2017 жылы ерлер командалары арасында баскетболдан Қазақстан Кубогы
Астана
Астана
Қазақстан Кубогы, Плей-офф Финал
12.03.2017, 16:00 Жс
Арена: ӘСК «Достық» (Алматы)
66:46
Негізгі уақыт
18:8 15:16 14:14 19:8
Ойын нөмірі: ККМ-12
Көрермен: 0
Атырау Барыстары
Атырау

«Астана» – 2017 жылғы Қазақстан Кубогының иегері

11.03.2017, 20:00    Просмотров: 353
Источник: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Бүгін баскетболдан ерлер арасындағы “Қазақстан кубогы – 2017” додасының финалдық ойыны өтіп, бітіспес қарсыластар, яғни «Астана» ПБК және «Атырау Барыстары» БК кездесті.

Кеше жартылай финалдық екінші жұпта Атыраудың «Барыстары» мен Ақтаудың «Каспий» клубы кездесіп, тартысты өткен ойында Атырау клубы 86:74 есебімен жеңіске жетіп, Қазақстан кубогының финалында бас бәйгені сарапқа салу құқығына ие болған болатын.

«Астана» ПБК былтыр ел кубогы додасына қатыспаған болатын, ал биыл Кубокты Астанаға алып кету үшін додаға түсті.
Мұратқа жету оңай болды ма, жоқ па, кесіп айту қиын, бірақ финалдық ойын бәрінен де қызықты және шектен тыс шиеленісті өтті.

«Астананың» негізгі құрамдағы бестігі: Рүстем Мырзағалиев, Антон Пономарев, Рустам Ерғали, Александр Жигулин және Максим Марчук. 

Екі команда да алғашқы шабуылдарынан бастап қателесіп, есепті аша алмай, мүлт кетті. Әйтсе де, Антон Пономарев бірінші болып бастады. – 2:0. «Барыстар» да қалыспай, екі ұпаймен жауап берді. Әрі қарай ұсақ-түйек қателіктер бір-біріне жалғасты. Атыраулықтар оймақторға доп түсіре алмай, соның кесірінен одан әрмен қателесіп, қара терге түсті. «Астана» керісінше, сабырлық сақтап, бәрін де дұрыс істеуге тырысып, +10 ұпай айырмасымен алға шықты. Бірінші кезең 18:8 есебімен аяқталып, «Астана» басымдық танытты.
 
Екінші онминуттық айтарлықтай өзгеріссіз өтті. Үш минут бойы екі команда да допты оймақторға түсіре алмай, пұшайман болды. Тек 4-ші минутта Рүстем Мырзағалиев команда қоржынына қиыншылықпен келген 3 ұпайды салды. Атыраулықтар да қалыспай, үш ұпайлық соққымен жауап берді, әрі есепті қысқартуға тырысты. Бірақ «Астана» 10 ұпайлық басымдығын екінші кезеңнің аяғына дейін сақтап қалды. Ойынның бірінші жартысы 33:24 есебімен аяқталды, алда – «Астана».    

Үлкен үзілістен кейін екі команда да алаңға шыға салып, қамшыны басты, Айылдарын жимай, аянбай ойнады. Бірақ мұндай ойыннан Рүстем Мырзағалиев үшін еш пайда болмады. Ол жетінші минутта 5-ші рет ескерту алып, алаңнан аластатылды. Ойын үйлестіруші міндетін өзіне команда капитаны Рустам Ерғали алды. Әрі өте маңызды үш ұпайлық соққысын оймақторға дөп түсірді. Үшінші кезең «Астана» ПБК жеңісімен, яғни 47:38 есебімен аяқталды.

Соңғы онминуттық ұзаққа созылып, бітпей қойғандай әсер етті, қос команда да титықтап шаршады, әрбір ойыншы үш-төрт ескертуден алып, доп додасы мейілінше шиеленісе түсті. Өйткені, әрбір келесі бұрыс қозғалыс пен әрекеттің бағасы тым қымбат еді. Десек те, бұл ойынға соншалықты әсер еткен жоқ. Максим Марчук көрермендерді әдемі данктермен сүйсіндірсе, Антон Пономарев небір қиын сәттерде мүл кетпей, риза қылды. «Барыстардың» орталық ойыншысы Михаил Евстигнеев бесінші рет ескерту алып, ойынды қосалқы құрам орындығынан көруге кетті. Оның ізін суытпай, Павел Михеев те бесінші рет ереже бұзып, Евстигнеевке қосылды. Бұл «Астананың» тынысын аша түсті, сөйтіп олар барлық күш-жігерлерін ойының соңына жұмылдыра білді.

Финалдық ысқырық, таблодағы есеп – 66:46, «Астананы» жеңісімен құттықтаймыз!


 
Бұл турнирдің «Астана» үшін маңызы зор болды, команда өз күшімен, легионерлерсіз де, жоғары деңгейде өнер көрсетіп, ерен жетістіктерге қол жеткізе алатындығын дәлелдеп шықты.
 
Статистика: Дмитрий Гаврилов – 17 ұпай,  Рустам Ерғали – 13 ұпай, Максим Марчук – 7 ұпай.

Ежелден келе жатқан баскетбол дәстүрі бойынша, Қазақстан кубогының ең үздік бес ойыншысы анықталды:
  • «Үздік ойын үйлестіруші» – Рүстем Мырзағалиев (Астана)
  • «Үздік шабуылдаушы қорғаушы» – Рустам Ерғали (Астана)
  • «Үздік жеңіл шабуылшы» – Павел Ильин  (Атырау Барыстары)
  • «Үздік ауыр шабуылшы» – Антон Пономарев (Астана)
  • «Үздік орталық ойыншы» – Всеволод Фадейкин (Алматы Легионы)
«Астана» командасын, барлық ойыншыларын, бапкерлер құрамы мен басшыларын тағы да биылғы маусымдағы ең алғашқы жетістіктерімен құттықтаймыз!
 

Қарсылас жайлы мәлімет

Құлылған жылы: 2005 Клубтық түстері: ақ, жасыл
Мемлекет: Қазақстан Арена: АМУ Х. Досмұхамедов атындағы
Қала: Атырау Сайт: www.bcbarsy.kz

Сипаттамасы

«Атырау Барыстары» – Қазақстанның ерлер арасындағы кәсіпқой баскетбол клубы, Атырау қаласынан.

2003 жылы Атырау жерінде тұңғыш рет баскетбол командасы құрылды – «Атырау Барыстары». Бұған 2001 жылы Атырау облыстық баскетбол федерациясының құрылуы ұйытқы болды. Сондай-ақ «Жас Қанат» балалар командасы құрылып, өздерінің жас шамасындағы ел чемпионаттарында табысты өнер көрсете бастады. 2003 жылы Атырау облыстық баскетбол федерациясы мен Атырау облыстық Туризм және спорт басқармасының және Орск баскетбол федерациясының күш-жігерлерімен «Атырау Барыстары» командасы құрылды.

Команда құру бастамашылары болғандар: Нариман Байбосынов – Атырау облыстық баскетбол федерациясының президенті, Саламат Төлеуов – Атырау облыстық баскетбол федерациясының вице-президенті, Болат Мұхамбетқалиев – Атырау облыстық баскетбол федерациясының вице-президенті, Қазбек Иманғали – Атырау облыстық Туризм және спорт басқармасының басшысы, Анатолий Хан – Атырау облыстық Туризм және спорт басқармасы басшысының орынбасары, Амантай Тұрғаев – жаттықтырушы, Леонид Новиков – кеңесші жаттықтырушы (Орск қаласы, Ресей).

2007/2008 жылдар маусымында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Анатолий Григорьевич Кимнің жетекшілік етуімен әйелдер арасындағы «Атырау Барыстары» командасы құрылды.

2009 жылы клуб өзінің алғашқы ерен жетістігіне қол жеткізіп, Қазақстан кубогын жеңіп алды.

2010/2011 жылдар маусымында «Барыстар» Қазақстан чемпионы атанды, финалда Қостанайдың «Тобылын» тізе бүктірді.

2010 жылы «Барыстар» Балтық баскетбол лигасында додаға түсіп, Орталық Азиядан осы лигаға қатысқан ең бірінші команда болды.
2010/2011 және 2011/2012 жылдар маусымында атыраулықтар ББЛ ауыспалы кубогының екінші дивизионында ойнады. Дивизиондар жойылған соң, 2012/2013 жылдар маусымында команда 1/16 финалына дейін жетті. 2013/2014 және 2015/2016 жылдар маусымында клуб плей-оффқа шықты, бірақ алғашқы сатысында жеңіліп қалды.
  
2015/2016 жылдар маусымында «Барыстар» Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанды, финалда «Астана» клубынан басым түсті.

Жетістіктері:
  • Қазақстан чемпионатының жеңімпазы: 2010/2011, 2015/2016
  • Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері: 2011/2012, 2012/2013, 2013/2014
  • Жоғары лигасының жеңімпазы: 2014/2015
  • Қазақстан кубогының иегері: 2009
  • Қазақстан кубогының финалына шықты: 2010, 2011, 2012

Команданың жалпы суреті

Атырау Барыстары