Ұлттық лигадағы ерлер командалары арасындағы XXVIII Қазақстан чемпионаты
Тобыл
Қостанай
Ұлттық лига, Тұрақты біріншілік
18.01.2020, 16:00 Сн
Арена: ССК «Қостанай» (Қостанай)
92:101
Негізгі уақыт
26:27 14:25 28:25 24:24
Ойын нөмірі: 54
Көрермен: 0
Астана
Астана

«Астана» Қостанайдағы Ұлттық лига ойындарынан төрт ұпай олжалап қайтты

19.01.2020, 10:00    Просмотров: 638
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:

«Астана» Президенттік баскетбол клубы командасы Ұлттық лига аясында өткен, Қостанайдағы матчта үстемдік танытып, «Тобылды» екеуара соңғы кездесуде де, жергілікті жанкүйерлердің көз алдында тізе бүктірді.

Бұдан бір күн бұрын өткен бірінші матчта біздің жігіттер айқын басымдықпен жеңіске жетіп, бүгін де фаворит ретінде алаңға шықты. Кешегі ойындағы MVP – Душан Ристич, бүгін өз командаластарының ойынын трибунадан тамашалап отырды, яғни көмектесе алмады. Бүгін серб саңлағының орнына Джеремайя Хилл шықты. Онымен бірге құрамға Стефен Холт ілікті. Америкалық ойыншылардың екеуі де Александр Жигулин, Дмитрий Гаврилов және Максим Марчук үшеуімен бастапқы бестікте ойнады.

Бірінші шабуылды алаң иелері ұйымдастырып, осы ойында есепті де ашты. Бірақ келесі шабуылда Стефен Холт елорда командасын алға шығарды. Ал екі мимнуттан кейін «Астана» 7 ұпай айырмасымен құйрық үзе бастады. Біздің команда бұл басымдықты біраз ұстап тұрды. Алайда бұдан кейін қостанайлықтардың шабуылдарына тойтарыс бере алмай, таблодағы сандар теңесті. Алаң иелері мұнымен шектелмей, тіпті алға шықты. Бірақ олардың қуаныштары ұзаққа созылмады. Есеп қайтадан теңесіп, бұл кезең елорда командасының бір ұпай басымдығымен аяқталды. «Тобыл» екінші кезең басталған бетте қайтадан алға шықты. Бірақ тағы да көшбасшы ретінде ұзақ ойқастай алмады. Андрей Литвиненко есепті теңестіріп, ал Вадим Щербак «Астананы» алға шығарды. Санаулы минуттар ішінде астаналық гандикап 14 ұпайға жетті. Ал «Тобыл» матчтың бірініш жартысының соңына дейін есепті небәрі 2 ұпайға ғана қысқартты – 40:52.



Ойынның екінші жартысының басында да біздің жігіттер жоғары қарқындарын жоғалтпай, елорда командасының басымдығы тез арада 17 ұпайға жетті. Рас, бұдан кейін есеп айырмасы қысқара түсіп, екі минуттан кейін командаларды 10 ұпай ғана бөліп тұрды. «Астана» қайтадан «+17» есеп айырмасына қол жеткізгенімен, үшінші кезең аяқталғанда, командалар арасы 10 ұпайға да жетпей тұрды. Яғни соңғы 10 минутта дода көрігі қыза түсті. Оның үстіне, алаң иелері отқа май құя түсіп, есеп айырмасын доға сыртынан лақтыратын тура екі соққыға дейін қысқартты. Бірақ «Астана» ойын өрнегін жетілдіре түсіп, есеп айырмасын он ұпайға жеткізді. Осы есеп айырмасы матч соңына дейін сақталып қалды. «Тобыл» соңғы минуттарда қамшыны басып, ойын өрнегіне өзгеріс енгізуге тырысты-ақ. Алайда «Астана» дес бермей, тартысты өткен ойында жеңісті уысынан шығарған жоқ – 92:101 (26:27, 14:25, 28:25, 24:24).

Ең көп ұпай еншілегендер:

  • «Астана» – Стефен Холт бүгін көсіле сілтеп, 28 ұпай еншіледі, 5 рет доп қағып алып, 7 пас берді. Рустам Мырзағалиевтің еншісінде – 12 ұпай, әрі 5 рет доп қағып алып, 7 пас берді. Вадим Щербак 17 ұпай жинап, 3 рет допты тартып әкетті. Ал Александр Жигулин мен Максим Марчук 10 ұпайдан еншіледі.
  • «Тобыл» – қостанайлықтар сапында астана командасының бұрынғы ойыншылары үздік болды: Антон Пономарев (16 ұпай, 7 рет доп қағып алды, 7 пас және 5 рет допты тартып әкетті) және Максим Воейков (22 ұпай, 3 рет доп қағып алды және 3 рет допты тартып әкетті).


Салдары: «Астана» бұдан бір күн бұрын аяқталған матчтан соң, енді ешбір команда қуып жете алмастай болып қара үзіп кеткен. Қазір ел чемпионатында көш бастап тұр. Қалған ойындар команданың турнир кестесіндегі жағдайына ешқандай өзгеріс енгізе алмайды. Ел чемпионатының негізгі бөлігін биыл да жеңіліссіз аяқтау үшін, әлі төрт жеңіс керек. «Тобыл» болса, ел чемпионатының негізгі бөлігін үшінші орынмен аяқтады.

Келесі матч: Елорда баскетболшылары енді үйлеріне оралып, ВТБ Бірыңғай лигасының екінші айналымындағы, өз алаңында өтетін бірінші ойынға дайындалады. Бұл матч жексенбі күні, 26 қаңтарда өтеді. Ал Нұр-Сұлтанға қонаққа Польшаның «Зелена Гура» клубы келеді. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойды. Эмиль Райкович шәкірттерінің Ұлттық лигадағы келесі қарсыласы – Ақтаудың «Каспий» командасы. Қос кездесу 28 және 29 қаңтар күндері елордадағы «Сарыарқа» велотрегі аренасында өтеді.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 2003 Клубтық түстері: ақ, көк
Мемлекет: Қазақстан Арена: ССК «Қостанай»
Қала: Қостанай Сайт: www.bctobol.kz

Сипаттамасы

«Тобыл» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Қостанай қаласынан.

Жетістіктері:
  • Қазақстан чемпионатының жеңімпазы: 2003/2004
    Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері: 2004/2005, 2005/2006, 2006/2007, 2008/2009, 2009/2010, 2010/2011
    Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері: 2017/2018, 2019/2020, 2020/2021
    Жоғарғы лига жеңімпазы: 2013/2014, 2015/2016, 2016/2017
    Жоғарғы лиганың күміс жүлдегері: 2010/2011
    Жоғарғы лиганың қола жүлдегері: 2014/2015
    Қазақстан кубогының иегері: 2005 ж
    Қазақстан кубогының күміс жүлдегері: 2003, 2006, 2008, 2009, 2012, 2015, 219, 2020
    Қазақстан кубогының қола жүлдегері: 2018 

Команданың жалпы суреті

Тобыл