ВТБ Бірыңғай лигасы 2019/2020
Астана
Астана
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
12.10.2019, 15:00 Сн
Арена: «Сары-Арқа» велотрегі (Астана)
90:88
Негізгі уақыт
21:25 21:29 25:16 23:18
Ойын нөмірі: RS-13
Көрермен: 833
Локомотив-Кубань
Краснодар

«Астана» өз алаңындағы алғашқы ойында «Локомотив» клубын жеңді

12.10.2019, 20:00    Просмотров: 524
Источник: Баспасөз қызметі
Автор:
«Астана» Президенттік баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасының биылғы маусымдағы өз алаңында өткен бірінші ойынында жанкүйерлерін қуанышқа бөлеп, Краснодардың «Локомотив-Кубань» клубын тізе бүктірді.

Ойын басталған бетте екі команда да «тізгін» тартпай, аянбай ойнап, алғашқы 10 минутта «Астана» да, «Локо» да бір-бірінен ұзап кете алмады. Рас, кезең соңында қонақтар айып добын мүлтіксіз орындап, соның арқасында 4 ұпай айырмасымен алға шықты. «Локо» екінші кезеңді де сәтті бастап, алаң иелерін тұсаулап ұстауға көшті. Әрі үш минут өтпей-ақ есеп айырмасын 10 ұпайдан да асырды. Эмиль Райковичтің шәкірттері таразы басын теңестіруге тырысқандарымен, матчтың бірінші кезеңінде қонақтарына ілесе алмады. Есеп – 42:54, «Локомотив» жеткізбеді.

Үзілістен кейін астана баскетболшылары қарқындарын үдетіп, бар күш-жігерлерін салды және есеп айырмасын тез қысқартты да. Әйтсе де, үшінші кезеңде қонақтарын қуып жете алмады, соңғы кезең алдында небәрі үш ұпай айырмасымен ұтылып жатты. «Локомотив» төртінші кезең басталған бетте тағы да құйындай орап соғып, есеп айырмасын қайтадан 10 ұпайдан асырып, ұзай түсті. Бірақ «Астана» жасымады, жанкештілік танытып, есепті қысқартуға кірісті. Матчтың аяқталуына үш минут қалғанда небәрі 1 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Енді бір минуттан кейін, әуелі есепті теңестірді, іле-шала бірінші кезеңнен кейін алғаш рет алға да шықты. Матч соңы шектен тыс шиеленісті болды. Тіпті бейне қайталауға жүгінуге да тура келді. Қателіктер көбейді. Десек те, қиын-қыстау мезетте біздің жігіттердің жүйкелері сыр бермей, олар Лигадағы азулы командалардың бірін ұтып, өте маңызды жеңіске қол жеткізді – 90:88 (21:25, 21:29, 25:16, 23:18).

Ойын екі ұжым үшін де оңай болған жоқ. Матчтың басынан аяғына дейін қонақтар алда болғанымен, «Астана» минут сайын өзінің намысты қолдан бермейтін жанкештілігін көрсете білді. Әрі бүгін жеңіске де жетті. Осы жеңісінің арқасында бірінші бестікке көтеріліп, «Локомотив», «Нижний Новгород» және ЦСКА секілді командалардың алдын орап кетті.



Ең көп ұпай еншілегендер: Бүгін «Астананың» бірінші бестігі дем алған жоқ десек те болады. Тіпті жеңіске жетелеген де солар болды: Коти Кларк (26 ұпай, 5 рет доп қағып алды), Малкольм Хилл (24 ұпай, 7 пас), Душан Ристич (21 ұпай, 9 рет доп қағып алды), Александр Жигулин (12 ұпай, 7 рет доп қағып алды), ал Джеремая Хилл бүгін серіктерін доппен қамтамасыз етіп отырды (5 ұпай, 5 рет доп қағып алды, 16 пас). Енді қарсыластарымызға көңіл бөлер болсақ, онда біздің командаға көп қауіп төндіргендер – Сэм Деккер (12 ұпай, 8 рет доп қағып алды, 5 пас), Уилл Каммингс (16 ұпай), Дмитрий Кулагин (15 ұпай, 5 пас)  және Джонни О’Брайнт (13 ұпай, 6 рет доп қағып алды).

Рекорд: «Астанның» ойын үйлестірушісі Джеремайя Хилл бүгін 16 рет нәтижелі пас беріп, биылғы маусымдағы ең үздік көрсеткішті көрсетті. Ал Лига ойындарындағы жалпы рекорд Ди Джей Куперге тиеслі – 23.

Ең үздік ойыншы: Малкольм Хилл. Маусым аралығында «Астанның» легионерлері құрамы толықтай ауысты. Бірақ бұрынғы лидерлерінің орнына жаңа ойыншылар келді. Малкольм қазақстандықтар сапындағы ең қауіпті ойыншы болды. Ол 24 ұпай еншілеп, доға сыртынан лақтырған 6 добының 4-еуін дөп түсірді. (команданың басқа ойыншыларының 3-ұпайлықтары үшеу ғана). Сонымен қатар, 7 рет нәтижелі пас берді.

«Астана» клубының бас бапкері Эмиль Райкович:
— Бұл біз үшін өте ауыр ойын болды. Өйткені командамыз әлі толықтай жасақталып болған жоқ. «Локомотив» клубының жағдайы керісінше, қосалқы құрам орындығындағылар сығылысып отыр және сапалы ойыншылармен жасақталған. Ауысып ойнайтын жігіттеріміз аз болғандықтан, олармен тайталасу оңай болған жоқ. Бірақ матч соңында жанкүйерлеріміздің қызу қолдауларының арқасында біз қосымша күш-қуатқа ие болып, қайсарлық таныттық. Қорғаныста жанталасып, жеңісті жұлып алдық!

«Локомотив-Кубань» клубының бас бапкері Лука Банки:
— «Астананы» жеңісімен құттықтаймын. Үлкен үзіліске дейін біз «+12» ұпай айырмасымен ұтып жатқанбыз, бірақ бұдан кейін қарсыласымыздың жинақталып, көсіле сілтеуіне мүмкіндік беріп қойдық. Өкінішке қарай, сабырлық танытып, мұқият ойнау керек сәттерде қателіктер жіберіп, ойын тізгінін уысымыздан шығарып алдық.
 

«Астана» келесі ойындарын түзде өткізеді. Астана баскетболшылары 15 және 16 қазан күндері Ақтауға барып, Ұлттық лиганың жаңа маусымдағы алғашқы ойындарын өткізіп, «Каспиий» клубымен додаға түседі. Ал ВТБ Бірыңғай лигасы чемпионатындағы келесі ойынын Мәскеу түбінде өткізіп, онда Эмиль Райковичтің шәкіртері жергілікті «Химки» клубымен кездеседі.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 1946 Клубтық түстері: жасыл, қызыл
Мемлекет: Ресей Арена: Баскет Холл
Қала: Краснодар Сайт: lokobasket.com

Сипаттамасы

«Локомотив-Кубань» – ресейдің кәсіби ерлер баскетбол клубы, Краснодар қаласынан, 1946 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Еуропа кубогының жеңімпазы – 2012/2013
  • Ресей кубогының иегегері – 2000, 2018
  • РТЖ халықаралық кубогының жеңімпазы – 2007, 2008
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2017/2018
  • FIBA кубогының финалына шыққан – 2004/2005
  • EuroChallenge кубогының финалына шыққан – 2010/2011
  • Корач кубогының финалына шыққан – 2001/2002
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2013/2014
  • Еуролиганың қола жүлдегері – 2015/2016
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2012/2013
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері – 2014/2015
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2000/2001, 2001/2002, 2011/2012, 2014/2015

Команданың жалпы суреті

Локомотив-Кубань