ВТБ Бірыңғай лигасы 2017/2018
Астана
Астана
ВТБ Бірыңғай лигасы, Тұрақты біріншілік
10.12.2017, 15:00 Жс
Арена: Велотрек «Сары-Арқа» (Астана)
50:83
Негізгі уақыт
16:19 12:23 17:21 5:20
Ойын нөмірі: RS-50
Көрермен: 1186
Локомотив Кубань
Краснодар

«Астана» «Локоны» қабылдайды

09.12.2017, 10:00    Просмотров: 179
Источник: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Алдағы жексенбіде, яғни 10 желтоқсан күні, елорда баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті ойынын өз алаңында өткізіп, «Локомотив-Кубань» (Краснодар, Ресей) клубын қабылдайды.

Аталмыш Лигадағы Красноярскінің «Енисей» клубымен өткізген соңғы ойынын кейін, астаналықтар үшін ойындар күнтізбесінде біраз үзіліс болды. Қазақстандық ойыншылары еліміздің ұлттық құрамасы сапында 2019 жылғы Әлем чемпионатының екі іріктеу матчына қатысып, Ирак және Катар құрамаларынан басым түсті. Бұдан соң команда Литвада толық құрамда жиналып, бір апталық ОЖЖ өткізді.
 
Өткен кездесулер хроникасы:
Краснодар баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында 2011 жылдан бері өнер көрсетеді. Осы уақыт ішінде «Локо» ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері атанып (2012/2013), 2014/2015 жылдар маусымында қола жүлдеге ие болды. «Астанамен» өткізген екеуара кездесулеріне тоқталар болсақ, екі команда алты рет кездесті. Оның бесеуінде «Астана» ұтылып қалып, 2014/2015 жылдар маусымындағы бір ойында Қазақстан клубы жеңіске жетті. Нақтырақ айтқанда, өз алаңында «Локомотив» клубынан 81:70 есебімен басым түскен болатын.    

Қазіргі жағдай:
Соңғы екі маусымда команданы көпшілікке танымал серб маманы Саша Обрадович жаттықтырып жүр. Команда көшбасшыларының бірі, америкалық шабуылшы Марди Коллинз де өз жұмысын жалғастырып, биылғы маусымда статистикалық көрсеткіштерін едәуір артыра түсті. Клуб сапына жаңадан алынған, қорғаушы Джо Рэгланд та команданың негізгі ойыншыларының біріне айналып, әр ойында орта есеппен 12 ұпайдан еншілеп келеді. Биылғы маусымда команда сапына «әскери» Дмитрий Кулагин мен орталық шепте ойнайтын Фрэнк Элегар қосылған. Соңғысын Эстонияның «Калева» және Красноярскінің «Енисей» клубтарында ойнаған кезінен жақсы білеміз.  
    

Турнир кестесі:
Краснодар командасы ВТБ Бірыңғай лигасының турнир кестесінде үшінші орынды иемденіп тұр. Еншісінде – 6 жеңіс, 1 жеңіліс. Ал «Астана» баскетболшылары екі жеңіспен 9-орынға орналасқан. Бұл матч – «Локо» үшін де, «Астана» үшін де сегізінші ойын.    

Бас бапкердің пікірі:
- Біз Еуропаның азулы командаларының бірімен кездесеміз. Әрі дәл қазір – спорттық бабына келген ұжым. «Локомотив» – ВТБ Бірыңғай лигасында ғана емес, тіпті Еурокубоктарда да көбінесе жеңіске жетіп жүрген команда. Клубтың құрамы тәжірибелі ойыншылармен жасақталған, әр шепте тәп-тәуір орындаушылары бар. Әрине, бізге шабуылда ғана емес, қорғаныста да аянбау керек. Бір-бірімізге көмектесіп, шабуылда әрқайсымыз үшін жағдай жасауға тиіспіз. Краснодар командасында бойлары өте биік ойыншылар көп, олардың күш-қуаттары да мол, міне, бізге осыларға төтеп беру қажет. Бізге, әрине, олардың көшбасшыларын және қауіпті шабуыл ұйымдастыратын ойыншыларын жеке-жеке тұсаулап ұстау маңызды.    

Қайда, қашан, нешеде?
Арена: «Сарыарқа» республикалық велотрегі
Уақыт: 15.00 Астана уақыты бойынша
Трансляция: ВТБ Бірыңғай лигасының сайты, «Астана» ПБК сайты, «QazSport» телеарнасы.

Қорғанысы берік «Локо» мен шабуылы шау тартқан «Астана»

10.12.2017, 20:00    Просмотров: 335
Источник: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Ресейдің «Локомотив-Кубань» клубы түзде қазақтың «Астанасынан» басым түсті – 83:50 (19:16, 23:12, 21:17, 20:5).

Теміржолшылар ойын тізгінін бірден өз қолдарына ала алмады. Ойынның екінші ширек бөлігінде алаң иелері бір ұпай айырмасымен ғана ұтылып, дес бермей тұрған – 29:28. Алайда, осыдан кейін «Астананың» шабуылы шау тартып, «Локо» үлкен үзіліске дейін жауапсыз 13 ұпай еншіледі. Үшінші 10-минуттықта Джо Рэгланд пен Марди Коллинз алыстан лақтырған соққыларымен қазақстандықтардың қорғанысын әбігерге түсірді, әрі қайсыбір сәтте есеп айырмасы 20 ұпайға жетті – 63:43. «Локо» осылай қара үзіп кетсе де, қарқынын бәсеңдетпей, көсіле шапты. Ойынның соңғы бөлігінде «Астана» небәрі 5 ұпай ғана еншіледі.     


Көп ұпай жинағандар:
  • «Астана»: Джастин Картер (17+9 рет доп қақшып алды), Энтони Клеммонс (14)
  • «Локомотив-Кубань»: Джо Рэгланд (16+7 пас), Брайан Квале (13+9 рет доп қақшып алды), Марди Коллинз (12), Фрэнк Элегар (11)

«Астананың» бас бапкері Костас Флеаваракис:  
— Бізде ұзақ үзіліс болды. Әрі бүгін ойыншыларымыздың бәрі де алаңға шыққан жоқ. Рустам Ерғали ауырып қалды, жаңа ойыншымыз Малкольм Грант та бүгінгі ойынға қатыса алмады – мұның бәрі ойын нәтижесіне әсер етті. Енді бізге бәрін де ұмытып, келесі ойынға дайындалу керек.


«Локомотив-Кубань» клубының бас бапкері Саша Обрадович:  
— Берлиннен және Еврокубоктан кейін біз үшін «Астанамен» өтетін ойын өте маңызды болды. Барлық ойыншыларымыз қорғаныста да, шабуылда да аянбай тер төкті – мен мұнда жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын.


«Астана» келесі ойындарын да өз алаңында өткізеді, 13 және 14 желтоқсан күндері елорда баскетболшылары Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында Қостанайдың «Тобылын» қабылдайды.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құлылған жылы: 1946 Клубтық түстері: жасыл, қызыл
Мемлекет: Ресей Арена: Баскет Холл
Қала: Краснодар Сайт: lokobasket.com

Сипаттамасы

«Локомотив-Кубань» – ресейдің кәсіби ерлер баскетбол клубы, Краснодар қаласынан, 1946 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Еуропа кубогының жеңімпазы – 2012/2013
  • Ресей кубогының иегегері – 2000, 2018
  • РТЖ халықаралық кубогының жеңімпазы – 2007, 2008
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2017/2018
  • FIBA кубогының финалына шыққан – 2004/2005
  • EuroChallenge кубогының финалына шыққан – 2010/2011
  • Корач кубогының финалына шыққан – 2001/2002
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2013/2014
  • Еуролиганың қола жүлдегері – 2015/2016
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2012/2013
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері – 2014/2015
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2000/2001, 2001/2002, 2011/2012, 2014/2015

Команданың жалпы суреті

Локомотив Кубань