ВТБ Бірыңғай лигасы 2017/2018
Астана
Астана
ВТБ Бірыңғай лигасы, Тұрақты біріншілік
06.01.2018, 15:00 Сн
Арена: Велотрек «Сары-Арқа» (Астана)
73:85
Негізгі уақыт
18:17 20:17 10:28 25:23
Ойын нөмірі: RS-59
Көрермен: 734
Нижний Новгород
Нижний Новгород

«Астана» «Нижний Новгород» клубын қабылдайды  

05.01.2018, 09:00    Просмотров: 132
Источник: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Сенбі күн, 6 қаңтарда елорда баскетбол клубы жаңа жылдағы алғашқы ойынын ВТБ Бірыңғай лигасы аясында өткізіп, өз алаңында Нижний Новгород қаласының өзі аттас клубын қабылдайды.
 
Өткен кездесулер хроникасы:
Нижний Новгород қаласының баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында, «Астана» секілді 2011 жылдан бері ойнап жүр. Осы уақыт ішінде «нижегородтықтар» Лигада бірнеше рет көпшілікті қайран қалдырды. 2013/2014 жылдар маусымында «Нижний» ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері атанып, күтпеген нәтижеге қол жеткізді. Жартылай финалда «Летувос Ритас» клубын төрт ойынның үшеуінде жеңіп, финалда Мәскеудің ЦСКА командасынан ұтылды. Ең бастысы, осы доданың күміс жүлдесін ғана емес, Еуролига жолдамасын да жеңіп алған болатын.

«Астанамен» өзара ойындарына келер болсақ, екі команда 10 рет кездесіп, оның үшеуінде «Астана» жеңіске жетті.
 
Қазіргі жағдай:
2017 жылдың наурыз айында «Нижний» клубына бұрынғы жаттықтырушысы Зоран Лукич қайтып келді. 2013/2014 маусымында команданы ерен жетістіке жетелеген осы бапкер болатын. Өткен маусымда ол спорттық директор қызметін атқарған болатын, бірақ мамыр айының соңында бас бапкер болып бекітілді. Команда құрамы тағы да Суперлига мен ВТБ Бірыңғай лигасындағы жас ойыншылармен толықтырыла бастады. Үш жылдан кейін тәжірибесі мол Вадим Панин де «Нижний» сапына оралды. Иван Стребков пен Петр Губанов күні бүгінге дейін «нижегородтықтардың» көшбасшылары болып саналады.         
 
Турнир кестесі:
«Нижний Новгород» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында 2 жеңіс, 6 жеңіліспен тоғызыншы орынды иемденіп тұр. Ал «Астана» баскетболшылары 2 жеңіс, 8 жеңіліспен 12-орынға орналасқан. 
 
Бас бапкерінің пікірі:
– «Нижний Новгород» клубының Еуропа турнирлеріндегі нәтижелері олардың әлеуеті жоғары екендігін көрсетеді. Командада сенімді ақтайтын еңгерзедей ойыншылар бар, олар тек оймақтор түбінде ғана тиімді ойын өрнегін көрсетіп қоймай, алыстан да доп лақтырып, қауіп төндіре алады. Темірдей тәртіптері – біздің қарсыласымыздың негізі артықшылықтарының бірі. Бізге олардың алдын орап кету үшін қорғаныста шектен тыс мұқият болу керек, сонымен қатар шабуылда ұйымдасқан түрде тізе қоса қимылдау керек.
 
Қайда, қашан, нешеде?
Арена: «Сарыарқа» республикалық велотрегі
Уақыт: 15.00 Астана уақыты бойынша
Трансляция: ВТБ Бірыңғай лигасының сайты, «Астана» ПБК сайты, «QazSport» телеарнасы.

«Астана» «Нижний Новгородтан» ұтылды

06.01.2018, 20:00    Просмотров: 123
Источник: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Матчтың басынан-ақ екі команданың де жеңіске жетуді көздейтіндіктері анық байқалды. Ойынның бірінші ширек бөлігі бірқалыпты өтті. «Астана» жігіттері допты алыстан лақтыра бастады, бұл әрі нәтижесіз болған жоқ. Жалпы, бірінші онминуттық тең дәрежеде өтіп, 18:17 есебімен аяқталды. «Астана» сәл басым болды. Екінші онминуттықта дода көрігі қыза түсті. Екі команда да аянған жоқ. Ойынның бірінші жартысы 38:34 есебімен аяқталып, алаң иелері алда тұрды.

Матчтың үшінші ширек бөлігі елорда баскетболшылары үшін сәтті болмады. «Астана» қателіктер жібере бастады, доп оймақторға түспей қойды. Ал қонақтар мұны ұтымды пайдалана білді, олардың әрбір шабуылы нәтижелі аяқталып, ұпайларын ұлғайта түсті. Соңғы кезеңге командалар 46:60 есебімен шықты, енді алға нижегородтықтар шықты. Матч тағдыры соңғы онминуттықта шешілді. «Астана» қарқынын үдетіп, есепті қысқартты-ақ, алайда жалпы есепке басқа жағдайлар әсер етті. Ике Удано бесінші рет ескету алып, ойынды жалғастыру құқығынан айырылды. Екі минуттай уақыттан соң Энтони Клеммонс та бесінші ескертуін алып, Ике Уданоның ізімен кетті. Қонақтар мұны қалт жіберсін бе, жігерлік танытып, жеңіске жетті.

Кездесу 73:85 есебімен аяқталып, нижегородтықтар жеңіске жетті.

Көп ұпай жинағандар:
  • «Астана»: Джастин Картер (20 + 7 рет доп қақшып алды), Леонидас Каселакис (14), Энтони Клеммонс (12).
  • «Нижний Новгород»: Джейкоб Одум (29 + 7 рет доп қақшып алды), Стеван Еловац (24 + 6 рет доп қақшып алды), Владимир Веремеенко (9 + 6 рет доп қақшып алды).

«Астана» клубының бас бапкері Костас Флеваракис:
— Қазір біз командамызға жаңа ойыншы енгізіп, команда құрамын нығайтып жатырмыз. Ол – ойын үйлестіруші Малькольм Грант. Бұл – біршама уақытты қажет ететін, ауыртпалығы әжептәуір үдеріс. Бүгін бізге Еловац пен Одумды тұсаулап ұстау қиын болды, әрі оның шешімін таппадық та. Сондай-ақ бізге айып соққысын мүлтіксіз орындауды да қадағалау керек болып тұр. Дәл осы көрсеткіш жағынан кезекті рет ұтылып отырмыз.


«Нижний Новгород» клубының бас бапкері Зоран Лукич: 
— Өте маңызды ойын! Астанаға келерде мен, біз соңғы күш-жігеріміз қалғанша аянбаймыз деген болатынмын. Біз өз алаңымызда бірнеше рет ойламаған жерден ұтылып қалғанбыз. Енді, бүгінгі жеңіс бізді жігерлендіре түседі деп үміттенемін. Ең бастысы, бүгін біз ойын тәртібіне көңіл бөліп, өте мұқият ойнадық. Әсіресе, матчтың үшінші ширек бөлігінде қалай ойнау және қорғану керек екендігін паш еттік.


Естеріңізге сала кетейік, «Астана» келесі ойынын 15 қаңтар күні өз алаңында Риганың ВЭФ клубымен өткізеді.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құлылған жылы: 2000 Клубтық түстері: ақ, қара
Мемлекет: Ресей Арена: СС «Профсоюзов»
Қала: Нижний Новгород Сайт: www.nn-basket.ru

Сипаттамасы

«Нижний Новгород» – ресейдің ерлер арасындағы баскетбол клубы, Нижний Новгород қаласынан.

Жетістіктер:
  • Ресей Суперлигасының «Б» дивизионы чемпионы – 2010
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2011
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2013/2014
  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 2013/2014

Команданың жалпы суреті

Нижний Новгород