ВТБ Бірыңғай лигасы 2016/2017
Нижний Новгород
Нижний Новгород
ВТБ Бірыңғай лигасы, Тұрақты біріншілік
09.04.2017, 19:00 Жс
Арена: СС «Нагорный» (Нижний Новгород)
76:72
Негізгі уақыт
12:19 13:15 21:15 30:23
Ойын нөмірі: RS/140
Көрермен: 800
Астана
Астана

Мақсат – плей-офф: «Астана» Нижний Новгородқа аттанды

07.04.2017, 17:00    Просмотров: 88
Источник: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Алдағы жексенбіде, 9 сәуір күні «Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті кездесуін түзде өткізіп, «Нижний Новгород» командасымен додаға түседі.

Бұл екі команда үшін де биылғы маусымдағы ең маңызды ойын болады. «Нижний» жеңсе, Артурс Шталбергстің командасы үміт сәулесін маздатып, плей-оффқа шығу мүмкіндігін сақтап қалады. Ал «Астана» жеңіске жетсе, Папатеодорудың командасының плей-оффқа шығу мүмкіндігі мейлінше арта түседі. Жағдайдың осылай шиеленісуі екі команданы да жігерлендіріп отыр. Екеуіне де жеңіс керек, алайда «Астанаға» оның қажеттігі өзгелерден де асып түседі.
 
Қарсылас команданың жағдайына тоқталып өтер болсақ, нижнийгородтықтар турнир кестесінің 9-сатысында тұр. Жеті рет жеңіске жетіп, 15 рет ұтылды. Астаналықтар «Нижний» клубын қаңтар айында өз алаңында қабылдап, 93:84 есебімен басымдық танытқан.
 
«Нижний Новгород» клубының алаңында өтетін ойын біздің команда үшін мүлде оңай болмайды. Бірақ елордалықтар жеңіске жетуді көздеп отыр.
 
«Астана» ПБК бас бапкері Илиас Папатеодору алдағы ойын туралы өз пікірін білдірді:
– Бұл біз үшін өте маңызды матч, соңғы кездесудегі, әсірее қорғаныстағы ойын өрнегімізді түзеп, жанкештілік таныту керек. «Нижний Новгород» өте азулы команда, әсіресе шабуылда құйындай орап соғады. Олардың үш ұпайлық периметрден қауіп төндіретін ойыншылары көп, ал бізге осы ойын стиліне бейімделу керек.   

Естеріңізге сала кетейік, бұл ойын жексенбі күні, 9 сәуірде Нижний Новгород қаласында өтеді. Матч трансляциясын сіздер онлайн режімінде ВТБ бірыңғай лигасы сайтынан, Астана уақытымен 19:00-де көре аласыздар.

«Нижний» «Астананы» жеңсе де, плей-оффтан тыс қалды

09.04.2017, 23:00    Просмотров: 71
Источник: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Ресейдің «Нижний Новгород» командасы өз алаңында Қазақстанның «Астана» клубынан басым түсті – 76:72 (12:19, 13:15, 21:15, 30:23)

Маусым соңында, жеңістерінің саны бірдей болып шықса, «Астанадан» өзара кездесулер қортыныдысы бойынша асып түсіп, плей-оффқа шығу үшін «Нижний» клубына қарсыласын кем дегенде, 10 ұпай айырмасымен жеңу керек болатын. Бірақ қонақтары оған көне қойсын ба? Қазақстандықтар үш ұпайлық соққыны боратып, бірден алға шықты. Артурс Шталбергстің шәкірттері ойын аяғына дейін өкшелеп, қуып жетуге тырысумен болды. Тек соңғы 10-минуттықта алаң иелері сапындағы Бойнтон-Вене-Томпсон үштігінің нәтижелі ойындарының арқасында дода көрігі қайта қыза түсті. Сиим-Сандер Вененің алыстан лақтырған соққысынан кейін есеп теңесті – 66:66.   
  
Матчтың аяғы екі команданың алма-кезек шабуылымен ұласты – Петр Губанов «Нижний» клубын алға шығарды, Кенни Бойнтон есепті ұлғайта түсті. Бірақ Роберт Лоури адам таңғаларлық үш ұпайлық «бомбасымен» отқа май құя түсті. Әйтсе де, матч нижнийлықтардың сәтті шабуылымен тәмамдалды – Томислав Зубчич кезекті үш ұпайлық соққысымен өз командасына жеңіс әперді. Бірақ жеңіс деген аты болмаса, бұл көңілге медеу тұтарлық нәтиже емес еді. «Нижний» өзіне қажетті ұпай айырмасымен жеңіске жете алмай, «Астана» клубынан асып түсу мүмкіндігінен айырылды. Десек те, «Астана» өзін еркін сезіне алмайды. Саратовтың «Автодор» клубы қатарлас өткен матчта «Парманы» тізе бүктірді. Енді Қазақстан клубының алдын орап кетуі де мүмкін. Яғни «Астана» әлі – қауіпті аймақта.    

Ең көп ұпай жинағандар:

«Нижний Новгород»: Кенни Бойнтон (17+9 пас), Петр Губанов (15+8 рет доп қақшып алды), Дижон Томпсон (15), Сиим-Сандер Вене (11).

«Астана»: Роберт Лоури (20+7 рет доп қақшып алды), Усман Крубалли (11+9 рет доп қақшып алды), Иан Миллер (11), Родерик Одом (10).

«Нижний Новгород» БК бас бапкері Артурс Шталбергс:
— Қалай ерсі естілсе де, бұл өзекті өртеген жеңіс болды. Бізге бес ұпай жетпеді, әрі бұл жағдай біздің биылғы маусымдағы өнерімізді дәлме-дәл айшықтап тұр. Біз қаншама ойында жеңіске сынық сүйем жетпей сүріндік, соңғы сәттерде сәл-пәл жетпей қалып жүрді. Баскетбол – ұсақ-түйегі жоқ ойын. Біз тағы да жағымсыз тәжірибе алдық. Плей-оффқа іліге алмадық, тағы да сәл ғана жетпей тоқтадық, тоғызыншы орынға табан тіредік.Өкінішке қарай, біз көңілдегі нәтижеге қол жеткізе алмадық, ВТБ лигасындағы мақсатымыз орындалмады.   

«Астана» ПБК бас бапкері Илиас Папатеодору:
— Бірінші кезекте бүгінгі ойындағы жауапкершілік жүгінің тым ауыр болғанын айта кеткім келеді, себебі екі команда үшін де шешуші кездесу еді. Біз ойынды тәп-тәуір бастадық, допты өз бақылауымыздан тыс қалдырмай, «Нижнийдің» шабуылдағы жоспарын бұздық. Ойынның екінші жартысында осы бетімізден таймай, жалғастыра беруді жоспарладық. Бірақ қарсыласымыздың еселерін қайтаруға тырысатындықтарын білдік. Өкінішке қарай, матч соңында біздің үздік ойыншыларымыз алған ескертулерінің санына байланысты көсіле сілтей алмады. Жағдайымыз қиындай түсті. Оның үстіне, «Нижний» да қорғаныста сауатты ойнай бастады. Біз үшін бұл ойынды овертаймға дейін созудың қажеті жоқ еді, сондықтан бүгінгі жеңілісіміз сондай жаман нәтиже емес. Біз енді плей-оффқа мейілінше жақындай түстік. Менің командам биыл плей-оффта бақ сынауға тұрарлықтай еңбек сіңірді.
 
«Астана» келесі ойынын да түзде өткізеді, енді елорда командасы Қазанға жол шегеді. 13 сәуір күні ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Ресейдің «УНИКС» баскетбол клубымен кездеседі.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құлылған жылы: 2000 Клубтық түстері: ақ, қара
Мемлекет: Ресей Арена: СС «Профсоюзов»
Қала: Нижний Новгород Сайт: www.nn-basket.ru

Сипаттамасы

«Нижний Новгород» – ресейдің ерлер арасындағы баскетбол клубы, Нижний Новгород қаласынан.

Клуб 2000 жылы Волга инженерлік педагогикалық институты (ВИПИ) базасында құрылған. Жоғары лигаға шыққан команданы, сол кезде Александр Хайретдинов басқарып, Бас директор, бас бапкер және дәрігер міндеттерін өз қолына алған болатын.
 
2001/2002 жылдар маусымында клуб «Нижегород баскетбол академиясы» немесе қысқаша ғана «НБА» деп аталды.

Клуб құрылғалы бері атауын бірнеше рет өзгертті: «НБА» (2001/2002), «НБА-Сети-НН» (2002-2004), «НБА-ТЭЛМА» (2004-2006). 2005/2006 жылдар маусымының қорытындысы бойынша нижегородтық команда «Б» Суперлигасына шығып, «НБА-Нижний Новгород» деп атала бастады.
 
2008 жылы қазан айында клубтың кадрлық құрамында айтарлықтай өзгерістер болды – клубтың бапкерлік және басқарушы құрамы ауысты. «Нижний Новгород» БК президенті Нижегород облысының инвестициялық саясат министрі, Олимпиада чемпионы Дмитрий Сватковский болды. Бас менеджер қызметін баскетболдан 12 дүркін Ресей чемпионы, Еуролига чемпионы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Сергей Панов атқара бастады. Бас бапкері серб маманы Зоран Лукич болды. Ал Александр Хайретдинов клубтың бас директоры болып қалды.
 
2009/2010 жылдар маусымы қарсаңында нижегородтық клуб атауын «Нижний Новгород» БК («НН» БК) деп өзгертті. 2010 жылы мамыр айында Б суперлигасында бірінші орынға ие болып, Ресей баскетболының жоғары дивизионында аймақ намысын қорғау құқығына ие болды.
 
2010/2011 жылдар маусымында «НН» БК Нижегород облысының намысын Кәсіпқой баскетбол лигасында (ПБЛ), яғни Ресей баскетболының жоғары дивизионында қорғады. Әрі «Нижний Новгород» жаңа лиганың құрылтайшыларының бірі болды.  
 
2013/2014 жылдар маусымында «Нижний Новгород» БК маңыздылығы жағынан Еуропаның екінші клубтық тунирінде, яғни Еурокубок додасында алғаш рет бақ сынады.
 
2014/2015 жылдар маусымында «Нижний Новгород» БК Еуропаның ең басты клубтық тунирі – Еуролигада алғаш рет додаға түсіп, бірден Top-16 додасына шықты.
 
«Нижний Новгород» бүгінде Нижний Новгород қаласы мен Нижегород облысындағы ерлер арасындағы жалғыз кәсіпқой баскетбол командасы болып табылады.

Жетістіктер:
  • Ресей Суперлигасының «Б» дивизионы чемпионы – 2010
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2011
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2013/2014
  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері – 2013/2014

Команданың жалпы суреті

Нижний Новгород