ВТБ Бірыңғай лигасы 2016/2017
Локомотив-Кубань
Краснодар
ВТБ Бірыңғай Лигасы, Тұрақты біріншілік
15.02.2017, 23:00 Ср
Арена: Баскет Холл (Краснодар)
67:59
Негізгі уақыт
20:18 12:17 17:15 18:9
Ойын нөмірі: RS/102
Көрермен: 3107
Астана
Астана

Елорда баскетболшылары Краснодарға кетті

14.02.2017, 14:35    Просмотров: 1006
Источник: Баспасөз қызметі
Автор: Альмира Шахаева
Ертең, 15 ақпан күні «Астана» баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасы аясындағы кезекті кездесуін түзде өткізеді. Қазақстан командасын Краснодардың «Локомотив-Кубань» клубы қабылдайды.

Біздің команданың қарсыласы шежіресі мол ұжым, алған жүлделері де аз емес. «Локо» – 2012/13 жылдар маусымындағы Еуропа кубогының жеңімпазы, ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2012/13, сондай-ақ, клубтың басқа да жүлделері жетерлік.

Бұл команданы әйгілі серб маманы Саша Обрадович жаттықтырады. Айтпақшы, дәл осы бапкер біздің қорғаушымыз Роберт Лауриді де немістің «Альба» командасында жаттықтырған. Дәл қазір «Локомотив» ВТБ лигасы біріншілігінде 2-орынды иеленіп тұр. Алдында тек – Мәскеудің ЦСКА командасы. Бірақ краснодарлықтар биылғы маусымда әскерилер клубын да сүріндіріп, өз алаңында 83:74 есеімен жеңген.

«Астана» мен «Локо» арасындағы бірінші кездесу өтіп кетті. Желтоқсанда елордалықтар «Локомотив» баскетболшыларын қабылдаған. Тартысты өткен ойында қонақтар басым түскен болатын – 51:71. Ендігі ойын одан да шиеленісті болуы керек, әрі Краснодар клубының алаңында өтеді. Әйтсе де, Илиас Папатеодорудың шәкірттері ойынға тыңғылықты дайындалды.

Сіздер матч трансляциясын тікелей эфирде, Астана уақытымен 22:50-ден бастап «Қазспорт» телеарнасынан және 23:00-де ВТБ Бірыңғай лигасы сайтынан көре аласыздар.

«Локо» «Астананы» сүріндіріп, 13 рет қатарынан жеңіске жетті

16.02.2017, 10:00    Просмотров: 920
Источник: ВТБ Бірыңғай лигасы
Автор:
Ресейдің «Локомотив-Кубань» клубы өз алаңында қазақтың «Астанасынан» басым түсті – 67:59 (20:18, 12:17, 17:15, 18:9)

Ойынның бастапқы үш ширек бөлігінде алаң иелері көсіле сілтей алмай қойды, әсіресе шабуылда ойындары жүрмеді. «Астана» теміржолшылармен тайталасып, оларға қарсы өз тактикаларын қолданып, берік қорғаныстарына қарай ығыстыра түсті. Қонақтар кубандықтардың қателіктерін пайдаланып, оларды доптан айырылып қалуға итермеледі. Ал өздері «Локо» баскетболшыларына қарағанда, допты алыстан лақтырудан мергендік танытты. Алайда ойынның үшінші ширек бөлігі аяқталуға айналғанда алаң иелері қамшыны басты. Евгений Бабурин ысқырықтың безілдеуімен қоса допты алыстан торшеңберге дәл түсіріп, осы онминуттықты «сықап» жапты. Есеп болса, «–1» айырмасына дейін қысқарды (49:50). Осыдан кейін краснодарлықтарда мүлт кету деген болған жоқ. Марди Коллинс пен Райан Брокхоффтың іркес-тіркес «бомбалары» алаң иелерін алға шығарып, енді «Астанаға» қуып жету керек болды. Әрине, қонақтар тырысып бақты, бірақ «Локо» тағы да көсіле шапты. Бұл жолы Кевин Джонс өз шеберлігін паш етіп, матчтың нүктесін қойды. 10 ұпай айырмасын Илиас Папатеодорудың шәкірттеріне еңсеру мүмкін болмады.          

Ең көп ұпай жинағандар:

«Локомотив-Кубань»: Кевин Джонс (22+5 рет доп қақшып алды), Тейлор Рочести (9+6 пас)

«Астана»: Иан Миллер (16), Усман Крубалли (9+6 рет доп қақшып алды)

«Локомотив-Кубань» БК бас бапкері Саша Обрадович:
– Біз үшін өте күрделі ойын болды. «Астана» ойынның үш ширек бөлігі бойы дес берген жоқ, әрі тек бізбен ғана емес, түзде ЦСКА және «Химки» клубтарымен де тартынбай тайталасты. Бізге де бірақ қиындықтар туғызды. Ойынды өзіміз ойлағандай жігермен бастай алмадық, бірақ қарқынымызды үдеткен соң допты дәл түсіру де қиынға соққан жоқ. Білмеймен, қарсыласымызды лайықты түрде бағаламадық па, бірақ рас, менің өзім ЦСКА және «Химки» клубтарымен болатын ойындарға дайындала бастадым. Әлбетте, мен бұлай істемеуші едім. Бірақ бұл қайсыбір ағаттықтарымыз үшін ақталуға жараса, онда мойындаймын. Ойыншыларды да келесі қарсыластарымыз туралы ойлар шырмаған шығар.

«Астана» БК бас бапкері Илиас Папатеодору:
– Қарсыласымызды жеңісімен құттықтаймын. Біз өте күрделі ойын болатындығын сезгенбіз, өйткені «Локомотив» – ВТБ лигасындағы ғана емес, Еуропадағы үздік командалардың бірі. Олардың соңғы үш айдағы нәтижелері де адам қызығарлықтай, біз үшін осы залда осындай командамен ойнаудың өзі – үлкен мәртебе. Біз ойынның басым көп бөлігінде өрнекті ойын үлгісін көрсете білдік, қорғаныста жақсы ойнадық, бірақ соңғы бес минутта сәттілік бізден теріс айналды. Біз деңгейі өзімізден жоғары командамен ойнадық, ал шешуші сәтте олар бізден жақсы ойнады. Біз бірнеше үш ұпайлық соққыларды өткізіп алдық, ал өзіміз болсақ, тура осындай мүмкіндіктерді мүлт жібердік. Әйтсе де, мен өз ойыншыларымды мақтан тұтамын, бізге осы бетімізден қайтпау керек, жексенбі күні «Цмоки» клубымен кездесеміз.  
 
«Астана» келесі ойынын тағы да түзде өткізеді. Елорда командасы Минскіге сапар шегіп, 19 ақпан күні ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Беларусь елінің «Цмоки-Минск» баскетбол клубымен кездеседі.

Қарсылас жайлы мәлімет

Құрылған жылы: 1946 Клубтық түстері: жасыл, қызыл
Мемлекет: Ресей Арена: Баскет Холл
Қала: Краснодар Сайт: lokobasket.com

Сипаттамасы

«Локомотив-Кубань» – ресейдің кәсіби ерлер баскетбол клубы, Краснодар қаласынан, 1946 жылы құрылған.

Жетістіктері:
  • Еуропа кубогының жеңімпазы – 2012/2013
  • Ресей кубогының иегегері – 2000, 2018
  • РТЖ халықаралық кубогының жеңімпазы – 2007, 2008
  • Еуропа кубогының финалына шыққан – 2017/2018
  • FIBA кубогының финалына шыққан – 2004/2005
  • EuroChallenge кубогының финалына шыққан – 2010/2011
  • Корач кубогының финалына шыққан – 2001/2002
  • Ресей кубогының финалына шыққан – 2013/2014
  • Еуролиганың қола жүлдегері – 2015/2016
  • ВТБ Бірыңғай лигасының күміс жүлдегері – 2012/2013
  • ВТБ Бірыңғай лигасының қола жүлдегері – 2014/2015
  • Ресей чемпионатының қола жүлдегері – 2000/2001, 2001/2002, 2011/2012, 2014/2015