ВТБ бірыңғай лигасы талабын күшейтті

18.07.2017, 17:00    Оқылғаны: 35
Дереккөз: ABCTV.kz
Автор: Маруан Түсіп
ВТБ бірыңғай лигасының жаңа маусым алдындағы ресми жиынына осы лиганың және барлық командалардың басшылары қатысты. Басқосуда лига кеңесінде алдағы маусымда додаға түсетін командалардың құрамы бекітіліп, өткізілу тәртібіне енгізілген өзгерістер жарияланды.

Биылғы маусымда да өткен маусымдағыдай 13 команда бақ сынайды екен. Лиганың жаңа логотипі бекітіліпті. Ал негізгі өзгеріс ретінде шешуші ойындар «Төртеу финалы» үлгісінде өткізілетінін атап өтуіміз керек.

Биылғы маусым қазан айында басталып, келесі жылы мамырда аяқталады. Жыл сайынғы біріншіліктің қорытындысы бойынша сегіз үздік команда (1-8 орындар) ширек финалда бақ сынау құқығына ие болады. Содан төрт жұптағы команда үш жеңіске дейін өзара додаға түседі. Өзгерістің бірі осы жерде енгізіліп отыр. Енді екеуара дода жыл сайынғы біріншілікте неғұрлым жоғары орналасқан команданың алаңында басталады. Осы ширек финалда жеңіске жеткен командалар «Төртеу финалына» шығады.

Айта кетейік, «Төртеу финалы» жүйесіне ауысу оңай болмаған. Ұзақ пікірталастан кейін дауыс беру арқылы осындай шешім қабылданған. Бұл жеңімпаз болғысы келіп жүрген кейбір командаларға ыңғайлы болғанымен, лиганың өзіне аса тиімді емес көрінеді. Бұл жөнінде ВТБ бірыңғай лигасының құрметті президенті Сергей Иванов: «Директорат дауыс беру кезінде қалыс қалды. Әзірше біз «Төртеу финалының» қайда өтетіндігін, қанша пайда түсіретінін білмейміз. Мәселен кейбір командалар арасындағы жартылай финалдық кездесулерден көп пайда түскен. Биылғы маусымдағы жартылай финалдық кездесулерде де көрермендер аз болған жоқ», – деді. Осы жиынға қатысқан «Астана» президенттік баскетбол клубының бас менеджері Валерий Тихоненко Қазақстан клубына қатысты пікір білдірді.

«ВТБ бірыңғай лигасы жаңа маусымның талаптарын күшейтіп жіберді. Лига кеңесінің басқосуында екі маңызды мәселе талқыланды. Олар – теледидар трансляциясы және жанкүйерлер. Лига трансляция жөніндегі талаптарын күшейтті. Мейілінше сапалы және әдемі болғанын қалайды. Содан соң көрермендер тарту мәселесіне көп тоқталды. Бұл үшін тіпті лиганың сыйақы қоры ұлғайтылып, бұл қаражат жанкүйерлермен жақсы жұмыс жасайтын клубтарға берілетін болды. Барлық клубтардың көрермендерді тарту мәселесіне мүдделі болғанына қол жеткізуге тырысып жатыр. Бұл алдымызда қыруар жұмыс тұр деген сөз. Ал «Төртеу финалы» туралы айтар болсам, әрине, бұл – осалдау командалар үшін жеңіске жетуге берілген үлкен мүмкіндік. Жартылай финал мен финалда бірнеше рет жеңіске жеткеннен гөрі бір ойында жеңу – оңайырақ», – деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, «Астана» ПБК өткен маусымда тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізді. Нақтырақ айтқанда, ВТБ бірыңғай лигасының ширек финалына шықты. Бірақ осы лиганың сегіз дүркін чемпионы (тек бір-ақ рет екінші орын алған) ЦСКА клубына тап болып, ұтылып қалды. Десек те маусым бойы өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, шетелдік мамандардың өздерін тәнті етті.

Өкінішке қарай, маусым аяқталысымен «Астана» ПБК бас бапкері, Грекияның талантты жас маманы Илиас Папатеодору өз еліне кетіп, ПАОК клубының тізгінін қолына алды. Енді кейбір легионерлердің онымен бірге кетуі әбден мүмкін. Алайда елорда клубы көп созбай, бірден жаңа бапкер тауып алды.

Илиас Папатеодорудың орнына Костас Флеваракис бас бапкер болып бекітілді. Бұл да – Грекия маманы. Әлгі ПАОК клубын жаттықтырып, өз елінің кубогын жеңіп алған. Одан кейін АЕК клубын да жаттықтырған. Тіпті Солтүстік Америкадағы Ұлттық баскетбол лигасына барып, білікті бапкерлердің көмекшісі ретінде тәжірибе жинақтаған. Оған көмекші болып, Қазақстан баскетболын жақсы білетін, соңғы үш жылда «Каспий (Ақтау) клубының бас бапкері болған ресейлік маман Михаил Карпенко бекітілді. Қазір команда жасақтау жұмыстары қолға алынды. Өзгерістер жоқ емес. Жаңа маусым басталғанша команда құрамын толық жасақтап, биыл да сенімді ақтайды деп сенеміз. Әзірше америкалық ойын үйлестіруші Энтони Клеммонспен, сондай-ақ Исландия құрамасының қорғаушысы, Испания, Грекия, Италия чемпионаттарында ойнаған Хордур Вильхальмсонмен келісімшартқа отырды. Команда сапындағы қазақстандық ойыншылардың үздіктері ешқайда кеткен жоқ. Олардың еңбек келісімдері ұзартылды. Әлі уақыт бар. Ал «Астана» менеджменті қызу жұмыс үстінде.