ВТБ Бірыңғай лигасы 2018/2019
Енисей
Красноярск
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
20.01.2019, 15:00 Жс
Арена: «Арена Север» (Красноярск)
93:84
Негізгі уақыт
26:24 29:22 17:16 21:22
Ойын нөмірі: RS-93
Көрермен: 1100
Астана
Астана

«Енисейдің» шабуылы «Астананың» қорғанысынан қарымды

20.01.2019, 20:00    Просмотров: 873
Источник: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Ресейдің «Енисей» клубы өз алаңында қазақтың «Астанасынан» басым түсті – 93:84 (26:24, 29:22, 17:16, 21:22).

Кездесу Джон Роберсонның алыстан лақтырып, дәл түсірген шабуылымен басталды. Бұл алаң иелерінің матч басындағы жоғары қарқындарының нышаны іспетті болды. Олар шабуылды тез ұйымдастырып, жылдам жүгірді, еңгерзедей алыптарын ойынға қоса білді, екі мәрте шығыршықты дәл көздеді. Бірінші кезең барысында «Енисейдің» басымдығы 10 ұпайға дейін жетті (23:13). Алайда соңына қарай қонақтар көсіле сілтеді. Дженкинстің үш ұпайлық екі добы және О’Брайеннің шығыршық түбіндегі жанкештілігі (11 ұпай) «Астананың» есепті бір дәл соққы айырмасына дейін қысқартуына мүмкіндік берді – 24:26.

Екінші 10-минуттық Денис Захаровтың ерекше көзге түсуінің арқасында (бұл кезеңде – 10 ұпай) «Енисейдің» серпіліс жасауымен басталды – 10:0. Қонақтар сапында Дженкинс пен О’Брайен айылдарын жиған жоқ (екеуі матчтың бірінші жартысында 31 ұпай еншіледі), бірақ «Астанаға» команда көшбасшысы Энтони Клеммонстың жігерлігі жетіспеді (5 ұпай, ойын барысында 9 соққысының екеуін ғана дәл түсірді). Сондықтан оларға камбэк ұйымдастырудың сәті түспеді. Үлкен үзіліске шыққанда, красноярлықтар біршама алға ұзап кетті – 55:46.

Үшінші кезең тағы да «Енисейдің» ерекше екпінімен басталды – 10:2, әрі бәрін де еңгерзедей сібірліктер ұйымдастырып отырды. Қонақтар бұған жауап ретінде бекінісін күшейтті. Қорғаныстағы жанкештіліктері мен легионерлерінің жекелей шеберліктері «Астанаға» камбэк ұйымдастыруға көмектесті. Олар есеп айырмасын 10 ұпайға дейін қысқартты – 62:72. Соңғы 10-минуттық та сібірліктердің көсіле сілтеуімен басталды – 10:2. Бұл кезеңнің қалған уақыты қайсарлық сайысына айналды. Шектен тыс шиеленісті ойында қонақтар өздерін еркіндеу сезінді. «Астана» ұпай айырмасын қысқарта түсті, бірақ мұны тым баяу жүзеге асырды. Әрі сары-көк жейделілер қарсыласына 9 ұпайдан артық жақындай алмады.

 

Ең көп ұпай еншілегендер:
  • «Енисей»: ДиЭнджело Харрисон (17 + 7 рет допты қағып алды + 5 пас), Алекс Янг (15), Мартиньш Мейерс (15 + 9 рет допты қағып алды), Денис Захаров (14), Джон Роберсон (12 + 7 пас), Игорь Каныгин (11 + 3 блок-шот).
  • «Астана»: Джей Джей О’Брайен (21 + 5 рет допты қағып алды + 3 рет допты «қиып» әкетті), Кеннет Хортон (21 + 9 рет допты қағып алды), Майкл Дженкинс (15 + 5 пас), Энтони Клеммонс (12 + 3 рет допты «қиып» әкетті).

«Енисей» клубының бас бапкері Олег Окулов:
— Бұл ойынға біз ұзақ дайындалдық. Бірақ Лавников пен Мейерстің жарақат алып қалуларына байланысты, жоспарымызға өзгертулер енгізілді. «Астана» биыл жақсы ойнап жүр. Олардың командалық ойын өрнектері – жоғары деңгейде. Бүгін оңай болмасын білгенбіз. Бірақ біз бүгін басымдық таныттық, себебі шабуылда тамаша ойнадық. Жігіттер жарады!


«Астана» клубының бас бапкері  Эмиль Райкович:
— Бүгін біз күш-жігерімізді шоғырландыра алмадық, бізге жетпегені сол болды. Кез келген ойыншының анда-санда шабуылда нашар ойнайтын кезі болады деп ойлаймын. Кейде ойын ырғағын түсінбей қалады немесе лақтырған добы шығыршыққа дәл түспей, сағы сынады. Бірақ бүгін біздің негізгі кінәратымыз қорғаныста болды. Біз мұна талдап-саралап, әрі қарай шүмектетіп тер төгеміз.

 
Елорда командасы келесі ойындарын өз алаңында өткізеді. Астаналықтар 23 және 24 қаңтар күндері «АМУ Атырау Барыстары» баскетбол клубымен ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында додаға түседі.

«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасындағы келесі кездесуін де өз алаңында өткізеді. 27 қаңтар күні елорда баскетболшылары Астана төрінде Риганың ВЭФ клубын қабылдайды. Билеттер Ticketon.kz сайтында сатылымға шығып та қойды.

Жалпы, клубымыздың ойындары жайлы толық ақпараттар, турнир кестелері, ойындар күнтізбесі мен нәтижелері Доп додалары бөлімінде жарияланған.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 1981 Клубтық түстері: ақ, көк
Мемлекет: Ресей Арена: «Арена Север»
Қала: Красноярск Сайт: www.basket-enisey.ru

Сипаттамасы

«Енисей» - ресейдің ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Красноярск өлкесінен, 1981 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Ресей Суперлигасының «Б» дивизионы чемпионы – 2006
  • Ресей Суперлигасының «Б» күміс жүлдегері – 2004/2005, 2005/2006
  • Ресей Кубогының қола жүлдегері – 2011

Команданың жалпы суреті

Енисей