ВТБ Бірыңғай лигасы 2016/2017
ЦСКА (МСК)
Мәскеу
ВТБ Бірыңғай лигасы, Плей-офф 1/4 финалы
07.05.2017, 17:30 Жс
Арена: ӘСК ЦСКА (Мәскеу)
94:74
Негізгі уақыт
22:16 23:16 25:19 26:23
Ойын нөмірі: QF/8
Көрермен: 1200
Астана
Астана

ЦСКА жартылай финалға қарыс қадам қалды

07.05.2017, 22:00    Просмотров: 41
Источник: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Ресейдің ЦСКА командасы плей-офф сатысының 1/4 финалындағы екінші матчта да, өз алаңында қазақтың «Астанасынан» басым түсті – 94:74 (22:16, 23:16, 25:19, 24:23).

Бірінші ойынмен салыстарғанда, бүгінгі ойында әскерилер клубы бірден алға озып кете алмады. Екінші 10-минуттықтың басында қонақтарды қайран қалдырған Михаил Кулагин болды: оның үш ұпайлық екі «бомбасы» және Кори Хиггинстің алыстан лақтырған добы – міне, осыдан кейін ғана алаң иелері алға ұзап шықты (31:20). Қызыл-көк жейделілер бір-бірімен деңгейлес ойыншыларының көптігінің арқасында ойынның үшінші бөлігінде де басымдық танытты. Негізінен Нандо Де Коло, Аарон Джексон және Никита Курбанов көзге ерекше түсіп, ұпай айырмасы «+19» болды. Матчтың соңғы ширек бөлігінде қонақтар қарқындарын үдетті, бірақ бұл жолы олардың аптықтарын ағайынды Кулагиндердің үлкені басты – Дмитрий команда қоржынына бес ұпай салды. Енді екеуара дода Астанада жалғасады. Есеп – 2:0. Алда – ЦСКА.   
 
Ең көп ұпай жинағандар:
ЦСКА: Нандо Де Коло (15), Аарон Джексон (11)
«Астана»: Роберт Лоури (19+6 пас), Усман Крубалли (12), Иан Миллер (12), Леонидас Каселакис (10)
 
ЦСКА бас бапкері Димитрис Итудис:
— Команданы жеңісімен құттықтаймын. Бірінші ойынмен салыстарғанда, біз бүгін көптеген компоненттер бойынша асып түстік. Әрі 2-0 есебімен алға шықтық және «Астанамен» қонақта ойнауға дайындаламыз. Ал қарсыласымыз өз алаңында оңайшылықпен беріспейді.
 
«Астана» ПБК бас бапкері Илиас Папатеодору:
— Бізге ЦСКА секілді азулы командамен 48 сағаттың ішінде екі ойын өткізу – өте қиын. Біздің деңгейі жоғары ойыншыларымыз көп емес. Шабуылда ширақ қимылдауға, допты еркін лақтыруға мүмкіндік туғызуға тырыстық. Бірақ ЦСКА-дан қалыспай, жоғары қарқында ойнау өте қиын болды. Қарсыласымыз күмәнсіз жеңді. Енді біздің үйдегі ойынға дайындалуға үш күніміз бар. Оның екеуара кездесудегі соңғы матч болуы да мүмкін.
 
«Астана» ВТБ Бірыңғай лигасының 1/4 финалы аясындағы келесі және үшінші ойынын өз алаңында өткізеді. Елорда командасы 10 мамыр күні Мәскеудің әсерилер клубын қабылдайды.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құлылған жылы: 1923 Клубтық түстері: қызыл, көк
Мемлекет: Ресей Арена: ӘСК ЦСКА
Қала: Мәскеу Сайт: www.cskabasket.com

Сипаттамасы

ЦСКА – Ресейдің ерлер арасындағы баскетбол клубы, Мәскеу қаласынан.

ЦСКА баскетбол клубының тарихы 1924 жылдан арна тартады. 1928 жылға дейінгі нақты атауы белгісіз – көптеген мәліметтерде, оның ішінде клубтың ресми сайтында, 1924 жылы «Қызыл Армияның Орталық үйінде (орысша – ЦДКА) баскетбол үйірмесі құрылған», содан бастап команда ЦДКА болып аталған деп жазылған. Алайда бұл шындыққа жанаспайтындай, өйткені Қызыл Армияның Орталық үйі тек 1928 жылы ашылған. Яғни 1928 жылдан бері – ЦДКА. 1945 жылы команда КСРО чемпионы болды, ал 1946 жылы Кеңес Одағы чемпионатының күміс жүлдегері, келесі жылы қола жүлдегері атанды.

1949 жылы команда толықтай Василий Сталин құрған ВВС МВО клубының құрамына ауысады. Төрт жыл КСРО чемпионатындағы көшбасшылардың бірі болады. Атап айтқанда, 1949 және 1950 жылдары үшінші орынға, 1951 жылы екінші орынға ие болады да, 1952 жылы чемпион атанады.

1960 жылы клуб қазіргі атауына ие болады.

1969/1970 жылдар маусымында Александр Гомельский бас бапкер болып келеді. Дәл осы маманның кезінде команда КСРО чемпионатын 10-нан астам рет жеңіп алып, бірнеше рет Еуропа чемпиондары кубогының иегері атанады. 1979 жыл – Александр Гомельскийдің клубтың бас бапкері қызметіндегі соңғы маусымы.

1980 жылдан бастап ЦСКА-ның бас бапкері Гомельскийдің шәкірті Юрий Селихов болады. Оның жетекшілік етуімен 1980, 1981, 1983, 1984 жылдары ЦСКА Кеңес Одағы біріншілігіндегі жеңісті жолын жалғастырады. Ал 1982 жылдан бастап ЦСКА-ны Сергей Белов та жаттықтырады.
    
1992 жылы ЦСКА-ға Станислав Георгиевич Еремин бас бапкер болып бекітіледі. Ол 1992 жылдан 2000 жылға дейін 9 рет қатарынан ЦСКА-мен Ресей чемпионы атанады. 1996 жылы ЦСКА баскетболшылары FIBA Еуропа лигасының Төртеу финалына шығады. Жартылай финалда гректің «Панатинаикос» клубынан ұтылып, үшінші орын үшін өткен матчта «Реал Мадрид» командасынан басым түседі. 2000 жылы әскерилер NEBL (Солтүстікеуропалық лига) біріншілігінде топ жарады. Маусым аяқталған соң Еремин Қазанның УНИКС клубына ауысып кетеді.
     
2000 жылы клуб тізгінін ойыншы ретіндегі карьерасын аяқтаған Валерий Тихоненко қолына алады. 2000-2002 жылдар маусымында ЦСКА Ресейдің «А» суперлигасында жүлдесіз қалады. Мұндай жағдай клуб тарихында алғаш рет сонау 1959 жылы болған болатын. Алайда клуб халықаралық аренада тәп-тәуір өнер көрсетеді. 2001 жылы FIBA Супролигасының Төртеу финалына жолдама алады. 2002 жылы ULEB Еуролигасының Төртеу финалына шығуға сәл ғана қалады, бірақ шешуші матчта ұтылып, бар мүмкіндігінен айырылады.

Маусым аралығында клуб президенті Александр Гомельский Бас менеджер қызметіне Сергей Кущенконы шақырады. Ол клубты бастан-аяқ өзгертіп, қайта құрылымдаудан өткізеді. Клубтың инфрақұрылымы, бас бапкері және көптеген ойыншылары өзгереді. Бұл алғашқы маусымда-ақ жемісін беріп, ЦСКА Ресей чемпионатында топ жарып, Еуролиганың Төртеу финалына шығады.

2002-2011 жылдар маусымында ЦСКА бірінші орынды еш клубқа бермей, тоғыз рет Ресей чемпион болады және төрт рет Ресей кубогын жеңіп алады.

2004/2005 жылдар маусымында әскерилер ерен жетістікке қол жеткізеді: 64 матчта 60 рет жеңіске жетіп, түзде өткізген 31 ойынның түгелінде басым түседі.

2005/2006 жылдар маусымында клубтың жаңа бас бапкері, Италия маманы Этторе Мессинаның жетекшілігімен ЦСКА Кондрашин-Белов кубогын, Ресей кубогын, Ресей чемпионы және Еуролига чемпионы атағын жеңіп алады.

2002-2010 жылдар аралығында ЦСКА Төртеу финалына үздіксіз қатысып, мәртебесі жоғары турнирдің екі рет чемпионы болып, екі мәрте финалында бақ сынайды.

2010 жылдың жазында клуб басшылығы егде тартқан құрамын тезірек қайта құрылымдаудан өткізу керек екенін түсініп, дамудың эволюциялық жолын қолданып көреді. Бас бапкер қызметіне жастармен жұмыс жасау жағынан Еуропадағы ең үздік мамандардың бірі Душко Вуйошевич шақырылады. Алайда серб бапкері командамен тіл табыса алмайды. Оның жалғыз-ақ маңызды жетістігі ЦСКА-ның маусым аралығында мұхит асып барған сапарында «Кливленд Кавальерс» клубын жеңуі болады. Бұл – Еуропа командасының АҚШ-та ҰБҚ клубын қарсыласының алаңында жеңген, тарихтағы алғашқы жетістігі. Әйтсе де, әскерилер маусымда ілбіп басып, ұзақ жылдардан бері алғаш рет Еуролиганың Top-16 додасына шыға алмай қалады. Бұл Вуйошевичті орнынан босатумен аяқталады. Қараша айында оның орнын міндетін атқарушы ретінде Дмитрий Шакулин басады да, ал ақпан айында Йонас Казлаускас бас бапкер болып тағайындалады. Қызыл-көк жейделілердің сәтсіздіктері тізіміне ВТБ Бірыңғай лигасының финалындағы жеңілісі де қосылады. Бірақ Ресей чемпионатының плей-офф сатысында ЦСКА көсіле сілтеп, тоғызыншы рет қатарынан чемпион болады.

2011/2012 жылдар маусымында ЦСКА небәрі 6 рет қана ұтылады: «Химки», «Спартак» (Спб), «Нимбурк» (Чехия), «Галатасарай» (Стамбул) және «Бильбао» (Испания) клубтарынан. Алтыншы және өзекті өртеген ең өкінішті жеңілісі Еуролига финалына тап келіп, Грекияның «Олимпиакос» клубынан ұтылып қалады.

Төрт жылдан кейін ЦСКА-ға Еуролиганы жеңіп алудың да сәті түседі. 2015/2016 жылдар маусымында Төртеу финалы Берлинде өтеді. Жартылай финалда Ресейдің басқа клубынан, яғни «Локомотив-Кубань» командасынан басым түседі. Одан кейін, шектен тыс шиеленісті өткен финалдық ойында, жеңісті түріктің «Фенербахче» клубынан овертаймда “жұлып алып”, Еуропаның ең басты турнирін 7-ші рет жеңіп алады.

Жетістіктері:
  • КСРО чемпионы − 1945, 1960-1962, 1964-1966, 1969-1974, 1976-1984, 1988, 1990
  • Ресей чемпионы – 1992-2000, 2003-2015
  • КСРО кубогының жеңімпазы − 1972, 1973, 1982
  • Ресей кубогының жеңімпазы – 2005-2007
  • Еуропа чемпиондары кубогының жеңімпазы − 1960/1961, 1962/1963, 1968/1969, 1970/1971
  • Еуролига чемпионы − 2005/06, 2007/08, 2015/16 
  • NEBL чемпионы − 1999/2000. 
  • ВТБ Бірыңғай лигасының чемпионы − 2009/2010, 2011/2012, 2012/2013, 2013/2014, 2014/2015, 2015/2016
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері − 2010/2011

Команданың жалпы суреті

ЦСКА (МСК)