктеріме жете алмас едім. Тек, басқаша айтқанда, бұл неғұрлым әлеуметтік негізде жүргізілді. Бізді өмірге қосып, бізге білім берген адамдар – дене шынықтыру, математика, биология, әдебиет және т.б. пәндердің мұғалімдері – өмірде өз бағаларын алулары керек. Олар қоғамдағы тұлғаларды тәрбиелеп, қалыптастыруға қосқан еңбектері мен үлестері үшін орасан зор сый-құрметке ие болулары керек.

— Сіз балалардың көздерінен не байқадыңыз? Мүмкін, олардың қайсыбіреуінің атақты адам, көрнекті тұлға болғысы келетін шығар?
— Әрине, әуелі аздаған сақтық пен таңдалу байқалды. Әрі қарай, тілдесу барысында олар өздерін еркін сезіне бастады. Егер осы сабақтардың спортқа деген қызығушылықтарын өршіте түсетіндігін айтар болсақ, бұл шынымен де – осылай. Бұл өте тамаша, себебі спорт балалардың дамып-жетіле түсулеріне көмектеседі. Мәселен, баскетболмен айналысу баланың барлық бұлшық еттерін жетілдіре түседі.

— Биыл «Астана» баскетбол клубы өзінің академиясын ашты. Мүмкін, дене шынықтыру сабақтары арқылы да жас бүлдіршіндерді баскетболға тартуға болатын шығар?
— Әлбетте. Бұл да – Президентік клубты түгелдей біріктіріп тұрған тізбек. Өйткені Президентік клубтың құрамына кіретін бірде-бір клуб ала бөтен немесе оқшау әрекет етпейді.Сондықтан қазіргі өткізіліп жатқан дене шынықтыру сабақтарын ашу, баскетбол академиясында да қолға алынады. Біз де тура осылай, мектептерге барып, балалармен кездесетін боламыз. Біздің баскетбол академиясының болашағы жарқын деп ойлаймын. 

— Сабақ өткізу барысында Сіздің спорттық қызбалығыңыз оянып кеткендей әсер де болды…
— Ол менің ішкі сезімімнен ешқашан кетпейді. Әрі өмір бойы! Бізді, әсіресе кеңестік дәуірде, тек бірінші болуға баулыды, мәжбүрледі. Кішкене ғана мысал келтірейін, біз Әлем чемпионатынан екінші орын алып оралғанда, әуежайда бізді ешкім де қарсы алмайтын. Сондықтан бұл біздің қанымызға сіңіп кеткен. Жаман әдет емес деп ойлаймын. Балаларға сабақ берген кішігірім додада біздің командамыздың жеңіске жетуі, бұл да – балаларға көрсетілген өнеге және үлгі.

— «Астана» баскетбол командасының қазіргі аяқ алысы мен өнеріне қандай баға берер едіңіз? Әзірше бәрі де біркелкі емес сияқты ғой…
— Мен бұлай кесіп айтпас едім. Қазір «Астана» ВТБ Бірыңғай лигасының турнир кестесінде алтыншы орынды иемденіп тұр. Мен мұны жаман жетістік деп ойламаймын. Алдымызда тек – «Химки», УНИКС, ЦСКА, «Локомотив», «Зенит» клубтары. Бұлар – өте азулы командалар, қарымды қарсыластар. Менің ойымша, маусымның басы мен турнир кестесіндегі біздің қазіргі орнымыз – абыройлы нәтиже. Енді осы орнымызды сақтап қалу маңызды.

— Жаңа жылда қазақстандықтарға қандай тілек жолдар едіңіз, бұл мереке де келіп қалды ғой?
— Иә, уақыт зырлап өтіп жатыр. Бәрімізге де бейбітшілік, денсаулық, содан соң спортшы ретінде сәттілік тілеймін. Ол әркімде әр қилы болып келеді, бақ пен құт әрдайым сіздерден бір елі қалмасын.


«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры

Бірыңғай оператор «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры»