ВТБ Бірыңғай лигасы 2017/2018
Зенит
Санкт-Петербург
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
15.10.2017, 18:30 Жс
Арена: СК «Юбилейный» (Ст. Петербург)
84:73
Негізгі уақыт
21:14 24:13 15:22 24:24
Ойын нөмірі: RS-12
Көрермен: 2445
Астана
Астана

Петерборды бетке алды

14.10.2017, 15:00    Просмотров: 538
Источник: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева

Елоданың баскетболкомандасыСанкт-Петербург қаласына аттанып кетті, ертең ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті ойынын жергілікті «Зенит» клубымен өткізеді.

«Зенит» баскетбол командасы 2014 жылы жазда өзі аттас футбол клубы құрылымында департамент болып құрылған. Команданың негізін және бапкерлері құрамын соған дейінгі «Триумф» ұжымының ойыншылары мен жаттықтырушылары құраған. Сонымен қатар, Мәскеу түбіндегі клубтан 2014/2015 жылдар маусымында ВТБ Бірыңғай лигасы мен Еурокубокта бақ сынау құқығы да ауысқан.

Жетістіктері:

  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері – 2015/2016, 2016/2017
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2015/2016, 2016/2017
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2015/2016

Команданы Ресейдің көпшілікке танымал маманы Василий Карасёв жаттықтырады. Ол 2015/2016 жылдар маусымында ВТБ лигасының ең үздік атанған. Биылғы маусымда «Зенит» ВТБ лигасы аясында екі ойын өткізіп үлгерді. Оның біреуінде жеңіске жетіп, енді біреуінде ұтылып қалды. Ал екі команда арасындағы өзара кездесулерге тоқталар болсақ, «Астана» 2014/2015 маусымында «Зенитті» петерборлықтар аренасында 85:88 есебімен тізе бүктіріп, осы жеңісінің арқасында плей-офф сатысына шыққан болатын.

Костас Флеваракис, «Астана» ПБК бас бапкері:
«Зенит» түзде «Парма» және «Гран Канария» клубтарымен екі матч өткізіп, екеуінде де өрнекті ойын үлгісін көрсетті. Шабуылда ерекше көзге түсті. Бізге ойын өрісін жіті бақылап, оймақтор түбінде қайтқан допты қағып алуда есе жібермей, қателікті неғұрлым аз жіберуге тырысу керек. Бұл командада деңгейлері жоғары баскетболшылар өте көп, олар доп лақтыруға шебер, бізге осылардың әрқайсысын көзден таса қылуға болмайды».

Бұл матчтың трансляциясын 15 қазан күні Астана уақытымен 18:15-те «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көруге болады. Сондай-ақ ВТБ Бірыңғай лигасы сайтынан онлайн-режімінде тамашалай аласыздар.
 

«Астана» тырысып, «Зенит» жеңді

15.10.2017, 23:00    Просмотров: 709
Источник: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Ресейдің «Зениті» өз алаңында Қазақстан командасын қабылдап, «Астана» қанша тырысса да, айласын асырды — 84:73 (21:14, 24:13, 15:22, 24:24).

«Зенит» кездесуді өте ширақ бастап, негізінен Демонте Харпердің нәтижелі ойынының арқасында (матчтың бірінші ширек бөлігінде – 10 ұпай) басымдық танытып, алға шықты. «Астана», әрине, намысты қолдан бермеуге тырысты, тіпті есепті 1 ұпай айырмасына дейін қысқартты (23:22). Бірақ петерборлықтар үлкен үзіліске дейін қарсыластарын үш ұпайлық соққыларымен төпелеп, 22:5 есебімен суырылып, қара үзіп кетті.

Бұл Қазақстан командасын жігерлендіріп, намыстарын жанып өткендей болды. Үшінші 10-минуттықта олар үстем түсті, ал Джастин Картер алаң иелерінің қорғанысын әбден әбігерге түсірді. Бірақ матч соңында Кайл Курич пен Сергей Карасев ойын «тізгінін» өз қолдарына алып, «Астананың» матч соңындағы талпыныстарын басып, үміттерін үзді.   
 

Ең көп ұпай жинағандар:
  • «Зенит»: Демонте Харпер (21+5 рет доп қақшып алды), Кайл Курич (18), Сергей Карасев (17), Дрю Гордон (10+8 рет доп қақшып алды)
  • «Астана»: Джастин Картер (27+9 рет доп қақшып алды), Ике Удано (16+13 рет доп қақшып алды), Энтони Клеммонс (11). 

«Зениттің» бас бапкері Василий Карасев:
— Біздің жағдайымызда ең бастысы – жеңіс, қандай екені маңызды емес. Өйткені, еңгерзедей ойыншыларымыз, Гордон да, Валиев те жарақаттарынан айықпаған күйі алаңға шықты. Әйтсе де, біз өрнекті ойын үлгісін көрсетіп, үнемі алда болдық. Матчтың үшінші ширек бөлігінде арқаны кеңге салып, босаңсыған кезіміз де болды. «Астана» бірден қарқынын үдетіп, осыны пайдаланып кете жаздады. Бірақ одан әрі біз өзімізді қолға алып, жеңісті уысымыздан шығарған жоқпыз.


«Астанның» бас бапкері Костас Флеваракис:
— Ойынның бірінші ширек бөлігінен бастап, «Зенит» өте ширақ қимылдап, жоғары қарқында ойнады. Біз болсақ, ойынның екінші жартысында ғана қамшыны бастық. Бұл кезде ұпай айырмасы тым алшақ еді. Әзірше біздің жігіттеріміз алаңда бір-бірімен тіл табысып кете алмай жүр. Себебі Азия кубогында басқа құрам ойнаған. Сондықтан ойыншыларымыз тізе қоса қимылдағанның орнына жеке тартып кетеді.

 
Единая Лига ВТБ 2017/2018, «Зенит» — «Астана»

«Астана» келесі ойынын да түзде ВТБ Бірыңғай лигасы аясында өткізіп, Минскіде Беларустің «Цмоки-Минск» клубымен кездеседі.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 2014 Клубтық түстері: ақ, көк
Мемлекет: Ресей Арена: «Сибур Арена»
Қала: Санкт-Петербург Сайт: https://bc-zenit.com

Сипаттамасы

«Зенит» – ресейдің кәсіби ерлер баскетбол клубы, Санкт-Петербург қаласынан, 2014 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионы — 2021/2022
  • Ресей Чемпионатының жеңімпазы — 2021/2022
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері – 2015/2016, 2016/2017, 2017/2018, 2019/2020 
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2015/2016, 2016/2017, 2017/2018, 2019/2020
  • ВТБ Бірыңғай лигасы Суперкубогының күміс жүлдегері — 2021
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2015/2016

Команданың жалпы суреті

Зенит